Қазақстандық ғалымдар 2014 жылы «Технологияларды коммерцияландыру» жобасы шеңберінде 1 миллиард 460 миллион теңге сомасына гранттар иеленді. Бұл туралы Технологияларды коммерцияландыру орталығының баспасөз қызметінен хабарланды.
Еске сала кетейік, 2014 жылдың 16 қыркүйегінен бастап Дүниежүзілік банктің қолдауымен «Технологияларды коммерцияландыру» жобасы гранттық бағдарламасының ІІ-ші кезеңі аясында ғылыми-техникалық қызметтің үздік жобаларына байқау өткізген болатын. Грант комиссиясы Қазақстаннның барлық аймақтарынан келіп түскен 200-ден аса өтінімнің ішіндегі ең қызықты деген 57 жобаны кезекті іріктеуге өткізді. Грант комиссиясының құрамына ҚР Білім және ғылым министрлігінің, даму институттарының, Технологияларды коммерцияландыру орталығының өкілдері және «CRDF Global» компаниясының халықаралық сарапшылары кірді.
«Ұсынылған технологиялардың деңгейі өте жоғары болды. Әрине, оларды іріктеу қиынға соқты, алайда инновациялығына және коммерцияландыру деңгейіне қойылған талаптарға жауап берген технологиялар ғана іріктеп алынды», – дейді «CRDF Global» Азаматтық зерттеулер және дамыту американдық қорының басты сарапшысы Эрик Азулэй. Сарапшылардың сөзіне қарағанда, гранттарға көбінесе Алматы және Астана қалаларында, сондай-ақ, Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан белсенділік байқалды.
«Технологияларды коммерцияландырудың тәжірибесі бүгінгі күні қазақстандық зерттеушілердің нарықта сұранысқа ие технологияларды жасап шығаруға қабілетті екенін көрсетіп отыр», – деді «Технологияларды коммерцияландыру орталығы» ЖШС бас директоры Дамир Егізбаев.
Байқауда бір орынға 22 өтінім таласты. Ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар, энергетика және машина жасау, сондай-ақ, табиғи қорларды дұрыс пайдалану, шикізат пен өнімді қайта өңдеу саласындағы бірегей жобалар жеңді.
Еске сала кетейік, «Технологияларды коммерцияландыру» жобасы гранттық бағдарламасының І-ші кезеңінің нәтижесі бойынша жалпы сомасы 20 млрд. теңгеден асатын 526 өтінім келіп түсіп, олардың ішінде 710 млн. теңге сомасындағы 16 жобаға қолдау жасалған. Ал екінші кезеңде, жалпы сомасы 750 млн. теңгені құрайтын гранттарды алған ғылыми жобалардың 17 жеңімпазы анықталды. Гранттар келесі екі бағыт бойынша бөлінді: жүзеге асырылуы 6 айға дейінгі мерзімге 22 млн. теңгеге дейінгі қаржыны алған «Тұжырымдаманың негіздемесі» бағыты және жүзеге асырылуы 2015 жылға дейінгі мерзімге 74 млн. теңгеге дейінгі сомаға «Өнеркәсіптік прототипті құру» бағыты.
Осылайша, тұтастай алғанда 2014 жылы екі кезеңде жалпы есеппен 1 миллиард 460 миллион теңгеге 33 жобаға қолдау көрсетілді.
Дереккөзі: today.kz