Еліміздің техникалық және кәсіби оқыту мекемелеріне әлемдік озық тәжірибелер енгізілмекші. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім болды. Еске салайық, брифинг барысында техникалық және кәсіби дуалдық оқыту мәселелері талқыланған болатын.
«Бүгінгі әлем жаңа технологиялық құрылымға бет алып барады, осының өзі техникалық және кәсіби мамандар даярлау жүйесінде өзгерістерді талап етеді. Ал бүгінгі еңбек нарығы мен білім беру саласындағы орын алған теңсіздіктерге келсек, бұл ретте жұмыс берушілер түлектерді жұмыс жағдайына бейімдеу көп уақыт алатынын, олардың еңбек өнімділігінің тиімділігі тым төмен екенін айтады. Қысқасы, техникалық және кәсіби білім беру жүйесін бітіргендер өздерінің практикалық дағдысын өндірістегі жұмыс орнына араласқанда ғана жетілдіреді, бұл жұмыс берушілердің талабын қанағаттандырмайды», - деді «Кәсіпқор» Холдингі» ҰАҚ басқармасының төрайымы Эльдана Сәдуақасова.
Оның айтуынша, техникалық және кәсіби колледждер түлектерінің 70 пайызынан астамы, бітіргеннен кейін бірнеше жылдың ішінде ғана жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие. Бұл ретте холдинг басшысы аталған үрдістің тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің барлық елдерінде проблемаға айналып отырғанын мәлім етті.
«Дуалдық жүйені құру барысында біздің холдинг үш ірі стратегиялық бағытты жүзеге асырмақ. Біріншісі, біз жаңа колледждер құратын боламыз. Қазірдің өзінде Астана мен Алматы қалаларында әлемдік деңгейдегі екі колледж салынып жатыр. Бұдан бөлек, 4 өңіраралық орталықтар құрылады, оның біреуі Атырауда жұмыс істеп те жатыр. Қалған үш орталық Өскемен, Шымкент, Екібастұзда салынып жатыр. Біз әріптестеріміз - шетелдік оқу мекемелерімен бірлесе отырып, бұлардағы оқу бағдарламаларында мүлдем жаңа қадам жасаймыз», - деді Э. Сәдуақасова. Оның айтуынша, жаңа тәжірибелерді зерделей отырып, ондай жүйе қазақстандық колледждерге енгізіледі. Бұл бағытта облыс орталықтарында орналасқан алғашқы он әріптес-колледждер айқындалған.
«Осы он әріпес-колледждер арқылы біз кейіннен, жаңадан салынатын алты колледждерге, сосын барлық тәжірибені тәхникалық және кәсіби білім саласындағы 278 техникалық колледждерге енгізетін боламыз. Трансляция бірнеше саты бойынша жүзеге асады. Ең бірінші, оқытушылардың кәсіби құрамын жаңартудан басталады», - дейді холдинг басшысы.
Дереккөзі: http://www.inform.kz