Өзектi

Елімізде қымыздан ғарышкерлерге арналған тағам өндіріледі

05.09.2014

7174

Ақмола облысында қымыздан ғарышкерлерге арналған тағам өндіретін жаңа зауыт ашылады.
Тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов өңдеуді қажет етпейтін, C дәруменіне бай бие сүтінен түрлі өнім шығаруға болады деп есептейді.
Т.Шарманов: «Біз саумалдан ғарышкерлерге арналған тағам, жасанды ана сүтін және басқа да өнімдерді әзірлеуді қолға алып отырмыз. Зауыт сала бастадық. Онда мал сауудың неміс технологиясы қолданылады. Бұл іске 45 мың шаршы метр жер алдық. Биыл 300 бас жылқы сатып аламыз», – деді.
Академиктің айтуынша, қымыздан түрлі өнім шығаратын зауыт Астана мен Қарағанды қаласының арасында орналасқан. Аталған кәсіпорын ғарышкерлерге арналған тағамнан бөлек, гастритті, ішек-қарын жолын, туберкулезді, жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуге арналған тағамдарды да өндіргелі отырған көрінеді.
Т.Шарманов: «Биыл күзде зауытты пайдалануға бергелі отырмыз. Келешекте жылқы басы 500-ге дейін, ал одан кейін 2000 басқа дейін көбейтіледі. Өз өнімімізді экспортқа шығарамыз. Бұл біздің ұлттық брендімізге айналады. Бие сүті негізінде жасалатын өнімдер EXPO-2017-де өзінің лайықты орнын алмады», – деді.
Хабарламада көрсетілгендей, қымызға Біріккен Араб Әмірліктері, Оңтүстік Корея мен Қытай елдері қызығушылық білдіруде.
Тағы бір айта кетер жәйт, бие сүтінен ғарышкерлерге арналған тағам дайындау құрғақ қымызды Германия мен Францияға экспорттауға бағытталған жобаның негізінде жүзеге асырылады.

Дереккөзі: http://egemen.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар