Өзектi

«Болашақ» бағдарламасы бойынша қысқарту жоспарланып отырған жоқ - Білім және ғылым министрі

13.02.2015

5832

Қазақстанда «Болашақ» бағдарламасы бойынша қысқарту жоспарланып отырған жоқ. Бұл туралы бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігінің алқа мәжілісі алдындағы брифингте аталған ведомствоның басшысы Аслан Сәрінжіпов мәлім етті.
«Болашақ» бағдарламасын қысқартуға болмайды. Бізде наурызда республикалық комиссияның отырысы өтеді және онда болашақтықтардың жаңа толқынын қарастырамыз. Конкурстар жүріп жатыр, барлық жүйе сақталады. Ең қиын жылдардың өзінде «Болашақ» бағдарламасы дамып, жұмыс істеген болатын», -деді министр.

Осы орайда ол бүгінде бас білім беру ведомствосында аталған бағдарламаның жаңа бюджеті қарастырылып жатқандығын, оның аясында қаржыны үнемдеудің кейбір тетіктерін енгізу жоспарланып отырғандығын жеткізді.

«Қазіргі кезде жаңа бюджет қаралуда. Біз мақсатты даярлық бойынша ұсыныстар енгізудеміз, яғни, нақты кәсіпорындар үшін. Сонымен бірге тағылымдама бағдарламасы аясында тіл даярлығын Қазақстанда жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырудамыз. Бұл өз кезегінде 1-2 млрд. теңгені үнемдеуге ықпал етеді. Атап айтқанда, «Болашақ» бағдарламасының қатысушылары тіл даярлығын елімізде өтетін болады. Ол үшін біз халықаралық әріптестермен арнайы орталықты ашамыз. Бұл шаралар қаржы үнемдеуге мүмкіндік береді»,-деді министр.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар