М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ және Қ.И.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ Технопаркімен бірлесе отырып, инновациялық гранттарды ұсыну механизмдері мен мәселелері бойынша семинар кеңес өткізді. Семинарға мүдделі тұлғалар, өнертапқыштар, ғалымдар, өз ісін ашамын деуші кәсіпкерлер және университеттің профессор-оқытушылар құрамы қатысты.
Жиынды университет ректоры Махметғали Сарыбеков ашып, өз сөзінде ғылымды қажетсінетін экономика құруға өндіруші және өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, көрсетілетін қызметтер секторын кеңейту, сондай-ақ өндірістің жоғары технологиялық жаңа салаларын дәйектілікпен дамыту арқылы қол жеткізілетінін, бұл ретте бүгінгі таңда өнеркәсіпті жедел дамытуға баса назар аударылып отырғандығы туралы, сонымен қатар бұл үрдіс орта мерзімді және ұзақ мерзімді перспективаға арналған басым міндеттерді айқындай отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын туралы айтты. Сондай-ақ, М.Сарыбеков осы орайда жергілікті атқарушы органдардың атаулы оқу орнының бастамашылдығына немқұрайлы қарап, тығыз қарым-қатынас орнатпай отырғандығына алаңдаушылық білдіретіндігін жеткізді.
Қ.И. Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ Технопаркінің директоры Алтыбай Қ.Ә. бүгінгі күнде ұлттық инновациялық жүйенің негізгі элементі Технопарктер техникалық потенциалды одан әрі дамытып, Қазақстанның қаржылық және еңбек ресурстарын ғылым мен өндіріс арасында байланыстың артуы, жаңа технологияларды енгізу, өнеркәсіпте еңбек өнімін арттыру және жоғары технологиялық бәсекеге қабілетті өнім өңдеу барысында эффективті қолдануға алып келетіні жайында айтты.
Отырыста «ТДҰА» АҚ Қолдау құралдарын әкімшілендіру орталығы директорының орынбасары Асель Тілегенова мен Технопарктің сарапшылары түсініктемелер берді. Әсел Мұратқызының айту бойынша 8 түрлі бағыттан тұратын, 9 түрлі жолы бар. Қазіргі уақытта ҚР Инвестициялар және даму министрлігі инновациялық гранттардың операторы Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік (ТДҰА) АҚ арқылы 9 бағыт бойынша мемлекеттік қолдау көрсетеді. Оның ішінде технологияларды коммерцияландыруға – 25 млн. теңгеге дейін, шетелдік патент алуға – 3 млн.теңгеге дейін, өнеркәсіптік зерттеулерді орындауға – 30 млн. теңгеге дейін, инженерлік-техникалық қызметкерлердің шетелде біліктіліктерін арттыруға – 2 млн.теңгеге дейін; шетелден жоғары білікті мамандарды шақыруға – 9 млн.теңгеге дейін; консалтингтік, жобалық және инжинирингтік компанияларды тартуға – 30 млн. теңгеге дейін; басқарушылық және өндірістік технологияларды ендіруге –15 млн. теңгеге дейін; технологияларды сатып алуға - 150 млн. теңгеге дейін; жоғары технологиялық өнім өндіретін стартап құруға - 50 млн. теңгеге дейін қаржылай грант қарастырылған.
Семинар барысында, мемлекеттік басқару құралдары арқылы жоғары жетістікке жеткен Жамбыл облысының грант алушысы, «Инокс ЛТД» ЖШС директоры Борис Науменко өз тәжірибесімен бөлісіп, гранттық жоба туралы және оның коммерциализациясы жөнінде таныстырып өтті. Кәсіпкер инновациялық грант алып, жаңа технология арқылы тот баспайтын құрыш бөлшектерін өңдеуді және өндіруді жолға қойып отыр екен.
Жиын соңында «Қ.И.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ Технопаркі» ЖШС мен М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Ұйымдастырушылар семинар қатысушыларына сертификаттар берді.
БІЗДІҢ АНЫҚТАМА:
«Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ (ТДҰА) – технологиялық даму саласындағы ұлттық даму институты. Агенттік инновациялық дамыту үрдістері мен мемлекеттік қолдау құралдарын үйлестіру үшін құрылған ұлттық институт.
«ТДҰА» АҚ «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ құрамына кіреді. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 мамырдағы Жарлығына сәйкес құрылды. Холдингті құру мақсаты – экономиканы дамытуға және әртараптандыруға жәрдемдесу, кластерлерді дамыту және оның еншілес ұйымдарындағы корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру болып табылады. Холдингтің жарғылық капиталына 10 даму институты тапсырылды, соның ішінде «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ де бар.
Дереккөзі: tarsu.kz