Өзектi

Қазақ технология және бизнес университеті «Студенттер қатарына қабылдау» рәсімін өткізді

03.11.2014

6233

1 қараша күні «Жастар» сарайында Қазақ технология және бизнес университеті І курс студенттерін «Студенттер қатарына қабылдау» рәсімін салтанатпен атап өтті.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан мерекелік кештің шымылдығы Қазақ технология және бизнес университетінің проректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Есенбай Әлпейісовтің құттықтау сөзімен ашылды.

Осы білім ордасына оқуға түсіп, болашақта елдің еңселі өркендеуіне өз үлестерін қосуға бел байлаған талапты жастарға университет проректоры ақ тілегін ағытып, келешектерінің жарқын, үйренулерінің жемісті болуын шын жүректен тіледі.

«Қазақ технология және бизнес университеті - Қазақстанның солтүстік өңірі үшін азық-түлiк, жеңiл және мұнай-химия өнеркәсiп салалары бойынша бәсекеге қабілетті кадрларды әзiрлеуге маманданған жоғары оқу орындарының бiрi. Университеттiң ұжымы ғылыми зерттеу, тәрбиелiк жұмыс жүргізу әрі білім беру процессінде инновациялық технологияларды қолдану және материалдық-техникалық базаны тиiмдi пайдалану арқылы сапалы білім беруге ұмтылып келеді. Біздің университет келер жылдан бастап жаңа кампуста оқуды бастайды. Онда студенттердің жайлы ортада, кемел білім алуларына барлық жағдай қарайластырылған. Талапты жастар, сіздердің оқу ордамыздың студенттері қатарына қабылдануларыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Осында алған білімдеріңізді болашақта Отанға, елге қызмет жасауға жаратыңыздар. Студенттік өмірлеріңіз қызықты да мәнді өтуіне тілектестік білдірем», - деп атап өтті Есенбай Әлпейісов.

Осыдан кейін мерекелік іс-шара аясында студенттік қатарға жаңа қабылданған жастарға студенттік билеттер салтанатты түрде тапсырылды. Думанды кештің көрермендеріне «Жайдарман» топтарының жарасымды әзілі мен өнерлі жастардың ән-күйі көтеріңкі көңіл күй сыйлай білді. Ал аталмыш оқу орнының «Жеңіл өнеркәсіп технологиясы және дизайн кафедрасы» дайындаған ерекше стильдегі киім топтамалары көпшіліктің назарын ерксіз өздеріне аударды. Солардың ішіндегі «Тұмар ханым» коллекциясы нағыз шебер қолдың туындысы екенін әйгілеп тұрды. Ал бұлардан басқа бүгін саханаға шығарылмаған «Ай ару», «Ақбата» киім топтамалары да көптеген ортада жақсы бағасын алып жүр екен.

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар