Диас ТАСТАНБЕКОВ, Назарбаев университеті күн энергиясы зертханасының кіші ғылыми қызметкері: ЖАСҚАНШАҚ ЕМЕС, ЖАҢАШЫЛ БОЛУҒА ҮНДЕЙМІН
- Диас, ғылым саласына зейініңіз қалай ауды?
- Бала кезімде үлкендерге сұрақ қойып, мазалай беретінмін. Көбіне адамдар жайлы сұраймын. Олардың кітапта жауабы жазыла бермейтін іс-әрекеттеріне өзімше жауап іздейтінмін. Психологияға құмар едім, алайда, өсе келе химияға аңсарым ауды.
Мектепте үздіктер қатарында болған жоқпын. Тіпті, бірінші сыныптың өзін үш қайтара оқып, он шақты мектеп ауыстырдым. Бірақ, өсе келе жаратылыстану ғылымдарына қызыққаным сонша – жалпы орта мектептердегі оқу бағдарламасы жалықтыра бастады. Кейін досымның ақылымен, өз қалауыммен тереңдеу білім беретін лицейге ауыстым. Өмірлік ұстазыма айналған сынып жетекшім Гүлнәр Кенжебайқызы математикаға деген алабөлек зейінімді байқап, ғылымға бағыт сілтеді.
- Қай елде білім алдыңыз?
- Магистрлік білім алу үшін біраз оқу орындарын шолып шықтым. «Полимерлік химия» саласына қызықтым. Достарыма айтар бір кеңесім, ешқашан университеттердің жалпы рейтингісіне сүйенуге болмайды. Салалық мамандықтардың деңгейіне қарап таңдау шарт. Мысалы, Ұлыбританиядағы мен оқыған кішігірім ғана Шеффилд қаласының университетінде екі бағытта мықты мамандар даярлайды. Олар – халықаралық қарым-қатынастар және жаратылыстану факультеттері. Жаратылыстану факультетінің ішінде химия кафедрасы жоғары деңгейде білім беретін базалық орталық болып табылады. Мен аталмыш университеттің «Polymers for advanced technologies» мамандығын тәмамдадым.
- Еуропада көптеген қазақ жастары білім алуда. Шеффилд университетінде отандастарымыз көп пе?
- Шеффилдте жиырмаға жуық қазақстандық студент білім алдық. Оның ішінде химия факультетінде жалғыз өзім болдым. Алайда, көршілес Манчестер қаласында екі жүзге жуық, Лондонда мыңнан аса қазақстандық оқыды.
- Өзіміздегі білім сапасымен салыстырғанда айырмашылық бар ма?
- Айтарлықтай айырмашылық жоқ. Бізде де білікті мамандар жетерлік, алайда, салалық базамыз әлсіздеу. Бакалаврды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де бітірдім. Қара шаңырақтың мен үшін ұлағаты көп. Ұстаздарым Григорий Мун, Галина Сафарғазықызы, кванттық химиядан дәріс берген Есен Едашұлы ағайдың тәлімдері мәңгілік азық болардай.
Көп замандастарым шетелде оқуға құмартады. Егер өз еліміздегі білім сапасын қазіргі деңгейінде сақтап дамытсақ, біздің университеттер де әлемдік аренада бой көрсете алады.
- Елге оралғасын табысты қызмет тілемей, уақытыңызды біржола ғылымға арнауға бел буыпсыз…
- Бүгінде Назарбаев университетінде «Research and innovation system», яғни, күн энергия зертханасында кіші ғылыми қызметкермін. Еуропада оқып жүріп-ақ, осы университетте жұмыс істеуім керектігін түсіндім. Қазір полимерге қатысты жобаларды іске асырып жатырмыз. Алғашында дәріні полимермен қаптау технологиясын қолға алдық. Нано өлшемді дәрі құтылары инженерлік тәсілмен жасалды. Ал, екінші негізгі жұмысымыз – полимерден жасалған күн батареялары.
- Бұл ізденістеріңіз қызық екен. Күн батареялары жөнінде тарата айтсаңыз…
- Қазіргі таңда дүниежүзі ғалымдары күн батареяларының тиімділігін арттыру жолдарын қарастыруда. «ЭКСПО-2017» көрмесінің де басты тақырыбы – болашақ энергиясы. Ал, болашақ энергиясы желден, күннен алынады. Күн батареялары түрлі материалдардан жасалады. Технология жағынан егжей-тегжейлі зерттелген, қазір кең қолданылатын материал – кремний. Кремнийдің шикізаты елімізде жетіп артылады. Үштөбеде кремнийді өндіріп, Өскемендегі арнайы зауытта 99,9999 дәрежесіне дейін тазартады. Ал, Астанадағы «Astana Solar» зауыты дайын фотоэлектр модульдерін құрастырып, нарыққа шығарады. Алайда, кремнийден жасалған күн батареялары технология жағынан дамыса да, энергиялық жағынан тиімсіздеу. Экологияға да азды-көп зияны бар. Оны өндіру барысында әртүрлі химикаттар ауаны ластап, отынды көп жейді. Біз осындай мәселелерді негізге ала отырып, кремнийді полимермен алмастыру мүмкіндіктерін іздестірудеміз.
- «ЭКСПО-2017» көрмесіне қандай жобалар ұсындыңыздар?
- Біз біраз ұсыныстар айттық. Менің ұсынған бірінші жобам – ғимараттардың қасбеттерінің бояғыштарына катализатор қосу. Катализатор (титан оксиды) өте арзан және ол ауадағы зиянды қалдықтарды жояды. Екінші ұсынысым – ауадан газ жинау. Гелий, азот сынды таза газдарды ауадан сүзіп алу құрылғысын орнатуға болады. Бұл жаңалық емес, ондай құрылғы тәжірибеден өтіп, пайдасы дәлелденген.
Меніңше, «ЭКСПО» – ең әуелі ғылыми тұрғыда нәтиже беруі тиіс. Мысалы, Ресейдегі «Сколковоға» ғылымды көтеру үшін миллиондаған ақша бөлді. Алайда, онысы әлі мардымды нәтиже бермеді. Сондықтан, бізге тиянақты ғылыми әзірлік қажет.
- Болашақта түбегейлі полимер материалдарын нысанаға аласыз ба, әлде басқа бағытта да ізденгіңіз келе ме?
- Полимерден бөлек өзімнің жеке авторлық бірнеше жобамды да қатар алып жүрмін. Оның бірі – бүгінде отандық ғалымдарымыздың мақұлдауынан өтіп, Америкадағы «ОRAU» сарапшылар ассоциациясына жолданған қағазды қайта өңдеу жобасы. Күллі әлемді алаңдатқан қағаз мәселесі мені де бей-жай қалдырмады. Осы орайда, қолданған қағазды бояуынан тазарту жобасын іске асыруды жөн көрдім. Егер көміртек газын сұйық күйінде жылытса, ерекше фазаға айналады. Бұл фазада ол мықты еріткіш қасиетке ие. Арнаулы құрылғыда жасалған тәжірибеміз оң нәтижесін берді. Екінші авторлық жобам – «Рахмет» деп тіл қататын қоқыс жәшігі. Бұл жұмысты «start up» бизнес моделінің аясында дамытқым келеді. Қаласаңыздар «В контакте» әлеуметтік желісінен «akyl-d» бетшесін ашып, өнертабысыммен танысуларыңызға болады. Әзірше тек ғимараттардың ішінде қолданысқа жарайды.
- Сіздің жобаларыңыз қоршаған ортаны қорғауға арналған екен. Қоғамға қатысты тағы қандай сұрақтар мазалайды?
- Мені адамдардың уайымсыз-қамсыз жүруі алаңдатады. Жақында ғана «1984» және «О, дивный новый мир» атты желісі антиутопияға негізделген екі кітап оқып шықтым. Іштей түйгенім, адам бұл өмірде тар шеңберге қамалып қалмауы тиіс. Біздің қоғамның бойында тұйықтық, жасқаншақтық басым. Өз ой-пікірімізді тек әлеуметтік желілерде, форумдарда ғана емес, қоғамдық орындарда еркін жеткізуге машықтануымыз керек.
Источник: www.astana-akshamy.kz