EXPO-2017

«Қазақ даласының жұпары» атты брендті иіс суының дайындалуына BETEN International француз компаниясының мамандары қатыспақ

24.06.2014

6949

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне қарасты Қолданбалы химия институтына BETEN International француз компаниясының президенті Жан Рош, сонымен қатар сол компанияның сатып алу жөніндегі менеджері Михайло Косюхно қонаққа келді. Аталмыш кездесу Promstan Asia компаниясының даму жөніндегі директоры Гүлмира Күлпейісовамен ынтымақтастық ету аясында ұйымдастырылды.

Кездесуде экономикалық байланыстарды орнату шеңберінде алдағы уақытта аталған компанияның қолданбалы химиялық ғылыми-зерттеу институтымен ынтымақтастық ету мәселелері туралы сөз етілді. BETEN International компаниясы - халықаралық ұйым және құқықтану, энергетика, инжинирингтен бастап ауыл шаруашылық өнімдерін өткізіп таратумен айналысады. Компанияның бірнеше департаменттері бар, оның ішіндегі BETEN Aroma департаменті хош иісті өсімдіктерді және майларды, сонымен қатар майлы және дәнді дақылдарды өндірумен, қайта өңдеумен және экспорттаумен айналысады. Компанияның өкілдері ынтымақтастық аясын кеңейту мақсатында Қазақстан еліне қызығушылық танытып, жаңа шикізат көзін табу және серіктес табу мақсатында іскерлік сапармен Қолданбалы химия институтына келген.

Осындай серіктес ретінде Қазақстан өсімдіктерінен эфир майларын алумен және оны толық зерттеумен айналысатын Қолданбалы химия институты болып табылады. Кездесу достық қарым-қатынаста өтті. Компанияның президенті Жан Рош «Қазақ даласының жұпары» жобасының болашағы зор әрі экономикалық жағынан аса қызығушылығы мол екенін атап өтумен қатар жоба бойынша өз пікірін білдірді. Жан Рош тек Қазақстанда ғана белгілі эфир майлы өсімдіктері мен эфир майларының кейбіреуі өздерінің ерекше қайталанбас жұпарымен еуропалық парфюмерлерді де қызықтыруы мүмкін екендігін тілге тиек етті. Институт директоры Ерлан Сүлеймен жұпар иісімен танысу үшін және келесі сараптамалар үшін бірнеше үлгі түрлерін қонақтарға сыйлады.
Кездесу соңында Институт директоры, х.ғ.к., PhD докторы Ерлан Сүлеймен «Қазақ даласының жұпары» жобасының тұсаукесерін өткізіп, ынтымақтастық жөнінде екі жақты келісімшарт жасауға уағдаласты.

Дереккөзі: enu.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар