Тараз мемлекеттік университетінде 15 қыркүйектен бастап жоғары оқу орындары арасындағы екіжақты келісімдер аясында бес шетелдік профессор дәріс беруде: Тадас Клевецкас (Каунас технологиялық университеті, Литва), Ежи Яворски (Хайльброн университеті, Германия), Омер Кучук (Кастамону университеті, Түркия), Армас Октавио (Университет Кастилья-Ла-Манча, Испания) және Александр Шлейкин (Санкт-Петербург ақпараттық технология, механика және оптика ұлттық зерттеу университеті, Ресей).
Шетелдік профессорлардың барлығын ынтымақтастыққа аса мүдделі кафедралар шақырып отыр. Шетелдік қонақтар университетке келе салысымен оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысты: факультеттер мен Болон процесі және академиялық ұтқырлық бөлімінің ұжымымен кездесіп, жұмыс жоспарларын бекітті. Профессорлардың әрқайсысы өз мамандықтары бойынша сәйкес факультеттерде дәріс оқып, семинар-кеңестер өткізбек.
Студенттерге қолданбалы энзимология, энергияның дәстүрлі емес қайнаркөздері, бизнес-туризм және биологиялық алуантүрлілікті сақтау тақырыптарында дәріс беріледі. Сонымен қатар тәлімгерлер полимер бұйымдары технологиясының механикалық үдерістері мен киім өндірісінде бағдарламаларды қолдану мәселелерін де зерттей алады.
Бүгінде серіктес университеттердің оқу бағдарламалары тек қана дәстүрлі зерттеу жұмыстары мен сабақ беру әдістемелері жағынан ғана емес, әлемге әйгілі халықаралық университеттермен байланысы жағынан да алда.
Мемлекеттік бюджеттен тікелей қаржыландырылатын шетелдік профессорларды шақыру бағдарламасы алғаш 2011 жылы бастау алған. Осы жылдар ішінде университетке алыс-жақын шетелдің жетекші 20 ғалымдары келіп кеткен. Жұмыс ТарМУ-дың 2011-2020 жылдарға арналған Даму стратегиясы шеңберінде шетелдік серіктес жоғары оқу орындары мен халықаралық ұйымдармен байланысты кеңейту мақсатында атқарылып отыр.
Дереккөзі: tarsu.kz