Өзектi

Қазақстанға ғылыми саладағы мансап тартымдылығын арттыру маңызды - Й.Парк

12.05.2014

4802

АСТАНА. ҚазАқпарат - Экономикалық тұрғыда барынша қуатты мемлекеттермен бәсекеге түсу үшін кемінде дамыған елдердің инновациялық технологиялар деңгейіне сай болуы қажет. Өйткені, аталған технологияларды қолдану мемлекеттік үдемелі индустриалды дамуына серпін беретіндігі сөзсіз. Қазақстанда инновацияны барынша белсенді енгізу саясаты жүргізіліп, шетелдік технологиялар трансфертіне баса назар аударылуда.

Осыған орай ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген Оңтүстік Корея ғылыми-технологиялық бағалау және жоспарлау институтының президенті Йонга Парк Қазақстанда жоғары технологияларды дамыту перспективалары, бұл саладағы ғаламда орын алып жатқан үрдістер жайында сөз қозғады. Айта кетерлігі, ол жыл сайынғы Астана экономикалық форумы аясында өтетін 9-шы Инновациялық конгреске қатысуды жоспарлап отыр.

- Сіз конгреске алғаш рет қатысқалы отырғандықтан бұл алқалы жиыннан не күтетініңізді білсек.

- Жалпы, бұл менің Қазақ еліне Иноовациялық конгреске қатысу үшін алғаш рет сапарлауым әрі ұйымдастырушылардың шақырту жібергеніне алғысым шексіз. Бұл алқалы жиыннан Қазақстанның индустрияландыру бағдарламасы мен ғылыми-технологиялық саясаты жайында молынан мағлұмат алатындығыма сенім артамын. Менің аталған іс-шараға қатысуым бұл байланыс орнатуға мүмкіндік береді әрі Қазақстан мен Оңтүстік Корея ғылыми-технологиялық бағалау және жоспарлау институты арасындағы әлеуетті ынтымақтастығына мүмкіншілік іздеу ынтималдығын арттырады.

- Сіз Қазақстандағы инновациялық даму турасында қаншалықты хабардарсыз?

- Меніңше, Қазақстан экономикалық даму мен өсімнің негізгі факторы ретінде инновацияны алға жылжытуда негізгі басымдық жасаған сияқты. Инновацияны ынталандыруға бағытталған көптеген мекемелер мен бағдарламалардың бар екендігін, бұған қоса инновациялық инфрақұрылым құру үшін жаңа бастамалар жасалғанын білемін.

- Индустриалды даму мәселесінде Қазақстан қандай жайттардан аулақ болғаны жөн деп санайсыз?

- Мен Қазақстанды қандай елмен салыстыруға болатындығын білмеймін. Дегенмен, егер дамудың сан түрлі экономикалық модельдерін алып қарар болсақ, онда «голландтық ауруды» атар едім. Қазақстан дәл осы модельден аулақ болғаны жөн.

Жоғарыда атап өткен экономикалық модель шикізатты көп өндіруге негізделген елдерге тән ерекшелікті айқындау мақсатында қолданылады. Бұл автоматты түрде шетел инвестициясын тартады және мығым шетел валютасы ағынының молдығынан шетелдік тауарлармен салыстырғанда отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуіне әкеп соғады. Соның салдарынан елде экспорт көлемі кеміп, импорт өсім көрсетеді. 1991 жылы тәуелсіздігін жария еткен Қазақстан айтарлықтай экономикалық өсім көрсетіп отыр. Бұл тренд мұнай мен газ кен орындарын ашудың арқасында үдей түсті. Қазақстан экономикасы негізінен шикізаттық бағытта қалып отырғандығына қарамастан, мен ел Үкіметі қазіргі уақыттағы әлеуетті проблеманы түсінгендігіне сенемін және экономикадағы түрлі салдардан жалтару үшін көптеген бағдарламалар енгізіп отыр.

- Сіздің көзқарасыңызша, индустриалды-инновациялық даму міндеттерін жүзеге асыру үшін қажетті мамандарды кәсіби тұрғыда дайындау мақсатында қандай амалдарды қолдану қажет?

- Сіздің еліңізде инновациялық дамуды ынталандыратын орта қалыптастыру үшін қажетті адами ресурстарды дамыту маңыздылығын түсінеді. Бірақ, меніңше, инновация саласын біліктілігі жоғары жұмыс күшімен және мамандармен қамтамасыз етуде қажеттілік бар сияқты. Осыған орай инновациялық саясат саласында білім беру мен кәсіби дайындыққа байыппен назар аударған жөн. Ғылым және ғылыми-зерттеу қызметінде мансап тартымдылығын арттыру, сондай-ақ технологиялар трансферті саласында артып келе жатқан сұранысты қанағаттандыру маңызды бола түседі.

- Кореяның технологиялық бағдарламаларды жүзеге асырудағы тәжірибесімен бөліссеңіз.

- Өздеріңіз де білетіндей, соңғы жарты ғасырдағы Корея дамуы таңқаларлық. 50 жылдың ішінде Корея экономикасы орташа есеппен жылына 7 пайызға өсім көрсетіп отырды және жоғары жылдамдықта дамыған инновацияның толық кезеңінен өткен бірнеше елдің бірі.

Табиғи ресурстардың болмауы инновацияны ел экономикасының ажырамас бөлшегіне айналдырды. Үкімет ғылыми зерттеулердің дамуын белсенді ынталандырып, стартаптарға қолдау көрсете бастады.

Кореяның ғылым мен технологиядағы үшінші стратегиялық жоспары өткен жылы іске қосылды және ол келесі стратегияларды жүзеге асыруға бағытталған:

Біріншіден, ұлттық инвестицияны кеңейту және олардың тиімділігін арттыру. Екіншіден, ұлттық технология стратегиясын дамыту. Үшіншіден, өнертабыстардың ұзақмерзімді мүмкіншіліктерін арттыру. Төртіншіден, өнеркәсіптің жаңа салаларын құруға ынталандыру. Бесіншіден, ғылым мен технология саласында жұмыс орындарын құру.

Біз алға қойған мақсаттарымызды жүзеге асыра отырып, ғылыми зерттеулер үлесін арттыру арқылы ел экономикасының өсімін 40 пайызға дейін жеткізуге, 640 мың жұмыс орнын құруға және нәтижесінде ғылым мен технология бойынша инновациялық ұлттардың үздік жетілігіне кіруге ниеттеніп отырмыз.

- Сіздіңше, Қазақстан мен Корея арасындағы инновациялық сала ынтымақтастығының болашағы қандай?

- Жоғарыда атап өткенімдей, Корея - инновациялық дамудың барлық кезеңін бастан өткерген саусақпен санарлық елдердің бірі. Осыған орай, біздер көптеген бағыттарды жемісті ынтымақтастықта жұмыс істей алар едік. Соңғы 3 жылда Оңтүстік Корея ғылыми-технологиялық бағалау және жоспарлау институты Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттікпен форсайттық зерттеулер жүргізу бойынша белсенді жұмыс істеуде. Біз бірлесе жүзеге асырудың нәтижесінде екі ұйымға да мол пайда әкелетін қосымша жобалар табатындығымызға үміт артамыз.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Автор: Марлан Жиембай

Дереккөзі: inform.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар