Ғылыми жаңалықтар

Қазақтар мен норвегиялықтардың гендiк туыстығы анықталды

20.03.2015

4996

2015 жылдың сәуiрiнде өтетiн Қазақ географиялық қоғамының Жердiң Солтүстiк Полюсiне алғашқы қазақстандық шаңғы экспедициясы барысында норвегтер мен қазақтардың туыстық байланыстарын зерттемек. Бұл туралы бүгiн елордада экспедицияның ғылыми мүшесi, Shejire DNA жобасының басшысы Нұрлан Баймұханов мәлiм еттi.
«Сапар барысында Норвегияның континентальдi бөлiгiндегi халқы мен Шпицберген аралының тұрғындарының генетикалық үлгiлерi алынады. Сонымен қатар Норвегия халқының түп-тамыры зерттелiп, олардың өзге ұлттармен, соның iшiнде қазақтармен байланысы анықталады. Жақында ғана Қазақстанға келiп-кеткен норвегиялық ғалымдармен бiрге өздерiнiң арғы бабаларын және генеологиялық тамырын жетiк бiлетiн норвегиялық азаматтардан ген үлгiлерi алынады. Кейiн олар зертханаға жолданып, зерттеудiң қорытындыларын шығару жұмыстары атқарылады», - деп атап өттi ол.

Оның айтуынша, түрлi заманауи ғылыми әдiстер арқылы норвегиялықтардың қанындағы өзге ұлттармен туыстығы тексерiледi және бұл мәлiметтер тарихи дереккөздермен сәйкестiгi тексерiледi. Экспедиция қорытындысы бойынша, әлемнiң танымал басылымдарында «Еуразияның көшi-қон процестерi» тақырыбымен ғылыми жұмыс басылады.

«Бұның алдында жасалған ғылыми зерттеу барысында жүздеген қазақтардың гендерiне анықтама берiлдi. Онда, бiр қызығы, қазақтардың скандинавтармен туыстығы анықталды. Нұрсұлтан Назарбаев атқаны бар, «Бiз азиат та, еуропалық та емеспiз, бiз - еуразиялықтармыз» деп. Бұл - шындық. Қазақта 53-55 пайызға шығыс Азия мен Сiбiр халықтарының гендерi, 27-30 пайызы - еуропалық гендер, соның iшiнде скандинав қаны бар. Мысалы, бiздiң зерттеуге қатысқан таза қазақтан 23 пайыз скандинавиялық гендер анықталды. Норвегиялықтарды зерттеу арқылы бiз олардың қазақтармен қандай сегменттерi байланысып жатқанын анықтай аламыз», - деп түйдi сөзiн ол.

Айта кетейiк, шаңғы экспедициясы Барнеодан - Солтүстiк Полюске дейiн болады деп жоспарлануда. Топ 31 наурызға дейiн қызу дайындық жасап, Алматыдан Мәскеуге, Мәскеуден - Норвегияның Осло қаласына, одан әрi Лонгийрге аттанады. 3 сәуiрге дейiн саяхаттаушылар экспедицияның дайындығын сынап, базалық лагерде жаттығып, шатыр құрып, жабдық саймандарды тексередi. Ал 4 сәуiрде Лонгийрден Барнео мұзды аэродромына ұшып барып, сол жерден Солтүстiк Полюске дейiнгi шаңғы экспедициясын бастайды.

Барнеодан Полюске дейiн арақашықтық шамамен 200 шақырымды құрайды. Сапар 7-12 күнге дейiн созылады деп межеленуде. Жол барысында экспедиция қатысушылары мұздың жарылған жерлерiмен, мұз шоғырларынан, ал мұздақтардың арасымен өткенде арнайы киiммен жне экспедициялық поляр шаналарымен жүзiп өтпек.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар