Өзектi

Ғалымдар қатерлі ісікке қарсы дәрі ойлап тапты

05.11.2014

5659

Ұлыбританияда Лидс қаласындағы университет ғалымдары сүт безі қатерлі ісігімен күресуге қауқарлы дәрі ойлап тапты. Олар дәрінің өзегін Spongіa немесе Porіfera деп аталатын көпжасушалы теңіз губкаларынан алған. Оның құрамында бар эрибулин адам өліміне себепкер болып жататын метастазалардың таралуын тежейтін көрінеді.
Ливерпульде өткен Қатерлі ісікті зерттеу ұлттық институтының конференциясы барысында ғалымдар обырмен күрес саласында жүргізген зерттеулерінің нәтижесімен таныстырды. Олар асқынған қатерлі ісікпен күресуге шамасы жететін жаңа эрибулин препаратын синтездеп шығарған, деп жазады MNT басылымы.

Зерттеу тобын Лидс Университетінің профессоры Крис Твелвсом басқарды. Жаңа дәрінің ісік пен метастазаға әсерін тексеру үшін жүргізілген зерттеуге дерті асқынған 1800-нен аса әйел қатысқан. Препарат обыр жасушаларының екіге бөлінуін тоқтатып, сол арқылы қатерлі дерттің басқа ағзаларға таралуының алдын алды.

Әзірге, препарат дертті толық жеңбесе де, науқастардың өмірін ұзартуға үлкен мүмкіндік беріп отыр – осының өзі аурудан толық айықтыратын дәрі ойлап табуда жасалып отырған үлкен қадам деп санайды дәрігерлер. Осы дәріні қабылдаған әйелдердің өмірі орта есеппен екі айға артып отырған. Бойынан залалды қатерлі ісік анықталған әйелдердің кейбірі дәрінің арқасында бес айға артық өмір сүріпті.

Дәрігерлер осы қосымша уақытты дәстүрлі әдіспен ем жүргізуге пайдалануға болады деп отыр. Себебі, дертті жеңуде көп жағдайда уақыт тапшылығы кедергі болып жатады деген пікірімен бөлісті Ұлыбританиядағы Қатерлі ісікті зерттеу ақпараттық орталығының басшысы Мартин Ледвик.

«Бұл нәтижелер қатерлі ісігі дәстүрлі емдеу әдісіне дес бермей, аз уақыты қалған науқастар үшін үміт сыйлап, қосымша уақыт ұтуға мүмкіндік береді. Сүт безінің залалды қатерлі ісігін емдеу өте қиын. Сондықтан бұл зерттеу осы мәселені жеңуде үлкен мүмкіндік береді», - деп қосты ол.

Соңғы жүргізілген зерттеулер нәтижесі обырға шалдыққан адамдар өлімінің 90%-ы метастазалардың тез таралып, өзге ағзаларға шауып кетуінен болатынын көрсетті. Егер дерт метастазалар тарап кеткеннен кейін ғана анықталса, кейінгі он жылда аман қалу мүмкіндігіне кепіл жоқ.

Дереккөзі: bnews.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар