Өзектi

Елімізде ішкі туризмді дамыту арқылы қуатты елге айналамыз

06.05.2014

6767

Орденбек МАЗБАЕВ, география ғылымдарының докторы, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеттің профессоры


– Орденбек Білісбекұлы, сіз географ ғалымсыз. Еліміз емес, әлемнің барлық түк­піріне аяғыңыз тиіп, саяхатта жасап та жүр­сіз. Ал Қазақстандағы саяхатыңыз маңыз­дылығы неде?

– Туған жер кімге де болсын ыстық. Кін­дік қанымыз тамған жерден жыраққа кетсеңіз, ойыңыздан туған жердің топы­рағы, ауасы, табиғаты кетпейді. Бұл – заң­дылық. Біздің мамандық та осыған бай­ланысты. Себебі география пәні таби­ғаттың жаратылысын, жерді танып-білуді оқытса, ондағы қазба байлықты, оның ерек­ше­лік­терін тануды үйретеді. Біз КазПИ-де оқы­ғанымызда КСРО-ның көптеген жерін аралап, көзімізбен көрдік. Оқығанымызды білімімізбен ұштастырып, тәжірибеден өттік. Ал қазір басқаша. Бірақ мүмкіндік болса, Қазақстанның барлық түкпір-түкпірін аралауға болады. 2012 жы­лы Қазақ география қоғамының көмегі­мен «Қазақ­стан аңыздары» атты тұңғыш қазақстандық ғылыми-танымдық автоэкс­педиция ұйым­дастырылды. Қазақстанның 12 облысының аумағын автокөлікпен ара­лап, 10 800 ша­қырымды 68 адам 18 күнде жүріп өттік. Мұндағы барлық жауапкершілік маған жүктеліп, оған жетекшілік еттім. Экс­пе­ди­цияның танымдық ерекшелігі өзі­міз жүріп өткен аймақтың табиғи, тарихи деректерін, аңыз әңгімелерін жинастыру болса, өңір­дегі экономикалық-әлеуметтік дамуын ба­ғамдау, туристік мүмкіндіктерді айқында­дық. Соның арқасында елімізге аса қажетті ғылыми жобаларды дүниеге әкел­дік. Са­парға шыққан ғалымдармен бірге көптеген ақпарат құралдарының өкілдері қаты­сып, олар саяхат барысында көзбен көр­гендерін күн сайын ақпарат құралдарының арқылы елі­мізге таратып отырды. Біздің жүрген жері­­мізге байланысты хабар елге күнбе-күн та­рады. Бұл бұрын-соңды елі­мізде болмаған та­нымдық саяхат болды. Бес ұлттық саябақ­ты, 10 тау асуларын ас­сақ, еліміздің ең тө­менгі нүктесінде болдық. Табиғаты көркем жерлерді араладық. Сапа­рымызға жергі­лікті жердің ғалымдары да атсалысып, үлес­терін қосты. Саяхатта Қа­зақстанның та­маша жерлерінің ерекше­ліктері мен өзге­шеліктерін елге танытып, игілікті бір жұ­мыс жасадық қой деп ойлай­мын.

– Сонда экспедицияның негізгі мақсаты орындалды ма?

– Әрине, орындалды. Біздің мақ­саты­мыз – еліміздің аумағы өте үлкен, табиғат ерекшелігімен ресурстық мүмкіндіктері жо­ғары, тарихи орындарға бай жерлермен танысып, көзбен көріп, зерттеу еді. Қазіргі қолға алып жатқан «ЕХРО – 2017» көрмесі ол жылдары белгілі болған жоқ. Біздің экс­пе­диция осы көрменің қазіргі талаптарын ескеріп, аймақтардағы жел мен Күн энер­гиясын, су ресурстарын, биоресурстарын пайдалану мүмкіндіктеріне көңіл аударып, ол жерлерді есепке алған. Еліміздің аума­ғында екі-үш жерде ғана желден энергия алып отыруға болатын қуат көзі барын анықтап, оны қалай іске асыру жолдарын да қарастырып қайтқанбыз. Мысалы, Жетісу Алатауы мен Торғай ойысында жыл он екі ай жел соғып тұрса, оны неге пайда­ланбасқа деген ой туған еді. Қазақ даласы­ның жел соғу үрдісі Еуропа елдеріне қара­ғанда, өте көптігіне де көзімізді жеткенбіз. Айталық, Скандинавия түбегінің өзінде қан­шама жел диірмені барын көбіміз біл­мейміз. Ел сол тегін желді іске асырып, тұр­мыстарына пайдалануда. Бір кездері бізде жел, су диірмендері болмады ма? Қазір ол санаулы екі-үш жерде ғана. Демек, елімізде энергия өндірудің балама көздері бар болса, оны дамытудың мүмкіндігін неге пайдаланбасқа?! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «ЕХРО – 2017» көрмесіне дейін осы мәселеге ерекше ден қойып, тапсыр­ма­лар беруі көрегендік деп ойлаймын. Біз көр­меге дейін желден қуат өндіру орын­да­рын жасап алсақ, шеттен жаңа технология да келері анық.

