Өзектi

Сәкен Сейфуллиннің 120 жылдығы атап өтілді

14.10.2014

8336

2014 жылғы 10 қазан күні Қазақ агротехникалық университетінде сұңқар ақын, мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің туғанына 120 жыл толуына орай бірқатар кешенді шаралар өткізілді.

Таңғы уақытта «Жүрекке ыстық, көзге сүйік өз елім» атты республикалық мүшәйра болды. Қазылар алқасының құрамында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Ақберен Елгезек, Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, ақын Ерлан Жүніс, С.Сейфуллин атындағы университеттің кафедра меңгерушісі, доцент Сәлима Кенжемұратовалар болса, республикалық «Тұмар» әдеби журналының Бас редакторы, ақын Оңайгүл Тұржан төрайым болды.

Байқау барысында Алматы, Атырау, Көкшетау, Шымкент,Тараз, Қостанай, Астана сынды қалалардан келген жас ақындар бақ сынасты. Жүзден жүйрік шыққан Атыраулық Қарақойшы Еркебұлан І-ші орынды иеленсе, ІІ-ші орынға Тараздан келген Жолдасбек Нұрболат ие болды. Жүлделі ІІІ-ші орынды Алматыдан келген Жақсылықов Жайдар алды. Республикалық «Тұмар» журналының арнайы сыйлығын С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУдың студенті Нұрбала Алдамжарова қанжығалады.

Сонымен қатар, С.Сейфулиннің лирикалық өлеңдеріне арналған «Аққулар ұйықтағанда» атты республикалық мәнерлеп оқу сайысы түс ауа жыр додасын қыздырды. Талантымен тас жарған байқауға қатысушылардың өнерін сарапқа салған қазылар алқасының құрамында Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын-сазгер Ерқожа Тілепбердиев, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-дың аға оқытушысы Айтбала Абдрахманова, университеттегі «Ақжелкен» студенттер театрының жетекшісі Айгүл Баяділовалар болса, қазылар алқасының төрағасы - Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері, «Ақ жайық» республикалық журналының редакторы Рахымжан Отарбаев.

Төрелік еткен қаламгерлердің сараптауынан соң, сайыс қорытындысы бойынша жүлдегелерлер марапатталды. «Аққулар ұйықтағанда» атты республикалық мәнерлеп оқу сайысының І-ші жүлдесіне Астаналық Төлегенов Хазрет ие болса, ІІ-ші орынды Ақтөбелік Кенжекеева Мөлдір мен Астаналық Мәуленбердиев Ерхандар өзара бөлісті. ІІІ-ші орында Астанадағы кәсіптік білім беру колледжінің студенті Сапажникова Ирина мен Атыраулық Серікпай Алтынай.

Кешкі самалмен университетке жиналған меймандар «Ақ желкен» студенттік театры сахналаған Ғазиз Ештанаевтың «Жолайырықта» драмалық қойылымын тамашалады. Сәкен рөлінде университеттің Ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультетінің студенті Бауыржан Жақсыбаев, Мағжан Жұмабаевтың рөлін экономикалық факультеттің студенті Әлібек Мырзақұлов сомдады.

С.Сейфуллиннің 120 жылдығына арналған шаралар легі университетте жыл аяғына дейін жалғасын таппақ.

Дереккөзі: kazatu.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар