KADEX-2014 көрмесінде ғарыштық технологиялар мен әскери робот технологиясы саласындағы соңғы жетістіктер көрсетіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - KADEX-2014 көрмесінде ғарыштық технологиялар мен әскери робот технологиясын жасаумен айналысатын отандық және шетелдік компаниялар қатысатын болады. Бұл туралы бүгін аталған көрмеге орай ұйымдастырылған брифингте ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Оқас Сапаров мәлім етті.
«Астана әуежайының әскери секторында 3-ші KADEX-2014 халықаралық қару-жарақ және әскери-техникалық мүліктері көрмесі өтеді. Көрме қонақтары мен қатысушыларының назарына әлемнің 27 елінің қорғаныс саласындағы 300-ден астам кәсіпорыны өз өнімдерін ұсынатын болады. 80-нен астам қазақстандық кәсіпорындар өз өнімдерін келушілер назарына ұсынады. Көрмеге 54 ресми делегация қатысады», - деді О.Сапаров.
Оның атап өтуінше, ашық алаңдар мен жабық полигондарда ғылымның, оның ішінде әскери ғылымның, қарулану саласындағы техникалық шешімдердің, әскери мақсаттағы жаңа өнімдердің соңғы жетістіктері көрсетілетін болады.
«Көрмеге ғарыштық технологиялар мен әскери робот техникаларын жасаумен айналысатын отандық және шетелдік компаниялар алғаш рет қатысқалы отыр», - деді ол.
Автор: Марлан Жиембай
Дереккөзі: inform.kz