Қазақстандық студенттер геологиялық қималарды модельдеудің заманауи әдістерін меңгеру мүмкіндігіне ие болды
Бүгін Алматыда Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің базасында Тау-кен - геологиялық 3D моделдеу мен 5D жоспарлау және Пайдалы қазба кен орындарын электромагниттік әдістермен іздеу және барлау орталықтары ашылды.
Бұл екі Қазақстан-Канада орталықтарында Канаданың Datamine (CAE Mining) и PHOENIX Geophisics Ltd компанияларының бағдарламалық өнімдері орнатылатын болады.
«Әлемнің жетекші компанияларымен келісімдер жасау және тау-кен геология саласының болашақ мамандарын замануи жүйеде оқыту - университетіміздің маңызды мүдделерінің бірі. Бұдан былай, студенттер, магистранттар және әсіресе докторанттар әлемдік өнеркәсіптік стандарттарға сай келетін бағдарламалық жасақтамалар арқылы геологиялық қималарды моделдеудің, геологиялық-геофизикалық деректерді өңдеудің қазіргі заманғы әдістемелерін үйренеді. Және ең бастысы, бұл - жаңа жүйелер бүгінде жас мамандарға қойылатын негізгі талаптардың бірі. Сәйкесінше, оларды меңгерген мамандардың жұмысқа тұруға және жалақыларын өсіруге мүмкіндіктері артады», - деді орталықтардың ашылу салтанатында ҚазҰТУ ректоры Жексенбек Әділов.
Айта кетелік, әлемдегі барлық дерлік геологиялық-геофизикалық және тау-кен өндіруші кәсіпорындар аталмыш компаниялардың бағдарламалық жүйесімен жұмыс істейді.
Орталықтардың ашылу салтанатына Алматыдағы жоғары оқу орындарының, ғылыми мекемелердің, тау-кен-геология саласында жұмыс атқаратын кәсіпорындардың өкілдері қатысты.
Дереккөзі: inform.kz