Өзектi

EHELF 2014:ҚАЛАЙ ҮЗДІК УНИВЕРСИТЕТ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ?

21.05.2014

5751

Аида САҒЫНТАЕВА, Назарбаев университеті Жоғары білім беру мектебінің бас атқарушы директоры:
Алдағы айдың 11-12 - жұлдызы аралығында Назарбаев университе­тінде Жоғары білім беру көшбас­шыларының III Еуразиялық форумы өтеді. Халықаралық жиында Еуразия аймағында жоғары білім берудің маңызды мәселелері қарастыры­лып, білім жүйесінде бәсекеге қабілет­тілікті арттырудың тиімді тәсілдері талқыланады.

Форумда басымдық берілетін басқа да бағыттардың жай-жапса­рын білу үшін біз Назарбаев универ­ситеті Жоғары білім беру мектебінің бас атқарушы директоры Аида Сағынтаевамен сұхбаттастық.

– Форум ашық сұхбат алаңын құру арқылы жоғары білім беру жүйесіндегі өзекті мәселердің шешімін табуды көз­дейді. Назарбаев университетінің ұйытқы болуымен дәстүрлі түрде ұйымдастырылып жүрген жиында отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының басшылары, білім саласындағы топ-менеджерлер, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен елшіліктердің өкілдері жоғары білім берудің бүгінін байыптап, болашағын барлайды. Ерекше атап көрсетерлігі, форумда Ұлттық университеттердің ғана емес, аймақтық және жекеменшік жоғары оқу орындарының да басшылары болады. Олар әртүрлі форматтағы конферен­ция­ларға, сессияларға, көрмелерге қаты­сып, заман талабына сай жоғары оқу орнын қалыптастыруға қатысты Назарбаев университеті тәжірибесінің танысты­рылымын тамашалайды.

Биыл біз форумда баяндама жасауға студенттерді де шақырып отырмыз. Жас ізденушілер үшін “Табысты университет студенттер көзімен” деген тақырыпта бөлек сессия болады. Мұнда еліміздегі жоғары оқу орындарының студенттері және Еуропалық студенттер Одағының төрағасы Рок Приможич спикер ретінде сөз сөйлейді. Пікірталасқа ұстаздар қауы­мы қатысады. Олар табысты университет қалыптастырудағы оқытушылардың рөлін айқындайды.

Білім беру саласындағы жаһандық трендтердің аймақтарға әсері мен жоғары оқу орындарына дербестік беру мәселелері де осы жерде сөз болады.

Басқосу барысында «Қазақстан Рес­пуб­ликасының 2015-2020 жылдарға ар­налған білім беруді реформалаудың стра­тегиялық бағыттарын әзірлеу» жобасына қатысты жол картасының нәтижелері таныстырылады. Форумға қатысушылар халықаралық топ әзірлеген баяндама төңірегінде пікір алмасады. Аталмыш топ халықаралық ұйымдардың, отандық һәм шетелдік жоғары оқу орындарының маң­дайалды сарапшылары мен ғалым­дарынан құралған. Олар мектепке дейінгі, орта, кәсіби-техникалық, жоғары білім сала­сындағы ағымдағы және соңғы жылдары жүзеге асырылған реформаларды зерттеді. Талдау нәтижелері саланы одан әрі ре­формалауға және дамытуға қажетті білім беру ісіндегі бәсекеге қабілеттілікті қам­та­масыз ету мақсатында стратегиялық ба­ғыттарды айқындауға септігін тигізуі тиіс.

– Форумда кімдердің баяндамасы тыңдалады?

– Айтулы шараға 40-тан астам мем­лекеттің өкілдері қатысады деп күтілуде. Бас баяндаманы Қазақстанның білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов жасайды. Сөз сөйлейтіндердің қатарында Кембридж университеті білім беру факультеті деканының орынбасары Ян Вермунт, Торонто университетінің до­центі Джейн Найт, Хартфорд универ­ситетінің мәртебелі президенті Хамфри Тонкин, «Fair Access to Higher Education» қоғамдық ұйымының директоры Лес Эбдон, Корольдік ирландиялық Акаде­мияның мүшесі Мэри Кэннинг, Халық­аралық бизнес академиясының ректоры Асылбек Қожахметов, Ли Куан Ю Мектебінің Бас кеңесшісі Ставрос Янука, Кембридж университетінің дәріскері Лиз Винтер, София университетінің акаде­миялық мәселелер жөніндегі вице-пре­зиденті Анжела Ю.Фукуа атындағы бизнес мектебінің деканы Уильям Бол­динг, Пенсильвания университеті жоғары білім беру кафедрасының меңгерушісі Мэтью Хартли және тағы да басқа ға­лымдар болады.

