Өзектi

Америкалық ғалымның Нобель медалі 4,8 млн долларға сатылды

05.12.2014

5353

ДНҚ құрылымын алғаш ашқандардың бірі, америкалық ғалым Джеймс Уотсонның Нобель медалі кеше Нью-Йорктегі Christie's аукцион үйінде 4,8 млн долларға сатылды. Осылайша ол бәссаудада сатылған ең қымбат Нобель марапаты болды, деп хабарлайды ТАСС.
Әзірге медальдің жаңа иесінің аты-жөні жұртшылыққа жария етілмей отыр. Тек сатып алушының сауда-саттыққа телефон арқылы қатысқаны белгілі болды. О баста Christie's бәссауда үйі медальді сатудан 2,5-3,5 млн доллар түседі деп болжаған.

Аукцион залында 86 жастағы Уотсонның өзі де болды. Оның айтуынша, медальді сатудан түскен қаржының басым бөлігі ғылыми зерттеулерді қолдауға бағытталмақ. Атап айтсақ, бәссаудадан түскен ақша Чикаго, Индиана штатының Университеті мен Кембридж университетіне аударылады. Америкалық ғалымның таңдауына бұл жоғары оқу орындары тегіннен-тегін түсіп отырған жоқ. Кезінде Нобель сыйлығының иегері осы білім ордаларында тәлім алып, ұзақ жылдар еңбек еткен екен.

1953 жылы Уотсон Кембридж университетіндегі әріптесі Фрэнсис Крикпен бірлесіп адам туралы барлық генетикалық ақпаратты сақтайтын ДНҚ молекуласының құрылымын тапты. Ал 1962 жылы Уотсон, Крик және зертхана басшысы Морис Уилкинске ашқан жаңалықтары үшін физиология мен медицинадан Нобель сыйлығы табысталды.

Дереккөзі: bnews.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар