Қазақта «таумен сырластым, таспен тілдестім, шөппен сөйлестім» деген адамға «соқ өтірікті» дей алмайсың. Себебі, бұл ұлттың байырғы аңыздарын бір шолып шықсаң, елдің қара тасы да, сылдырай аққан суы да, көн топырағы да ебін тапқан кісіге тіл қатқанын жыр ғып айтып бере алады. Қазақ даласының жер қойнауындағы үнге құлақ қойып, оның сазын, жырын тыңдай алу бақыты маңдайына жазылған Шахмардан Есенұлының бұл ғылым саласы бойынша қалдырған ұшан-теңіз мұрасы осындайда еске түседі.
Геология ғылымының адамзатқа сіңірген еңбегі өлшеусіз екені әмбеге аян. Бұл ғылымның да, осы ғылым саласында тер төккен қазақ ғалымдарының да ұлтқа, ғылыми үрдістің алға жылжуына қосқан үлесін, тіпті, санамалап тауыса алмайсыз.
Әсіресе, қазақ геологы, пайдалы қазбалар саласының маманы, қоғам және мемлекет қайраткері, геология-минералогия ғылымының докторы, профессор, ҚазКСР ҒА-ның академигі Шахмардан Есенұлының есімін қалың қазағы еш ұмыта қоймас.
Шахмардан Есенұлының қазақ ғылымына бүтіндей, оның ішінде геология ғылымына жекелей қосқан үлесі, ел мен жердің біртұтастығын сақтаудағы еңбегі, ұлт руханиятының гүлденуі үшін төккен тері, ауызекі сөзбен санамалап тауыса алмас қайраткерлік жолы - бүгінгі ұрпақ үшін өнегеліктің анық сипаты болар мінездің негізгі қыры іспетті.
Ш.Есенұлы дегенде оның геологиялық қызмет пен ғылыми және инженерлік ұлттық кадрларды дайындаған еңбегін ерекше айтпақ керек. «Мен президент кезімде ұлт кадрларынан академиктер қатарын толықтыруға тырыстым. Корреспондент-мүшелер саны көбейді. Маған тым ұлтшылсың деген кінә тағылды. Соған қарамастан қазақтың жас әрі білімді жігіттерін көп тарттым»,
- дейді ғалым өз сөзінде. 100-ден аса ғылыми еңбектің авторы, Қазақстан геология ғылымын, оның маңызды саласының бірі - металлогенияны дамытуға қосқан үлесі, 1965 жылы жарық көрген, Қазақстанның кеңейтілген масштабты геология картасын жасаған еңбегі - Шахмардан Есенұлының ғалымдығы жөнінде айтқан аз ғана сөз.
Шахмардан Есенұлының ұстазы қазақтың тағы бір ерек туған ұлы - Қаныш Сәтпаев болғаны көпшілікке аян. Қаныш Сәтпаевтің жетекшілігімен Шахмардан Есенұлы Жезқазғанда он бір жылдан аса уақыт қызмет етеді. Қатардағы барлаушыдан экспедицияның бас инженері қызметіне дейін жоғарылаған ғалым Жезқазғанның жер асты байлығын есептеп, 1950-ші жылдары 1940 жылмен салыстырғанда мыстың қоры бес еседей жоғары екенін дәлелдеп берді.
Жезқазған өңіріндегі халықты осы күні де таза ауыз суымен қамтамасыз етіп отырған Жанай және Айдос жерасты су қорларының қазақтың біртуар ұлы Шахмардан Есенұлы басшылық жасаған экспидицияның ашқаны көзіқарақты жұрттың есінде.
Маңғыстаудың оңтүстігіндегі аса мол мұнайлы газдың қоры - Жетібай, Өзен сияқты мұнай көзін ашуға қатысқаны үшін Шахмардан Есенұлы бір топ ғалымдармен бірге Лениндік сыйлықтың лауреаты атанады.
Геология саласының маманы бола тұра, ұлт руханиятына қосқан үлес-салмағы да аз емес: профессор Досмұхаммед Кішібеков Ш.Есеновтің Ғылым академиясындағы Философия және құқық институтының жанынан арнаулы фарабитану бөлімін ашқанын айтады. Нәтижесінде арабша, ағылшынша және өзге тілдерді еркін меңгерген, білімді, жас ғалымдар топтасқан бөлім әл-Фараби еңбектерін тауып, қазақшаға, орысшаға тәржімалап, ұлы бабамызды туған халқымен қайта табыстырады.
Шахмардан Есенұлының есімін қай күндері де еске алуға тұрарлық азамат екенін айрықша атап көрсеткіміз келеді. Әсіресе, небары 33 жасында министр атанған, сонысымен КСРО аумағындағы ең жас басшы болған, жастығына қарамай, ердің ері атқарар міндетті мүлтіксіз орындаған Шахмардан Есенұлы есімін еске алып өткеннің еш артығы жоқ.
Қарагөз СІМӘДІЛ.
Дереккөзі: http://www.inform.kz