– Жоғары оқу орындарының дербестігі туралы айтып қалдыңыз ғой, осыны ары қарай тарқатып, түсіндіріп беріңізші...

– Пленарлық сессиялардың бірі «Ака­демиялық еркіндік және университет дербестігі» деген тақырыпқа арналайын деп отыр. Мұнда дербес университет пен академиялық еркіндіктің білім сапасына қалай әсер ететіндігі тілге тиек етіледі. Пенсильвания университеті жоғары білім беру кафедрасының меңгерушісі Мэтью Хартли өзінің тәжірибесімен бөлісіп, аталмыш мәселеге қатысты сұрақтарға жауап береді.

Жалпы, бүгінгі таңда әлемдік тәжірибе жоғары оқу орындары заман талабына сай болуы үшін дербес болуы және оқу бағдарламасының мазмұнына, про­фессор-оқытушылардың сапалық құрамына сонымен қатар институцио­налдық қаржыландыруға қатысты шешім қабылдағанда тәуелсіз болуы тиіс екенін көрсетіп отыр. Жоғары оқу орындарына қойылатын қазіргі талаптарды орындау үшін оларға дербестік беру қажет. Бұл іске мемлекеттің араласуына болады, бірақ бұл күнделікті әрі қалыпты жағдайға айнал­мауы тиіс. Білім беру сапасын арттыру міндеті ең алдымен университеттердің өздеріне қойылуы керек. Әрине, қоғам мүддесін қорғау жайында сөз қозғағанда мемлекеттің араласуына тура келеді. Алайда мемлекеттің негізгі мақсаты – жоғары оқу орындарының сапалы білім беру міндетін орындауын қадағалау ғана болуы керек.

Дербестік пен академиялық еркіндік қа­ғидаттарына сүйенетін университеттер бәсекеге қабілетті болады. Бұл бағытта Назарбаев университеті көш бастап тұр. Жаңашылдыққа ұмтылу арқылы біздің оқу ордамыз Қазақстанда заманауи инно­вациялық орта қалыптастырып жатыр.

Біз мемлекетке қол қусырып қарап отырмай, дамудың жаңа жолдарын іздеуі­міз керек. Өйткені алға ұмтылғанда және бәсекеге қабілетті болғанда ғана жоғары оқу орындары өркениет көшіне қосылып, саналы һәм сапалы ұрпақ тәрбиелейді.

Әр жоғары оқу орны заман талабына сай сапалы білім беруді көздеуі керек. Бұған қоса, басқаларға ұқсамайтын ерекше ұстанымды темірқазық тұтуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда Назарбаев уни­верситеті өзгелерге үлгі болып отыр.

– Қалай ойлайсыз, табысты университет қалыптастыру үшін не істеу керек?

– Табысты университет атану үшін, жоғары оқу орнында талантты студент­тердің білім алуына мүдделі болу керек. Талантты студенттер түлек атанғаннан кейін өздері оқыған университеттерінің атағын аспандатып, даңқын шығарады. Бұл ретте оқытушылар мен ғалымдардың да талантты болуы маңызды. Олар сту­денттерді жаңалық ашуға, зертхана­ларда жұмыс істеуге, сыни және сарап­тамалық тұрғыдан ойлай білуге, сонымен қатар ғылымды өндіріспен байланыстыра алуға баулулары керек. Міне, осы көрсеткіштер мен мықты материалды-техникалық база университеттің табысты болуының ал­ғышарты болып табылады.

– Форумға қатысушылар қандай сұрақтарға қызығушылық танытуы мүм­кін?

– Жиналғандардың барлығын табысты университет құруға қатысты сұрақтар қызықтырады деп ойлаймын. Себебі бүгінгі таңда университеттер табысты­лықтың мәнін қайта-қайта қарап жатыр. Мұны анықтау үшін қандай өлшемдер қолданылады және әлемдік деңгейдегі университеттерді саралау өлшемдері дұрыс па? Саясаткерлер, индустрия, білім беру саласының қызметкерлері және сту­денттер табыстылықты қалай анықтайды? Бұл ұғым Қазақстанның контекстінде қа­лай анықталған? Қатысушылардың осы сауалдарға жауап іздейтініне күмән кел­тірмеймін. Академиялық еркіндік пен университеттің дербестігіне қатысты сауалдар да көпшіліктің назарынан тыс қалмайды деген болжамым бар.

Сұхбаттасқан Қанат Махамбет

Дереккөзі: aikyn.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар