Өзектi

Ғылыми жобаларды мемлекет есебінен қаржыландыру жөнінде семинар өтті

28.08.2014

6291

2014 жылы 27 тамызда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптау Ұлттық орталығы ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің қолдауымен ғылыми жобаларды мемлекет есебінен қаржыландыру жөніндегі байқауға қатысу үшін өтініш дайындаудың қыр-сырына байланысты семинар өткізді. Аталмыш шараға еліміздің әр аймағынан белгілі ғалымдар мен ғылым жөніндегі өкілдер, халықаралық және отандық сарапшылар қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәл осындай шара 29 тамыз күні Алматыда, 4-5 қыркүйек күндері Қазақстанның оңтүстік өңірі үшін Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің базасында ұйымдастырылмақ.
Семинардың мақсаты – ғылыми жоба авторларының санын арттыру, сапалы өтініш дайындау, мемлекеттік қаржыландыру жөнінде ғалымдарды жан-жақты ақпаратпен қамтамасыз ету, сараптау шеңберінде заңды және құқықтық-нормативтік актілерден мағлұматтар беру, сондай-ақ, мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптауды өткізудің негізі мен ережелерін кеңінен насихаттау.
Айта кетер жәйт, Астананың төрінен бастау алған семинар «ашық микрофон» түрінде өтті. Шараға қатысушылар өздерін толғандырып жүрген мәселеге байланысты тікелей залдан сұрақ қойып, жауаптарын сол мезетте алып жатты.
Мемлекет басшысы «Қазақстан 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында саннан сапаға өту мәселесін ерекше атап өтті. Озық нанотехнологиялар мен инновацияны, ғылыми жетістіктерді барынша кеңінен пайдаланып, барлық салаға енгізу, экономиканың тиімділігін арттыру мәселесіне басымдық берілді. Бұл отандық ғылымға ғаламат серпін беретін фактор. Ендеше бүгінгі өткен шараның мәні мен маңызы да аса зор.

Дереккөзі: enu.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар