Өзектi

Қазақстанда логистика мамандығын дамыту үшін оған дуалды оқыту жүйесінің элементтерін енгізу қажет - маман пікірі

03.11.2014

5925

Қазақстанда логистика мамандығын дамыту үшін оған дуалды оқыту жүйесінің элементтерін енгізу қажет. Бұл туралы 31 қазанда Алматыда өткен Қазақстанның «KAZLOGISTICS» көлік қызметкерлері Одағы жанындағы ғылыми-зерттеу, білім беру және инновациялық қызмет бойынша Үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы барысында Алматы Менеджмент университетінің кафедра меңгерушісі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Әсел Өскелеңова мәлімдеді.

«Қазіргі таңда жоғары оқу орындарының оқу үдерісіне дуалды оқыту жүйесінің толық болмаса да қажетті элементтерін енгізу қажет. Яғни, бұл - білімді тәжірибемен ұштастыру. Қазір барлық дерлік жоғары оқу орындары біртіндеп модульды оқыту бағдарламасына көшіп жатыр. Сондықтан логистика мамандығын дамытуға дауалды оқыту жүйесін енгізу - заман талабы деп санаймын», - деді Ә. Өскелеңова.

Әсел Талапқызының айтуынша, логистика мамандығы бүгінгі таңда әлем бойынша ең жоғары табысты және ең жоғары сұранысқа ие он мамандықтың қатарына еніп отыр. Яғни, ол - болашақтың мамандығы. Дегенмен, «Елімізде осы мамандық бойынша қабылданған мемлекеттік білім стандарттарында сәйкессіздіктер орын алған», - дейді ғалым.

«Мысалы, логистика мамандығы бойынша оқу практикасы бірінші семестрде қарастырылған. Ал логистика негіздері бойынша дәрістер үшінші семестрден бастап жүргізіле бастайды. Сондықтан практиканы кейінгі семестрлерге қалдырып, Логистика негіздерін екінші семестрге көшіруге болады. Сонда студенттер практикаға теориялық білімдерімен барар еді. Біз қазір осыған байланысты Білім және ғылым министрлігіне тиісті хат әзірлеп жатырмыз», - деді Әсел Өскелеңова.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар