Кадрлар сапасы мен білім беру сапасы ұлттық қауіпсіздік стратегиясының елеулі бөлігі ретінде қарастырылуы тиіс - Д.Назарбаева
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кадрлардың сапасы, білім беру сапасы бүгінгі күні ұлттық қауіпсіздік стратегиясының елеулі бөлігі ретінде қарастырылуы тиіс. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева айтты.
«Қазіргі әлемде білім беру және экономика үшін кадрлар даярлау мәселелері мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігінің аса маңызды факторына айналды. Кадрлар бәрін шешіп қана қоймайды. Кадрлардың сапасы, білім беру сапасы бүгінгі күні ұлттық қауіпсіздік стратегиясының елеулі бөлігі ретінде қарастырылуы тиіс», - деді ол «Техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру жүйесінде экономика салалары үшін кадрлар даярлаудың сапасы мен перспективалары туралы» парламенттік тыңдау барысында.
Ол еліміздің алдына 2050 жылы әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына кіру мақсатын қойғандығын, ал осы амбициялы мақсатқа қол жеткізудің алғашқы әрі басты шарты адами капиталды дамыту екендігін баса айтты.
«Дамыған елдің бәрі де ғылымға иек артады. Онда қызмет көрсету секторы басым, еңбек өнімділігі жоғары болады. Ғылыми білім мен өнеркәсіптің жоғары технологиялық секторы экономикалық өсімді қамтамасыз етуде негізгі рөл атқарады. Қазақстан таяудағы он жыл ішінде өз дамуында сапалы секіріс жасап қана қоймауы керек. Елімізге өскелең және бәрін қамтитын жаңғырту ісі де қажет. Президентіміз мемлекетіміз бен ұлтымыздың мақсаттары мен міндеттерін нақ осылай тұжырымдап берді. Бүгінгі осы парламенттік тыңдауда алдағы 10, 15, 20 жылға арналған білім беру мен экономика үшін кадрлар даярлау жүйесінің стратегиясы туралы білікті де кәсіби әңгіме болуы тиіс деп санаймын», - деді Д.Назарбаева.
Дереккөзі: inform.kz