Өзектi

Ұлы көштің жолында – ұлы елдің ұрпағы

02.06.2015

5567

2015 жылдың 16-21 мамыр аралығында Қазақ хандығының 550 жылдық тойына орай М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің бастамасымен «Ұлы көштің жолымен» атты тарихи-археологиялық экспедиция сапардан оралды. Экспедиция жетекшісі М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың Бірінші проректоры, т.ғ.д., профессор Асқар Абдуалы болды. Экспедицияның құрамына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Археология, этнология және музеология» кафедрасының профессоры, Мадияр Елеуов, осы кафедраның доценті т.ғ.к., Дөкей Талеев, А.Ясауи атындағы Халықаралқ қазақ-түрік университетінің профессоры Сәйден Жолдасбаев және Памуккале университетінің (Түркия) «Археология» мамандығы бойынша Phd докторанты Сырым Есенов болды.

Керей мен Жәнібек хандардың Сыр өңірінен Шу мен Қозыбасы алқабына көшкен жолының Жамбыл облысы арқылы өтетін Саудакент-Қозыбасы бағытының картасын жасау, оған қатысты жер-су аттарын, тарихи-археологиялық орындарын нақтылау, Ұлы көш бойындағы тарихи-археологиялық ескерткіштерге ғылыми сипаттама жасау, жаңа табылған мәдени ескерткіштерді есепке алу экспедицияның басты мақсаты болды.
Экспедицияның зерттеу жұмыстары «Ұлы көштің» Жамбыл облысы арқылы өткен бөлігінде жүргізілді. Сол себептен де экспедиция алдымен Сарысу ауданындағы Саудакент ауылының батыс шетінде орналасқан ортағасырлық Саудакент қаласының орнында болды. Бұл тарихи орын тарих ғылымында Керей мен Жәнібек көшінің Жамбыл облысы жеріндегі алғашқы аялдаған жері ретінде белгілі. Сондықтан, экспедиция мүшелері жергілікті тұрғындармен осы жердің тарихы туралы әңгіме қозғап, тарихи орынға қатысты ел ауызында айтылатын аңыз-әңгімелерге қанықты. Бұл жердегі зерттеу жұмыстары кезінде табылған тарихи жәдігерлер қойылған аудандық мұражай да экспедиция мүшелеріне Саудакент жайлы көп деректер ұсынды. Саудакент сапарына кейін экспедиция Ұлы көш жолымен Мойынқұм даласындағы Ақ кесене мұнарасының бүгінгі жай-күйімен танысып шықты. Мойынқұм даласының «Темірқазығына» баланған Ақ кесененің хандық дәуір тарихындағы алар орны ерекше. Ақ кесенеге аялдаған экспедиция сапары Ұлы көштің бағыты бойынша Қызылбел өткелінде жалғасын тауып, экспедиция құрамында болған тарихшылары көштің Ұланбелге өтуіндегі «алтын көпір» қызметін атқарған орынның тарихы жайлы әңгіме өрбітті.


Экспедиция сапарының негізгі бөлігі Мойынқұм ауданындағы Хан тауында өтті. Себебі, атының өзі айтып тұрғандай хандар қонған киелі орын орта ғасырлардағы Қазақстан тарихынан сыр шерттер тарихи-археологиялық ескерткіштерге бай жер. Мәселен, Хан тауындағы экспедиция сапары басталаған Хан қорасы, Орта хан тағы сынды орындар қазақ хандарының Хантауды жайлап, хандық туын дәл осы қасиет қонған өлкеде тіккендігіне айғақтайтын тарихи жәдігерлер болып табылады. Экспедицияның «Хан қорасындағы» сапар барысында осы тарихи орынға байланысты экспедиция мүшесі тарихшы Сәйден Жолдасбаев жан-жақты түсінік берді. Ал, «Ұлы көштің жолымен» экспедициясын осы «Орта хан тағы» орнына бастап келген Хантау станциясының тұрғыны Халық Төлегенов хан тақтары бар осы таудың өткен ғасырдың ортасына дейін жергілікті халық арасында Қостұма деп аталып кеткендігін және бұл атаудың осы маңынан бастауын алатын қос бұлаққа (Қызылқайнар және Түгелбай) байланысты қойылғандығын тілге тиек етті. Дәл осы Халық Төлегенов қарттың жол бастауымен Хантауының жоталарын аралаған экспедиция түс ауа «Керей ханның қыстауын» тапты. Бұған дейін орта ғасырлардағы тарихта «Керей қыстауының» Хан тауында екендігі туралы айтылып жүргенімен ол қыстаудың орналасқан жері жайлы толық мәлімет жоқ еді. Осы экспедиция сапарының жемісті жұмысының көрінісі дәл осы «Керей хан қыстауы орнының табылуында болып отыр.

Сонымен, қазақтың алғашқы хандары­ның Хан тауын қыстағандығын тайға таңба басқандай етіп дәлелдеп берген «Керей ханның қыстауы» орта ғасырлардағы Қазақстан тарихын аса құнды дерекпен толықтырды. Ал қыстаудың Керей ханның қыстауы екендігіне ол орналасқан жердің «Керейдің сайы» немесе «Керейдің шатқалы» деп аталатындығы дәлел бола алады.

Керей шатқалынан ашылған «Керей­дің қыстауы» жер жағдайына қарай қорғанысқа ыңғайлы жерде орналасқан. Оны сырттай қоршап жатқан тастан қаланған қабырғаның қалыңдығы 2 метр. Қыстаудың орнында көлемдері әр түрлі аумақтағы 7-8 бөлме және шыға берістегі қақпамен жалғасып жатқан алаң сақталған. Бөлмелердің тастан қаланған қабырғалары әр түрлі биіктікте сақталған.
«Керей қыстауынан» кейінгі экспедиция Қозыбасы тауына қарай аялдады. Керей мен Жәнібектің жайлауы болған Қозыбасы тарихта қазақ хандарының алғашқы хандық туын тіккен өңір ретінде мәлім. Бұл өлке жайында Шу мен Талас өңірлерін ұзақ жылдардан бері зерттеп келе жатқан профессор М.Елеуов М.Х.Дулатидың еңбегінде аты аталған тарихи Қозыбасы дәл осы жер деген пікір айтты. Сонымен бірге, жергілікті өлкетанушы Жапар Сатылғанов та ғылымда Шу мен Қозыбасқа қатысты төрт бірдей топонимикалық атаудың қолданып жүргендігін айта келе, Мойынқұмдағы Қозыбасқа қатысты профессор М.Елеутің пікірін қуаттады.
Төрт тәулікке созылған экспедиция жұмысы Мойынқұм ауданының орталығы Мойынқұм, Көкжелек ауылдарына жақын маңдағы Тұлпарсаз, ортағасырлық Қойшыман Шәрі қалаларының орынында аяқталды.
«Керей қыстауын» тауып, сол кезеңдердегі бірнеше тарихи нысандар да болып, орта ғасырлық Қазақстан тарихына қатысты мол дерек жинап қайтқан экспедицияның жемісті жұмысы «Ұлы көштің жолымен» атты деректі фильмде көрініс тауып, бұл фильм 2015 жыл мамыр айының 29-30 күндері М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Қазақ хандығы мыңжылдықтар тоғысында: тарихи сабақтастық және қазіргі кезең» тақырыбында өткен Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы да көрермен қауымға жол тартты.

Дереккөзі: tarsu.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар