Өзектi

Қазақстандық жас ғалым Мәскеуден жеңіспен оралды

24.11.2014

6467

Жақында Ресей астанасы Мәскеуде Д.И.Менделеевтің 180 жылдығына арналған жас ғалымдар конкурсы болып өтті. Конкурсқа Қазақстаннан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторанты Мөлдір Әуелханқызы қатысып, бірінші орынды жеңіп алды.

«Жас ғалымдар жобасының конкурсы 2007 жылдан бастап өткізіліп жүр. Бұл жобаны жүзеге асыру Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия қоғамының президенті, академик Павел Саркисовтың идеясы болып табылады. Бірінші конкурс «Химия-2007» химия өнеркәсібінің халықаралық көрмесі аясында өткізілді. Содан бері әр жыл сайын қоғам Ресейдің және ТМД елдерінің химия-технологиялық және техникалық институттарының жас ғалымдарын жинайды.

Конкурсқа химия, химиялық технология, мұнай химиясы, биотехнология салаларындағы жастардың (ғылыми дәрежелері жоқ, жасы 30-ға дейінгі) жұмыстары қабылданады. Әр ұйым 5 жобаға дейін ұсынуға құқылы. Конкурс жарияланғаннан кейін әр жас ғалым өз жұмыстарын сараптау комиссиясына жібереді. Эксперттік комиссия жобаларды алдын ала қарайды. Финалға өткен жас ғалымдар жұмыстарын баяндама-тұсаукесер арқылы таныстырады. Бағалау өлшемдері: тақырыптың өзектілігі, жұмыстың зерттелу деңгейі, химиялық кәсіпорын және кешендер үшін практикалық қызығушылығы, таныстыру рәсімі, тұсаукесердің көркемделуі, сұрақтарға жауап беруі болып табылады.

Конкурстың ұйымдастыру комитетіне 24 ұйымнан, соның ішінде Беларусь мемлекеттік технологиялық университеті, Волгоград мемлекеттік технологиялық университеті, Иванов мемлекеттік химиялық-технологиялық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, т.б. бірқатар мекемелерден жобалар түскен.

Сараптама комиссиясы жобаларды алдын ала қарастырып, жүлдегерлерді анықтаған. Олар 21 жас ғалым екен.

VIII Жас ғалымдар жобасының конкурсы «Химия-2007» химиялық өнеркәсібінің және ғылымның халықаралық көрмесі осы жылғы 23 қазанда Ресейдің Мәскеу қаласында өткен. Әрбір қатысушы 10 минуттық баяндама жасап, содан кейін қойылған сұрақтарға жауап берген. Қазылар қатысушыларды 10 балдық өлшеммен бағалаған. М.Әуелханқызы барлық қойылған сұрақтарға толық жауап беріп, бірінші орынға ие болды», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар