Өзектi

Студенттер арасындағы Халықаралық бизнес-жобалар сайысының нәтижелері Enactus World Cup 2014

19.11.2014

7011

Пекинде ENACTUS бағдарламасы аясындағы әлемдік сайыстар аяқталды. Бұл дүниежүзінің 36 елінің студенттерінің басын қосатын халықаралық студенттер қозғалысы үшін елеулі оқиға болды. Бұл жолы Қазақстан мүддесін Қазақ Ұлттық Аграрлық университеті қорғады. Біздің студенттер АҚШ, Франция, Бразилия, Жапон, Гана, Тунис, Сингапур сияқты елдерді артқа тастап, өз Лигасында жүлделі 3 орынды иеленді.

Enactus World Cup-2014 бағдарламасы аясындағы қойылымдар алуан түрлі әсерлі оқиғаларға толы болды: айналасы ат шаптырым дейтіндей кең залда өткен мәдени жәрмеңке көрсетілімінде ұлттық костюм киінген командалар ән салып, би биледі, музыкалық халық аспаптарында ойнады, барлық қатысушыларға тәтті тағамдар ұсынып, өз елдерінің салт-дәстүрлерін, каллиграфиялық өнерін, ұлттық спорт түрлері мен ойындарын көрсетті.

Сайыстың Қытай Халықтық шетелдермен достық ассоциациясы ұйымдастырған «Менің арманым, біздің арманымыз» атты ашылу рәсімінде белгілі бизнес және мәдениет өкілдері сөз сөйлеп, музыкалық қойылымдар көрсетілді. Сайыстың ашылу салтанаты қатысушы командалардың дәстүрлі шеруімен аяқталды

Жарыс кезеңдері студенттер мен бизнес-жетекшілері бір-бірімен араласып, бірге жұмыс жасауларына, бір-бірінен үйренулеріне мүмкіндік жасайтын "Top to Future Top" - «дөңгелек үстел басында» сессиясы, оқытушы-профессорлар құрамы мен команда эдвайзерлерінің белгілі бір мәселелерді талқылап, оны шешу жолдарын қарастыруға, өзара тәжірибе алмасуларына мүмкіндік тудыратын "Best Practice" сессиясы сияқты интерактивті іс-шаралармен алмастырылып отырды. Бірінші айналымда қатысушы командалар 8 лига бойынша сайысқа түсті. Тартысты өткен бұл сайыстан тек 16 команда ғана жартылай финалға шықты. Ақтық сынға түскен 4 командадан Қытай командасы (North China Electric Power University) жарыс жеңімпазы атанды. Екінші орынды Марокко (Mohammadia School of Engineers), үшінші орынды Пуэрто Рико (University of Puerto Rico, Mayagüez), төртінші орынды Ирландия командасы (University College Dublin) иеленді.

Биылғы жылы еліміздің атынан осы әлемдік сайысқа қатысқан Қазақ Ұлттық Аграрлық Университеті АҚШ, Франция, Бразилия, Жапония, Гана, Тунис, Сингапур командаларын артқа тастап, өз лигасы ішінде жүлделі үшінші орынды иеленді. Бұл жетістік команда мүшелерінің қажырлы еңбегі мен Enactus Ұлттық офисі, ҚР БҒМ, ҚазҰАУ және Enactus Қазақстан директорлар Кеңесінің бірлесе отырып жүргізген белсенді жұмыстарының жемісі.

Дереккөзі: edu.gov.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар