С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде экономика ғылымдарының докторы, профессор М.Д.Спектордың туғанына 80 жыл толуына арналған "Жер ресурстарын пайдаланудың қазіргі замандағы міндеттері мен әдістері" атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
«С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ-ының Басқарма төрағасы, профессор Ақылбек Күрішбаев өз сөзінде М.Д. Спектордың университеттің дамуына қосқан үлесі туралы айта келіп, ұжым атынан мерейтой иесіне тарту-таралғы жасады.
Жиын барысында Қазақстандағы жер саясаты және жерге орналастырудың бүгіні мен болашағы туралы ғалымдар пікірі тыңдалды. Михаил Спектор «Жерге орналастырудағы проблемалар мен болжамдар» туралы баяндамасында Қазақстандағы жер саясаты туралы тілге тиек етті. Оның ішінде «Қазақстан Республикасында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің пайдаланылуы» атты баяндамасында С.Сейфуллин атындағы ҚАТУ-дың аға оқытушысы, экономика ғылымдарының кандидаты А.Е.Бектұрғанова жер-ананы сақтау туралы өзекті проблемаларды көтерсе, «Жер нарығы және оның ерекшеліктері» туралы тақырыпты аталмыш университеттің ассистенті А.М.Шингужинова әңгімеледі.
Экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Акимов В.В. «Инновационная модернизация сферы земельных отношений» баяндамасында жер қатынастары реформасы туралы айтты.
Ресейден арнайы шақыртылған мейман, Мәскеу Мемлекеттік университетінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Владимир Косинский «Жерге орналастыруды дамыту тарихы» атты дәрісінде бірқатар өзекті тақырыптарды қамтыды. Д.М.Прянишникова атындағы Пермь Мемлекеттік академиясының кафедра меңгерушісі, доцент Гелли Шалдунова жылжымайтын мүлікке салық салудағы кадастрлық бағалау туралы сөз етті.
Алыс және таяу шетелдерден келген танымал ғалымдар бүгінгі конференция барысында Қазақстандағы жер саясаты туралы ауқымды пікірлерін айтып, өздерінің ұсыныстарын жариялады.
Мерейтой иесінің өмірінен сыр шерткен «Асыл қазынаға мәңгі қызмет ету» деректі фильмнің тұсаукесері өтті.
Дереккөзі: kazatu.kz