EXPO-2017

Кадр мәселесін шешу үшін дуальдық оқыту жүйесін дамытқан жөн

14.04.2014

5718

Артта қалған аптаның соңында өткен Ұлттық инвесторлар кеңесінің отырысы – ұлттық инвесторларлың әлеуетінен бұрын, бизнестің бүгіні, экономикамыздың ертеңі, кәсіпкерліктің келешегі талқыланған үлкен жиын болған тәрізді. Кеңеске төрағалық еткен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «экономикамыздың нақты қозғаушы күші» туралы, яғни, кәсіпкерліктің әр бағытын жеке-жеке талдап шықты.

Ал кеңесті қорыта келе Елбасы кәсіпкерлікті дамытуда, шағын және орта бизнестің қарқынын күшейтуде «алға қойылған барлық міндеттерді орындау үшін жоғары білікті техникалық мамандардың аса қажет болатынын» атап өтті. «Кәсіби техникалық білім берудің қолданыстағы жүйесін толығымен дуальды білім беру жүйесіне көшіру қажет. Жаңа инфрақұрылымды және Қазақстандағы жетекші колледждер желісін дамыту керек», - деп баса айтқан Президент бұл реформаның ойдағыдай іске асуын Білім және ғылым министрлігі, компаниялар, жалпы, Үкімет, Ұлттық палатаға мідеттеп, сол міндеттердің орындалу бағытын да көрсетіп берді.

Үкіметке жаңа басшы тағайындалғаннан соң, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповті қабылдаған Президент сол кездесу барысында да дуальдық оқыту жүйесін дамыту керек дегенді әңгіме өзегі еткен. «Жастардың мектепте оқуының, техникалық-өндірістік және жоғары білім алуының маңызы зор. Компаниялар мемлекеттің көмегімен жастарды даярлау мәселесін өз мойнына алуы үшін дуальдық оқыту жүйесін дамытқан жөн. Ол үшін Еуропа елдерінің тәжірибесін тағы да мұқият зерттеу қажет», – деген еді министрді қабылдаған кезде Н.Назарбаев.

Жалпы, Президент бұл бастама туралы екі жыл бұрын айта келе, отандық компанияларды осы жүйені қолдауға шақырған әрі Үкіметке бастаманы кешіктірмей қолға алу туралы тапсырма берген болатын. «Жас Отан» жастар қанатының ІІ съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бүгінде бұл жүйе 60 елде жұмыс істеуде. Мен барлық қазақстандық компанияларды осы жүйемен шұғыл айналысуға шақырамын, ал Үкіметке оны қадағалауды тапсырамын», - деген болатын. Іле-шала, Үкімет те Қазақстандағы 100-ден астам колледж осы жүйе арқылы жұмыс істейтін болады деп мәлімдеген еді. Содан бері еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беру орындары дуалдық білім беру жүйесіне аяқ басып жатыр. Бұл жүйені енгізген мекемелердің студенттері оқу уақытының 70-80 пайызын тәжірибеге арнайды деген сөз. Ал студент оқу орнынан тек диплом ғана емес, тәжірибені қатар ала шықса, өзіне де, жұмыс берушіге де ең керегі сол.

Негізі, дуальдық білім беру жүйесі осы жылдар арасында мықтап қолға алынып жүр дегеніңіз болмаса, Қазастан үшін айды аспаннан шығаратындай жаңалық емес екені белгілі. Себебі, егемендік алмай тұрып-ақ, Қазақ елінің аумағындағы кәсіптік-техникалық білім беру орындары осы жүйені тәжірибе ретінде қолға алып, тиімді екеніне көз жеткізген болатын. Кеңестік кезеңде «училищелердің» барлығы дерлік дуальдық оқыту жүйесіне ұқсайтын әдіспен талай студенттерді оқыта отырып, оларды «күшпен» тәжірибеден өткізетін. Өндірістегі тәжірибенің үлесі 50-60 пайыздың арасында болатын. Бірақ, экономиканың жоспарлы түрде қысқарып, көптеген өндірістердің жабылуы оқу орындары мен жұмыс берушінің арасындағы осы байланысты үзіп тастады.