– Демек, сіздерде «ЕХРО-2017» көр­месіне өздеріңіздің үлестеріңізді қоспақ ойдасыздар ғой?

– Экспедиция кезінде біздер көп нәр­сені байқап, көңілге түйгенбіз. Көрменің аясында кейбір бағдарламаларға қатыссақ деген ой бар. Біз мемлекеттік бюджеттің мойнына масыл болмай, еліміздегі туристік әлеуетті арттыруға, ғылымды дамытуға ба­ғытталған жобалар жасауды іске асырсақ дейміз. Елге көмегін тигізетін алпауыт ком­паниялар мен қаржысы бар «қазақпын» дейтін азаматтарды осыған тарта отырып, жұмыс істеу. Солар арқылы үлкен саяхат ұйым­дастырып, жеріміздің көркем табиға­тын қонақтарға таныстыру. Олар біздің экспедиция кезінде әзірлеген фото-мате­риал­дар арқылы танып-білуіне мүмкін­дік­тері бар. Елбасы өзінің халыққа арнаған Жолдауында Қазақстан ғылымын дамытуға ерекше назар аударып, бағыт-бағдар беруі – еліміздегі ғылымның дамуына, эко­номикасының өркендеуіне, әлеуметтік жағ­­дайдың көтерілуіне жол ашып берді. Қазақ география қоғамының мақсаты мен мүд­-десі де – осы. Кейбір ғылымдағы жеке бастамаларға мұрындық болу – қоғамның жұмысы. 2010 жылы дүниеге келген қоғам еліміздегі туризм мен саяхатты дамытуда біраз жұмыстар істеді. Қоғамда географ-ғалымдар тың бастамалар көтеріп, елге пай­далы жұмыстарды іске асыруға үлес­терін қосып келеді. Соның ең бір елеулісі – Оңтүстік полюске бірінші рет Қа­зақстанның экспедициясы Тәуелсізді­гі­міз­дің 20 жылдығына арнап, Антарктидаға сапар шегіп, Қазақстанды әлемге танытты. 16 желтоқсанда республика туын Оңтүстік полюске тікті. Бұл – Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған жағдай. Сапарымыз автомобиль арқылы өтіп, 108 сағатта Оң­түстік полюске жеттік. Бұл дегеніңіз – ре­корд. Нәтижеміз Гинниестің рекордтар кі­табына енді. Оңтүстік полюспен жете та­нысып, антарктидалық мұздарды алып қайтсақ, ол отандық ғалымдарымыз бен мамандардың зерттеу жұмысына әкелген бірінші құнды дүние болды. Осының ар­қасында біздің елдің ғалымдары Антарк­тиданы зерттейтін халықаралық келісім­шартқа қосыла алады және мүмкіндік туады. Сонымен қатар Қазақстанның метеостансасының ашылу үрдісін жа­қын­даттық. Ісімізді мемлекет қолдаса, онда біз ол жақта зерттеу жұмыстарына қолымыз жетері анық. Ал елімізді тануда «Қазақстан аңыздары» бойынша жарық көрген ма­те­риалдар мектеп пен жоғары оқу орындары­на және жастарға оқулық-көрнекілік құрал ретінде ұсынылды. Онда атамекенге деген сүйіспеншілік сезімiн тудыратын тұстары аз емес. Қазақтың көркем табиғатының фо­тосуреттерін тамашалаған кез келген жаста елге деген патриоттық рухты қалыптас­ты­рары сөзсіз. Кейінгі жылдары Қазақ гео­графия қоғамы саяхаты мен экспедицияға студенттер мен жас оқытушылар көбірек тартылып отыр. Бұл – Отанымызды тану­дағы қоғамның іргелі жұмысы. Сондай-ақ «Этнос бесігі: Қазақстанның киелі жартас­тары» атты танымдық үш тілде альбом шы­ғардық. Онда кез келген адам елдің тарихы мен табиғатынан көп мағлұмат алады.

– Елімізде ішкі туризм қандай деңгейде дамып отыр? Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

– Қазақстанда шетелдіктерге мақтана көрсететін көрікті жер баршылық. Бірақ оны дұрыс пайдаланып, туризмге тән жағ­дай жасау өз деңгейінде емес. Шығыстағы Марқакөл, Зайсан жағалауларында ту­рис­тік кешендердің жоқтығы, Алакөлде де ауыз толтырып айтарлық заман талабына сай демалыс орны өз деңгейінде емес. Мен Антарктидада болғанымда сол мұзда өмір сүруге қолайсыз құрлықтың өзінде туристік сервистің жолға қойылғанын көрдім. Демек, кез келген жерде мүмкіндік бар. Оны жасау өз қолымызда. Айталық, Ала­көлдің жағалауында биодәретхана қоюға неге мүмкіндік жоқ? Жоқ емес-ау, бар. Қазіргі кезде жердің шыңырауынан тұнық су шығарып жатыр. Біз осыған келгенде енжарлық танытамыз. Оған жергілікті ат­қарушы органдар ден қоюы керек. Бұл жұ­мысты елімізде құрылған Өңірлік даму министрлігінің еншісінде деп ойлаймын. Себебі министрлік қайсы өңірде нені да­мытып, қандай іске қол жеткізуге бола­тындығына мүмкіндік берсе, ішкі туризмді дамытуға жағдай тууы ықтимал. Жаңадан құрылған министрлік әр өңірдегі іске ди­рижер сияқты әкімдердің жұмыстарын қадағалап, жауапкершілікті бақыласа, қолға алынған жұмыс алға жылжиды. Біз­дің Қазақ география қоғамы да ішкі ту­ризмді дамытудың жолдарын қарас­ты­рып, аймақтардың тұрақты өркендеуіне үлесін қосуда. Айталық, Балқаш пен Алакөл жағ­дайына көңіл аударып, екі табиғи өлкеде ем­деу-сауықтыру ісін дамыту туралы ұсы­ныс­тарымыз бар болса, Қызылорда облы­сын­дағы Қамбас көлінің жағасында бір­неше профилакторий салу туралы бастама кө­тердік. Ойымыз осындай орталықтардың құрылысына Үкімет тарапынан қаржы бөлініп, көмектессе... Бұл жерлерге «бес жұлдызды» қонақ үй қажет емес, қара­пайым халықтың қолы жететін сауықтыру орындары бой көтерсе деген ниет. Қазақ­стандағы емдеу-сауықтыру орындарының бағасы жоғары екендігін шетелдіктер айтып жүр. Оған қарапайым халықтың қалтасы көтермейді. Біз осы жағдайдың жолдарын төмендетуді қарастырғанымыз жөн. Айталық, демалушыларды тамақ­тандыру ісіне жергілікті тұрғындарды тар­тып, жұмыс істеуді қолға алған жөн сияқты. Мұндай тәжірибе Біріккен Араб Әмірлі­гінде, Түркияда, Қытайда жақсы дамыған. Мен 1989 жылы Амур жағасындағы Қы­тайдың Хэйхэ және Ресейдің Благовещенск қалаларында болдым. Хэйхэ біздің Тұзды­бастау сияқты елді мекен екен. Кейінгі жыл­­дары орыс-қытай шекаралық қаты­нас­тарының ашылуы Қытайдың Хэйхэ қала­сы елдің ең көрікті қалаларына айналып кетті. Оның осындай дәрежеге жетуі – туризм мен кәсіпкерліктің арқасы екені рас. Елі­мізде ішкі туризмді дамыту арқылы қуатты елге айналамыз. Оған біздің мүмкіндік жетеді.

– Туристік реестр мен кадастр мәселесі туралы пікіріңіз қандай?

– Өзімнің туризм саласындағы 16 жыл­дық зерттеуім бойынша, өкінішке қарай, Қазақстанда мұндай туристік құжатты, мә­лі­меттер жиынтығын жасау қолға алын­баған. Республиканың қайсы облысында не жатқанын, қай өңірде қандай табиғат ес­керт­кіші, тарихи ескерткіш, қандай мәде­ни-экономикалық нысанның орналас­қа­нын білмейміз. Бұл нысандардың құнды­лығы неде, ол жердің бағасы қандай, сон­дай-ақ оған баратын жолдың қандай екенін де білмейміз. Және де ол жерде энергия көзі­нің бар-жоқтығы анықталмаған. Осын­дай мәліметтер жинақталған жағдайда біз туристік реестр жасаймыз. Мұндай құжат болмағандықтан, қай жерде не барын, нені дамытуға болатындығын анықтау қиынға соғады. Көп кедергілерге тап боламыз. Қа­зіргі заманда мұндай нәрсе аса қажет. Білім және ғылым министрлігі тарапынан бөлі­нетін гранттарға осындай құжатты дайын­дау жобасын ұсынсақ деген ойымыз бар.

Ол – ел экономикасын дамытуда жүргізіліп жатқан жобаларға таптырмайтын құжат­-тар. Мысалы, «Батыс Қытай – Батыс Еуро­па» жолындағы құрылыста даулы мәселе­лер аз емес. Жол бойындағы экологиялық ахуал ескеріліп, ойластырмаған тұстары кездеседі. Бұған жерлікті әкімдер жауапты. Ал туристік реестр мен кадастр жасау мәсе­лесіне Туризм индустрия басшылары ерек­ше назар аударғаны жөн болар еді. Егер де ол жерлердің құжаттары бар болса, дау тумас еді.

– Сізді ғалым-саяхатшы ретінде тани­мыз, онымен айналысқаныңызға қанша жыл болды?

– Екі үлкен саяхатқа дейін көп дайын­дықтан өттім десем болады. 1981 жылы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының жаратылыстану және гео­гра­фия факультетінде туризм кафедрасын ашуға ұсыныс жасадым. Сол жылдардан бас­тап, ғылыммен қатар, спорттағы альпи­низм мен автомототуризмді дамытуға көңіл аударған едім. Ізденісім жаман болған жоқ. 1989 жылы КСРО-да өткен авто және мо­тотуризм чемпионатына қатысып, күміс ме­дальды жеңіп алсам, Бетпақдаланың елсіз 2900 шақырымын автокөлікпен жүріп, туған жердің бейтаныс жақтарымен та­ныстым. Бұдан кейін Орта Азияның құмды шөлдеріне түйемен саяхат жасап, Тянь-Шань, Памир, Карпат, Алтай, Сихотэ-Алиняға табаным тиді. Атақты ғалым Ш.Уәли­ханов сапары бойынша және Же­тісу аймағына экспедиция ұйымдастырып, қырғыздың Ыстықкөліне де жаяу саяхат жасадым. Ал ғылым саласындағы жұ­мыс­тарымды Халықаралық Мәскеу балалар мен жасөспірімдер туризмі және өлкетану академиясы жоғары бағалап, академик сайласа, академияның «Алтын компас», «Ерен еңбегі үшін», «Балалар туризміне адалдық» медальдарын берді. Өткен жылы еуропалық сапа дипломы мен еуропалық алтын медальға ие болуым – еңбегімнің жемісі. Педагогика саласындағы 36 жыл­дың 20 жылы Қазақтың Абай атындағы педаго­гикалық университетімен байла­нысты бол­ды. Осы жылдарда «Білім берудің үздігі», еліміздің туризміне еңбек сіңірген «Туризм нұсқаушысы» және «Құрметті ту­ризм қыз­меткері», «Жоғары санатты педа­гог» деген атақтар алдым. 2012 жылы Қа­зақстан жо­ғары оқу орындарының үздік оқытушысы деген құрметке ие болуым да еңбегіме берген баға деп білемін.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Жексен АЛПАРТЕГІ

Дереккөзі: aikyn.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар