Өзектi

Б.Сапарбаев: 2017 жылы дуальды жүйемен білім беретін колледждер санын 50 пайызға жеткізу қажет

28.11.2014

5640

2017 жылы дуальды жүйемен білім беретін колледждер санын 50 пайызға жеткізу қажет. Бұл туралы бүгін «Кәсіптік білім және бизнес: әріптестер сұхбаттастығы» атты 6-шы халықаралық форумда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев айтты.
--«Ең бастысы қазіргі уақытта біз экономикамызға қажетті, бірінші кезекте жұмыс берушілердің талабына сай келетін кадрларды дайындауымыз қажет», - деді ол.

Осы орайда вице-премьер Білім және ғылым министрлігі мен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне таяу аралықтың ішінде мамандықтарға байланысты кадр қажеттілігін анықтауды жүктеді.

«Біз «Самұрық-Қазына», «Қазақстан темір жолы», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазмырыш», «Қазақмыс», «Павлодар химия зауыты» сынды ірі ұлттық компаниялармен бірлесіп жұмыс істеудеміз. Бірақ олардың қатары көп емес. Сондықтан да министрлік Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, кадрларды дайындауға қатысты басқа да кәсіпорындармен жұмысты жандандыруы тиіс», - деді Б.Сапарбаев.

Сондай-ақ, Премьер-Министрдің орынбасары Үкімет пен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы білім берудің дуальды жүйесінің жол картасын дайындағанын еске салды.

«Министрлік пен басқа да мемлекеттік органдарға 2017 жылға дейін осы жүйемен жұмыс істейтін колледждердің санын 50 пайызға дейін жеткізу міндеті жүктелді. Бүгінде бұл жүйемен 280 колледж жұмыс істейді. Бұл біздің республикадағы барлық колледждер санының шамамен 34 пайызын құрайды», - деді ол.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар