Өзектi

Білім саласына инновациялық технологиялар енгізу - басты мақсатымыз - Н.Құрақбай, «Interactiv Kazakhstan» ЖШС бас директоры

19.08.2014

6123

Білім саласына инновациялық технологиялар енгізу - басты мақсатымыз. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген «Interactiv Kazakhstan» ЖШС бас директоры Нұрлан Құрақбай өңір ұстаздарының «Білім берудің инновациялық стратегиясы - мемлекеттің, қоғамның және жеке тұлғаның тұрақты даму факторы» деген тақырыптағы тамыз кеңесі барысында мәлім етті.

Оның айтуынша, Елбасымыздың білім берудің отандық жүйесіне инновациялық әдістерді, құрылғы-тетіктерді барынша жедел енгізу жөнінде алдымызға нақты міндеттер жүктегені мәлім. Осы орайда аталмыш компания еліміздің білім беру саласы үшін инновациялық жаңалықтарды енгізу мақсатында 2006 жылдан бері қызмет етіп келеді. Бұл ретте әлемдегі жетекші өндірушілердің озық интерактивті технологияларын пайдаланудың маңызы зор. Осындай жұмыстар нәтижесінде қазіргі кезде Қазақстан мектептерінде 12 мыңнан астам интерактивті тақта орнатылған.

Компания жыл сайын өз жаңалықтарын енгізіп тұрады. Айталық, физика, химия, биология пәндерін оқыту үшін американдық "Pasco" компаниясының сандық зертханаларын мектептерде пайдаланса, ол сабақ кезінде мұғалімдер үшін де, шәкірттер үшін де тиімді. Яғни жұмысты неғұрлым тездетіп, күрделі мәселелерді оңай шешуге мүмкіндік береді.

Жалпы, айта кетейік, жаңа технологияларды Батыс Қазақстан облысының мектептері де белсенді түрде қолданып келеді.
Жасыратыны жоқ, елімізде компьютердің жетіспеушілігі әлі толық шешіліп болған жоқ. Мәселен, мектепте мың бала оқыса, компьютер соның бәріне жете бермейді. Осыны шешудің бір жолы ретінде NComputing құрылғысын пайдалануға болады. Былайша айтқанда, бір процессормен 45 компьютерді қосуға болады. Бұл - 100 компьютердің орнына 200-ін іске қосуға болады деген сөз.

Оқу үдерісінде сабақ, семинар, таныстырылымдар өткізу үшін Promethean интерактивті тақтасы өте тиімді. Дегенмен оның бағасы 300 мың теңгеден басталып, алды 2 млн. теңгеге дейін жетеді. Оны, әрине, кезкелген мектептің қалтасы көтере бермейді. Баға қолжетімді болуы үшін осыған балама ретінде жапондық Hitachi компаниясының қарапайым құрылғысын қолдануға болады. Мұны күнделікті пайдаланып жүрген маркерлік тақтаның бетіне орнатып, компьютерге қосса, ол интерактивті тақтаға айналады. Оның ең қымбатының құны 90 мың теңге, 70 мың теңгеге де алуға болады.
Күні бүгін ҰБТ мектептегі білім берудің басты көрсеткіштерінің біріне айналғаны мәлім. Оқушылар 10-сыныптан бастап соған әзірленіп, апта немесе ай сайын сынақ тапсырады. Міне, осыны жеңілдету үшін де арнайы құрылғыны пайдалануға болады. Мұғалім тақтадан сұрақтарды көрсеткенде, бала қолындағы кішкентай құрылғының экранынан соны көріп отырады, сосын жауабын жазады. Тестінің жауабы да әрі кеткенде 15 секундтың ішінде белгілі болады. Бұл білім саласы басшылары үшін де тиімді, яғни шәкірттердің үлгерім нәтижесі, сынақ қорытындысы туралы есепті алып отырады.

Компания орта білім ғана емес, мектепке дейінгі білім беру жүйесіне де инновация енгізуді көздейді. Мәселен, E-blocks жүйесі балабақшадағы балдырғандардың әріп тануына, сандарды біліп, тез алып-қосуына жәрдемдеседі. Бүлдіршінмен ойын түрінде компьютер тілдесіп, дұрыс тапқанын айтады немесе «қайта ойлан» деп жауап береді.

Химия, биология, математика пәндерінен сабақты түсіндіру үшін 3D форматы да қызықты, бала кино сияқты көреді. Қысқа уақыттың ішінде адам денесіндегі қанның ұюы, жүректің соғысы, қан айналымы, мидың жұмыс істеуі - бәрі атом-молекулаларына дейін көз алдыңа келеді. Бұл - ағылшын тілінде жазылған бағдарлама болғандықтан, ол қазақ, орыс тілдеріне аударылды. Қазіргі кезде қазақ тілінде 100, орыс тілінде 300 тақырып бар. Бұл құрылғының құны - 500 мың теңге.

Ең бастысы, мұғалім бұрын 45 минут бойы бәрін түсіндіріп, үлгере алмай жүрсе, аталған құрылғылардың көмегімен соның барлығын жеделдетуге болады. Яғни мұғалім түсіндіріп қана қоймайды, балалардан ұққанын сұрап біле де алады.
Бұрын компания ҚР Білім және ғылым министрлігімен тығыз қарым-қатынас жасап, халықаралық, республикалық көрмелерге қатысып келсе, кейінгі кезде өңірлерге де шығып, байланыс орната бастады. Осының алдында Алматы облысында болсақ, енді кезек Батыс Қазақстанға келді, осылай жалғаса береді. Мектептер жаңа технологияларды неғұрлым көптеп енгізсе, оқыту сапасының артары да сөзсіз. Құрылғыларды мемлекеттік сатып алу заңнамасына сәйкес алуға болады.

«Interactiv Kazakhstan» ЖШС құрылтайшысы Нұралы Құдайбергенұлының басшылығымен компания «Абайтану әліппесі», «Даналық әліппесі» және «Тілашар» сөздігін шығарғанын да айта кетейік. «Даналық әліппесі» «Қобыз үні», «Домбыра күйі», «Бесік жыры», «Халық әні», «Халық аңызы», «Халық ертегісі», «Халық тағылымы», «Халық жыры», «Нақыл сөз», «Билер сөзі», «Аталар сөзі» және «Бабалар батасы» сынды он екі кітаптан тұрса, «Абайтану әліппесі» «Жақсы ұстаз», «Жақсы ата-ана», «Жақсы құрбы-құдас» және «Жақсы бала» деген төрт кітаптан тұрады. Абайдың өз қара сөзінде айтқанындай, жақсы ата-ана, жақсы ұстаз, жақсы құрбы жақсы баланың қалыптасуына әсер етеді. «Тілашар» - шетелдіктерге Қазақстанға келгенде, сондай-ақ отандастарымыз өзге елге шыққанда, «сөйлейтін қалам» арқылы жол сілтейтін таптырмас қалам. Бұл компанияның жеткіншек ұрпақты ұлттық, отаншылдық рухта тәрбиелеуге қосқан үлесі деп айтуға болады.

«Қорыта айтқанда, қаладағы болсын, ауылдағы болсын, әр білім ошағы заманауи жаңалықтардан қалып қоймауы керек. Осы бағытта біз де жұмыс істей беретін боламыз», деді Н.Құрақбай.

Автор: Елжан Ералы

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар