Өзектi

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы-драматург Әнес Сараймен кездесу

19.11.2014

7058

Университетте Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған танымдық бағыттағы ісшаралар жалғасуда. Осы орайда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, танымал жазушы-драматург Әнес Сараймен оқытушылар мен студенттердің кездесуі өтті. Негізгі әңгіме өзегі - ұлт азаттығы, тарихи-мәдени және рухани құндылықтар, тарихи сананың тәуелсіздікті нық ұстап тұрудағы орны, жазушының шығармаларындағы азаттық тақырыбы мен Исатай, Махамбет батырлардың роліне арналды.
«Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр»,- деп сөз бастаған тарихшы Аққали Ахмет Исатай мен Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтеріліс туралы дереккөздерінің мұрағаттарда сақталуы, оларды зерттеу ісінің жалғастыруға ұсыныс тастады.
Жазушы "Махамбеттану" ғылымындағы атақты жырау Ығылман Шөрековтің, Халел Досмұхамедовтың осы салаға қосқан зор үлесіне тоқталып, олардың еңбегіне айрықша баға берді.
Сонымен бірге жазушы осы оқу орнында 1956 жылы физика-математика факультетінде оқып, еркін күрестен облыс чемпионы болғанын да сөз барысында атап өтті. Өзінің қазақтың біртуар дарындары Фариза Оңғарсынова, Әмин Тұяқовтармен бірге оқыған жастық шағын еске алды.
Әнес Сарай "Атырау" дилогиясы мен "Еділ-Жайық" трилогиясының өмірге келуі, Исатай мен Махамбет батырлардың өмірі жайындағы зерттеу жұмыстарының жазылуындағы ерекшеліктерге тоқталды. Әсіресе, Исатай мен Махамбет батырлар, олардың образдарын сомдаудағы ізденістері, ұрпақтарымен кездесуі жайындағы естеліктері де қатысушыларға әсер етті.
Студенттер жазушының "Еділ-Жайық" романы мен "Қобызшы" әңгімесі, Махамбет тұлғасы бойынша сауалдарына қызықты мәліметтерден тұратын жауаптар алды. 1836-1838 жылдардағы азаттық көтерілісінің зерттелуіндегі Х.Досмұхамедовтің ролі туралы айрықша пікірі де қатысушылардың қолдауына ие болды.
Жастарға "көркем әдебиет жүрекке жетеді, тарихи әдебиеттен ми толысады" деген пікірлерін айта келе, студенттерді кітап оқуға шақырды.
Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 3 курс студенті, халықаралық Гейдар Әлиев атындағы шәкіртақы иегері Бөбек Қабдырашева өзінің "Махамбет бабаға" арнауын мәнерлеп оқыды.
Кездесуге Исатай Тайманұлының бесінші ұрпағы Ғазиз Шахимов пен жетінші ұрпағы Рафаэль Салауатов, Қазақстан жазушылар одағының облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев қатысты. Оқырмандарымен, әсіресе жастармен ашық әңгіме, пікір алмасу түрінде өткен әсерлі кездесу көпшіліктің көңілінен шықты. Кеш соңында университет ғылыми кеңесі шешімімен Әнес Төлендіұлына Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры атағы берілді.
Ғылыми кітапхана ұйымдастырған«Ту тіккен тұлғалар» аталатын қазақ мемлекеттілігінің нығаюына қызмет еткен тарихи тұлғалар жайындағы кітап көрмесі де танымдық мазмұнымен ерекшеленді.
Тарихтың тұғырлы жазушысы Әнес Төлендіұлы кеш барысында студенттерді рухани байлықпен сусындатып, қолтанбасы қойылған кітаптарын оқу орны кітапханасына табыс етіп, студенттермен естелікке суретке түсті.

Дереккөзі: atgu.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар