АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында кадр дайындау мәселелері бойынша кәсіпкерлер палатасы, жұмыс берушілер, оқу орындары арасында 60-тан астам шартқа қол қойылды. Осылайша өңірде келешек мамандарды дуальді дайындау жүйесі белсенді түрде дами түсуде, деп хабарлады өңірлік кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінен.
«Келісім аясында студенттердің өндірістік практикасын ұйымдастыру және өткізу, оқытушылар мен өндірістік білім беру шеберлерінің біліктілігін арттыру, тағылымдамадан өткізу, түлектерді жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу бойынша мәселелер айқындалды», - деді өңірлік палата директорының орынбасары Дәмилә Құнанова.
Қазақстандық дамытудың заманауи жағдайларында жастардың білім деңгейі жоғары болуы қажет.
Дәмилә Бақтыкерейқызының айтуынша, қазіргі уақыт өз мамандарын дайындауды талап етеді, ол үшін кәсіби мамандарды дайындаудың тәсілдерін, әдістерін алмастырып отыру қажет.
Техникалық және кәсіби білім беру жүйесінде мұндай мақсаттарға жету үшін шетелдің үздік тәжірибесі енгізіліп, өзінің күшін еселеуде. Осындай тәсілмен ғана оқыту, кәсіби қызмет, жұмыспен қамтумен тікелей байланыстарды қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, Дәмилә Бақтыкерейқызы жеке бизнес үшін мамандарды дайындау мен қайта даярлау үрдісіне кәсіпкерлерді белсенді тарту тек кәсіпорынға әлеуметтік немесе экономикалық пайдалы болғанда ғана мүмкін болады деп санайды.
Осыған байланысты Кәсіпкерлер палатасы жұмыс берушілерді әріптестік жүйесіне тарту үшін ауқымды жұмыс жүргізуде.
Дереккөзі: www.inform.kz