Дегенмен, тоқсаныншы жылдардың дағдарысынан кейін дуальды жүйеге тағы да жан кіре бастады десек болады. 1995-1998 жылдар аралығында ел аумағындағы кәсіптік-техникалық білім беретін үш оқу орны, атап айтсақ, Алматы қаласындағы №1 кәсіптік мектеп базасында, Ақмола облысы Қызылжар ауылындағы кәсіптік мектеп пен Павлодардағы Бизнес колледжінің базасында дуальдық жүйенің алғы шарттары енгізілген. Осы үш оқу орнында қонақ үй ісін жүргізу, мейрамхана бизнесі, ауыл шаруашылығы және банктік қызмет сияқты мамандықтар бойынша білім алған студенттер теория мен қатар тәжірибені де бірдей үйренуге мүмкіндік алған. Ең қызығы, бұл Германияның техникалық ынтымақтастық жөніндегі орталығымен өзара байланыс орнатыла отырып жасалған қадам еді. Ал қазір Германия оқытудың дуальдық жүйесін жоғары деңгейде дамытқан бірден бір мемлекет екені белгілі және біздегі техникалық білім мекемелері дәл осы Германияның тәжірибесін алға тарта отырып, жұмыс істеуде. Бірақ, бұл туралы сәл кейінірек талқылаймыз.

Сонымен, не керек, алғашында тәп-тәуір болып көрінген бұл бастама да аяқсыз қалды. Қазақстандағы ЖОО-лар да, кәсіптік-техникалық білім беретін орындар да студентке тек теорияны үйретіп шығаратын (жаз мезгіліндегі және соңғы курстардағы бірнеше апталық міндетті тәжірибені айтпағанда) жүйемен жұмыс істеді.

Сарапшылардың айтуынша, дуальдық жүйенің дамуына Азиялық дағдарыстың салқыны тиген, әрі XX ғасырдың соңғы он жылдығында білімі жоғары, біраз жылғы тәжірибесі бар мамандар әр салада да көп еді. Сондықтан, жаңа бітірген студенттерге жұмыстың қыр-сырын үйретіп жатқанша, көптеген жұмыс берушілер сол мықты кадрлардың жағдайын жасап, «жібермей» отырған. Бірақ, техника ғана емес, адами капиталдың да «тозатыны» рас. Тәжірибесі көп мамандардың жасы ұлғайып, бірақ ізін қуушылар азайғанда, жұмысы ауыр, жалақысы бастапқыда аз, кейін де көп жарыта қоймайтын салаларда маман тапшылығы көп біліне бастады. Міне, осы проблеманы шешу үшін жұмыс берушілердің өзі өндірісті әрі қарай айналдырып әкететін жас, білімді, тәжірибесі бар мамандардың даярланып шығуына зәру болып қалды. Әр жерде бас көтерген жұмыс берушілер оқу орнын бітіріп келген студенттер теорияға бар болғанымен, өндірістегі жұмыстарға жоқ екенін айтып жүрді. Энергия жөндеу, құрылыс, энергия монтаждау салаларына жастар онсыз да көп қызығушылық танытпай отырғанда, білікті мамандары зейнет жасына жетіп қалған ірілі-ұсақты компаниялар, жалпы, еліміздегі осындай салалар маман тапшылығын қатты сезді. Әлі күнге дейін осы үрдіс жүріп келеді. Оның үстіне, еліміз үдемелі индустриялық-инновациялық дамуға бет алған жылдардан бері өндіріске «дипломы ғана емес, тәжірибесі бар маман жіберу» қағидасы өзектене түсті. Өндірістің шағын салаларын айтпағанда, машина құрастыру, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, медицина, құрылыс жүргізу сияқты экономиканың ірі бағыттарында білікті маман тапшылығы үнемі айтылады. Сондықтан да, «Қазақстан-2050» Стратегиясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кәсіптік білім беру жүйесіне нақты реформа жүргізіп, экономиканың барлық саласына қажетті мамандар даярлау жүйесін жақсарту туралы тапсырма берген болатын. «Қазақстан дамуының жаңа бағытын ескере отырып, 2013 жылдан бастап мамандарға халықаралық үлгідегі сертификаттар бере отырып, инженерлік білім беру және заманиу технологиялар жүйесін дамытуды тапсырамын. Кәсіптік-техникалық және жоғары білім беру жүйесі, ең алдымен, ұлттық экономикамызға қазір қажетті және болашақта аса қажет болатын мамандарды даярлауға бағытталуы керек. Бұл сайып келгенде халықты жұмыспен қамту мәселесін шешеді»,-деген болатын Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты былтырғы Жолдауында.

Президент, осылайша, жоғары және орта білім беру жүйелерін дамыту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесін қалыптастыру туралы ұсыныс айтқан болатын. Және Германияға жасаған сапары барысында да Президент Нұрсұлтан Назарбаев дуальдық оқыту жүйесін одан әрі дамытудың және осы бағытта ынтымақтастық орнатудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашқан.

Осы және өзге де шаралардың жемісіне тоқталсақ, Қазақстанның техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытудың басты мақсаты – «Қоғам және экономиканың индустриялық-инновациялық дамуының сұранысына сай, әлемдік білім беру кеңістігіне ықпалдастыра отырып, кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін жаңғырту» болып бекітілді. Кәсіптік-техникалық білім беру орындарының жұмысын жетілдіру саласындағы мемлекеттік саясат 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасынан да айқын көрініс табуда. «Білім беру» туралы Қазақстан Республикасының Заңына да «корпоративтік білім беру» деген түсінік енгізілді. «Самұрық-Қазына» АҚ, «Қазақстан темір жолы», «Қазагро», «АрселорМиттал Теміртау», «Қазақстан Инжиниринг», «ҚазМұнайГаз» сияқты ұлттық компаниялар дуальдық оқыту жүйесіне қатысып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстардың тағы бір жаңалығы – «Кәсіпқор» холдингі еді. Холдингтің негізгі стратегиясы – еліміздің төрт аймағынан әлемдік деңгейдегі колледждер мен аймақаралық орталықтар ашу болып табылады. Холдинг сайтындағы деректерге сүйенсек, Астана және Алматы қалаларынан ашылатын екі жаңа колледж, Атырау, Өскемен, Екібастұз, Шымкент қалаларында салынатын (Атыраудағы орталық іске қосылған - агенттік) төрт аймақаралық орталық, кәсіптік және техникалық білім беретін мемлекеттік ұйымдар арасынан он әріптестік колледж осы «Кәсіпқордың» құрамына енетін болады.

Дегенмен, түп мақсаты студенттерді біліммен қаруландырып қана қоймай, оларға мамандығы бойынша біраз тәжірибе беру болып табылатын дуальдық жүйені әлі де дамыта түсу керек. Бұдан ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық. Дуальдық жүйе қалыпты құбылысқа айналып, оқу орындары мен жұмыс берушілер арасында мықты байланыс орнаса, қолына диплом алған әрі оқу барысында-ақ мамандығының қыр-сырын меңгерген студентке ешкім де «тәжірибең жоқ» деп айта алмас еді. Солайша, білімді, бірақ жұмыссыз жастардың саны әлдеқайда азаяры сөзсіз.

Жоғарыдағы уәдені ұмытпай, енді Германияның тәжірибесіне тоқталсақ. Бұл елдегі шағын және орта бизнес түгелдей дуальдық жүйеге арқа сүйейді десек болады. Немістің дуальдық жүйесі бойынша, оқу орындары тәуелсізжұмыс істейді және студенттерін тәжірибеден өткізетін кәсіпорындармен тығыз ынтымақтастық орнатады. Бұл елде мемлекет мойындаған 350 мамандық бар. Студентті кәсіпорыннан өткізу үшін кететін шығынның 1/3 пайызын әртүрлі органдар арқылы мемлекет өтеп береді. Кәсіптік-техникалық оқу орындарында жастар 2 жылдан бастап үш жарым жылға дейін білім алады. Осындай мекемелердегі оқу орындарының 80 пайызын шағын және орта фирмалар «жабады», яғни, былайша айтқанда, өздеріне қажетті мамандықтарды айтып, сондай маман иелерін оқыту туралы келісімге келеді. Студент аптасына бір-екі рет қана теорияға уақыт бөлсе, аптаның қалған үш-төрт күнінде практикада жүреді. Сонымен қатар, студенттердің еңбегі ай сайын жәрдемақы ретінде төленіп тұрады. Жалпы, неміс жастары арасында дуальдық жүйеге өте жоғары баға берілген. Олар үшін бірнеше жыл ішінде теориямен қатар, тәжірибені игеріп шығу «жоғары оқу орнын тәмамдады» деген атақтан әлдеқайда артық. Германиядағы жастардың 70 пайызы кәсіптік-техникалық оқу орындарын таңдаса, қалған 30 пайызы бойынша университеттерге оқуға түседі дейді. Қазіргі таңда Германиядағы 3,6 миллионнан астам кәсіпорынның бес жүз мыңы осы дуальдық жүйеге қатысады екен.

Анықтама үшін: Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда 900-ге жуық кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдары бар. Оның ішінде 513 мемлекеттік мекеме болса, қалғаны жекеменшік. Бұл оқу орындары 177 мамандық пен 416 біліктілік бойынша дәріс береді.

Источник: bnews.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар