Ғылыми жаңалықтар

Экономиканың мәселесі ғылымның түйіткілі болуы тиіс

17.02.2014

4222

Рахман АЛШАНОВ, Қазақстан Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, экономика ғылымдарының докторы, профессор.

Қазір елімізде ғылымға айрықша көңіл бөлінудe. Елбасы соңғы Жолдауында отандық ғылым мен білімге бөлінетін қаржы көлемін ЖІӨ-нің 3 пайызға дейін жеткізу турасында Үкіметке тапсырма берілді. Осы бір оқиға отандық ғалымдар арасында соны серпіліс тудырғандай. Бүгінде елімізде ғылымға негізделген инновациялық кәсіпорындар біртіндеп жұмысты бастады. Осы жайттарды ескеріп, Қазақстандағы ғылым мен өндіріс арасындағы байланыс, экономикалық жүйеге қатысты көкейде жүрген сұрақтарымызды экономика ғылымдарының докторы, профессор Рахман Алшановқа қойып, тұщымды жауап алдық.

– Рахман мырза, соңғы уақыттары билік басындағылардың ғылымсыз экономика бір сүйем де алға баспайтынына көздері жетті. Қалай ойлайсыз, қазақ ғылымының экономиканы алға сүйрейтін әлеуеті бар ма?

– Қазір қоғамдық қатынастар жылдам өзгеруде. Өз басым ғалымдардың сергек, ғылымға деген құлшынысын арттыруға Елбасының биылғы Жолдауы айрықша әсер етті деп есептеймін. Бүгінде АҚШ-тан бастау алған қаржы дағдарысы әлі шегіне жеткен жоқ. Мұны біз Еуропадағы қиын жағдайлардан анық аңғарамыз. Іргедегі Қытайдың өзі де біраз қиындықтармен бетпе-бет келіп отыр. Дүниежүзінің 184 елімен саяси-экономикалық байланыс орнатқан Қазақстан үшін бұл – үлкен мәселе. «Әлемнің бір қиырында орын алған дағдарыстан келіп-кететін ештеңе жоқ» деп мамыражай отыруға әсет болмайды. Қазіргі таңда мемлекет табысының 80 пайызы мұнай мен газды экспорттаудан түсіп отыр. Әзірше, әлемдік нарықта шикізаттың бағасы жоғары болып, айымыз оңынан туып тұр.

Жолдауда Елбасы елімізді асырап, сақтап отырған мұнай-газ және тау-кен саласына терең геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Бізде жер қыртысын зерттейтін мамандар да, мүмкіндігіміз де мол. Сондай-ақ, Президент ғылым мен жоғары технологияны дамыту мәселесін де назардан тыс қалдырған жоқ. Қазір заманауи экономиканы ғылымның араласуынсыз елестету мүмкін емес. Бұған жерасты байлықтары өте аз Оңтүстік Корея, Сингапур, Жапония, Малайзия сынды елдердің іс-тәжірибесі айқын дәлел бола алады. Олар жаңа технологияларды дамытып, экономикасын өркендетті. Қазір Қазақстан қазба байлығы бойынша дүниежүзінде алтыншы орында. Ал оны жан басына шаққанда, ешбір елге дес бермейді. Біздер осы байлыққа мастанбауымыз керек. Қазіргі таңда дамыған елдердің өздері басым бағыттарын белгілеп, етек-жеңін жиып жатыр. Айталық, Германия көлік құрастыру және химия саласын басым бағыт ретінде таңдаса, АҚШ ақпараттық технологияны дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Осылайша келешегіне бей-жай қарамайтын елдер өз таңдауларын жасауда. Президент мұндай үрдістен Қазақстанның да шет қалмауы керектігін айтып, жақын болашақта дамытуды қажет ететін бірнеше бағыттарды атап көрсетті. Осы ретте Мемлекет басшысының гендік тұрғыдан модификацияланған ауыл шаруашылығы дақылдарын дамыту керек деген бастамасы өте орынды деп есептеймін. Еуропа елдері бір гектар жерден 80 центнерге дейін бидай алса, бізде әр гектардан 8-10 центнер өнім аламыз. Мұндай алшақтықтың орын алуына Қазақстанның қатал табиғаты әсер ететіні белгілі. Сондықтан біздер алдағы уақытта шөлейт аймақтарға төзімді, өнімділігі жоғары гендік тұрғыдан модификацияланған дақылдардың жаңа түрін өсіруге көшуіміз керек. Сол кезде біздің шаруалар Еуропадағы әріптестерімен бәсекеге түсетін деңгейге жетеді. Бұдан басқа суды үнемді пайдаланудың жолын да қарастырған жөн.

– Қазақстан ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы ел ретінде әлемге танымал. Сіздің ойыңызша, агротехнологиялық жұмыстарды өрістетуде қандай бағыттарды қамтуымыз қажет?

– Иә, Қазақстан экономикасы үшін ауылшаруашылығы өндірісі маңызды сала. Сондықтан бұл бағытта ғылымның көмегіне жүгініп, мол өнім алу басым бағытқа айналуы тиіс. Кең байтақ Қазақстанның аумағында ауа райы әр бес жыл сайын құбылып тұрады. Қазір шаруалар ауа райы қолайлы жылдары жақсы өнім алып, қуаңшылық кезінде шығынға батып жүр. Алдағы уақытта ғылымның көмегімен агротехникалық жұмыстарды сауатты жүргізіп, қуаңшылыққа төзімді дақылдарды өсіретін болсақ, шығын шекпеудің жол табуға болады.

Соңғы жылдары Қазақстан ойламаған жерден майлы зығыр өсіріп, оның өнімін сыртқа экспорттаудан әлем бойынша екінші орынға көтерілді. Мәселен бір гектар жерге бидай ексек, одан ары кеткенде 10 центнер өнім алып, бидайдың бір тоннасын 80-100 доллардан әлемдік нарыққа саудалаймыз. Ал дәл осындай аумаққа майлы зығыр ексек, одан да 10 центнерге дейін өнім алуға болады. Бірақ оның әр тоннасын 750 доллардан сатуға болады. Осыдан-ақ, қазіргі таңда майлы дақылдарды өсірудің қаншалықты пайдалы екенін аңғаруға болады. Қазір шетелдің ғалымдары зығырдан еденге төсейтін ленолеум шығаруда. Қалдығын мал азығы ретінде пайдалануға болады. Тағы да айта түссек, сырт елдерден жылына 170 мың тонна құс етін сатып аламыз. Оның 150 мың тоннасы АҚШ-тан әкелінеді. Сонда біз тауық өсіре алмаймыз ба? Жоқ. Бізде мал азығын өндіру ісі жолға қойылмаған. Егер біздер зығырды кең көлемде өсірсек, одан май мен мал азығын дайындап, құс шаруашылығын дамытар едік. Осы ретте мәселенің бір ұшы барып, тағы да ғылымға тірелетінін байқайсың. Алдағы уақытта Қазақстанда экономиканың мәселесі ғылымның түйіткілі болуы керектігін бажайлайсың.

Бүгінде Германияда көлік құрастыру мен химия саласы қарқынды дамытып жатқанын әңгіме арасында айттық. Немістер ірі университеттерінен бастап қарапайым колледждеріне дейін химия саласын өрістетуді басым бағытқа айналдырған. Нәтижесінде олар жыл сайын химия саласы бойынша 20 мыңнан астам жаңа өнім түрін шығарып жатыр. Қазіргі таңда Украина мен Ресей бидай экспортында топбасшы ел болу үшін таласып жүр. Біздер бидай экспорттап келген елдердің біразын Ресей өзіне қаратып алғаны жасырын емес. Мұндай жағдайда біздің шаруалар не істеуі керек? Әрине, басқа дәнді-дақылдарды өсіруге көшуі тиіс. Мәселен, іргеміздегі Қытай жыл сайын 35 млн. тонна сояны сырт елдерден тасымалдайды. Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі мамандар осы бір жайтты басшылыққа алып, қазақстандық диқандардың соя өсіруіне бағыт-бағдар беруі керек. Құзырлы орындар шаруалардың шығынсыз жұмыс істеуіне мүдделі болуы тиіс. Сол сияқты алдағы уақытта ЖОО мен ҒЗИ қаржыны жұмсаудан бөлек, одан нәтиже шығаруға баса көңіл бөлуі керек. Соңғы нәтиже – инновация болуы шарт. Қазақстанда ғылымға өмірін арнаған мамандар көп. Алдағы уақытта солардың басын біріктіріп, ғылым мен экономиканың арасын жақындатуымыз қажет.

Президент Жолдауда Астана мен Алматыда, Шымкент пен Ақтөбеде ірі ғылыми орталықтар құрып, аймақтарда ғылымды дамытуды Үкіметке тапсырды. Ғалымдар технопарктерде ғылыми-зерттеу жұмыстармен айналысып, оны өндірістік деңгейге жеткізгенші тынбай еңбек етуі тиіс. Оған Үкімет барлық жағдай жасуы керек. Қазіргі таңда технопарктерде жұмыс істейтін ғалымдарға бірқатар салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Жаңа технологияларды технопарк аумағына әкелгенде кедендік алымдар салынбайтыны белгілі. Мұның өзі ғылым үшін зор мүмкіндік болып тұр. Қазір әлемде ғылымды трансференттеу, яғни, тасымалдау деген ұғым-түсінік қалыптасқан. Алдағы уақытта бізде де сырт елдердің озық технологияларын әкеліп, игілігін көруге күш салуымыз керек.

– Шетелдің технологиясын тасымалдауды кейбіреулер дұрыс түсінбеуі мүмкін. Бұған қатысты қандай ой айтар едіңіз?
– Біз барлық салада көшбасшы бола алмаймыз. Оны мойындайтын кез жетті. Сырт елдермен ғылыми ықпалдастықты дамытудың еш сөкеттігі жоқ. Айталық, көлік құрастыру саласында оқ бойы озық келе жатқан «Тойота» компаниясы жыл сайын жаңа технологияларды дамытуға 7 млрд. доллар жұмсайды. Сондықтан шетелдің озық технологияларын елімізге әкеліп, оның игілігін көру басым бағыттардың бірі болып қала беруі тиіс. Бізде «Ғылым туралы» Заңның қабылданғанына көп бола қойған жоқ. Қазіргі таңда ғылымды қаржыландырудың жаңа жүйелері қалыптасуда. Сондықтан ғылым саласында алар асуымыз әлі алда деп білемін. Соңғы жылдары ғылыми жобалардың саны бірнеше есеге өсті. Алдағы уақытта олар өз нәтижесін бере бастайды. Ғылымға кеткен ақшаны текке жұмсалған ақша деп қарастырмауымыз керек. Кейде бір жобаларға жұмсалған ақша ақталмауы мүмкін. Бұдан мемлекет қаржысы босқа жұмсалды деп қорытынды шығаруға болмайды. Ол жоба болашақта іске асыратын жоба болуы мүмкін. Бұдан басқа ғалымдар өздерінің ноу-хауларын саудалай білуі керек.

– Сонда ғалымдар өздерінің ашқан жаңалықтарын сырт елдерге сата беруі керек па?
– Анығында солай. Бұл жерде ұлттық мәселелерді айтып, кеуде ұрудың жөні жоқ. Бұл әлемдік ғылыми-техникалық даму үрдісінің басты талабы. Қазіргі таңда біздің ғалымдар жаңа двигатель ойлап тапқандарын айта бастады. Ал оны өндіріске енгізіп, пайда табу мәселесін ешкім ойлап жүрген жоқ. Елімізде шетелдің көлік құрастыратын компаниясымен біріккен кәсіпорын жұмыс істейді. Бірақ олар қазақ ғалымдарының жаңа двигательін сатып ала қоюы екіталай. Сондықтан ғалымдар бірінші кезекте ғылыми жаңалықтарының өндірістік шығынды ақтауына баса мән беруі керек. Өкінішке қарай, біздің ғалымдар өздері ойлап тапқан ғылыми жаңалықты конвейрге қоюды, яғни, өндіріске шығаруды мемлекеттің жұмысы деп есептейді. Иә, мемлекет ғалымдарға қолдау көрсетуі тиіс. Бірақ ғалымдар жаңалықтарын іске асыру барысында қазіргі Қазақстан жағдайын ескеруі керек. Тағы бір мысал. Қарағандыда бір өнертапқыш гильзасыз атылатын қару ойлап тапты. Әлгі өнертапқыш қаруын тек қана Қазақстанда шығарғысы келетінін, жобасын шетелдіктерге сатпағанын ақпарат құралдары жарыса жазды. Меніңше, қазір ғылымға мұндай көзқараспен қарайтын кезең емес. Біріншіден, Қазақстанда өнертапқыштың жаңа қаруын өндіріске қойып, мыңдап шығаратын кәсіпорын жоқ. Екіншіден, қазір ғылымы дамыған елдерде идея жетіспейді. Айталық, біздің өнертапқыштың жаңа дүниесін сатып ала алмаған қару-жарақ шығаратын компанияның өкілі еліне барған соң, «Қазақстандық өнертапқыш бізге өзінің ғылыми жаңалығын сатпады. Енді гильзасыз атылатын қаруды өздерің ойлап табыңдар» деп мамандарына тапсырма беретіні сөзсіз. Олар осы бір идеяны басшылыққа алып, аз ғана уақытта қазақстандық маманның ойлап тапқан қарудың басқа түрін шығаратыны сөзсіз. Осыдан кейін біздің ғалым ескерусіз, елеусіз қала береді. Сондықтан ғалымдар өздерінің ғылыми жаңалықтарын патенттеп, саудалап, пайда табуды үйренуі шарт. Мұның ешқандай сөкеттігі жоқ. Өйткені біздер нарықтық қоғамда өмір сүріп отырмыз. Дүниежүзінде экономиканың көптеген салалары бойынша өнім өндіріп жатқан кәсіпорындар бар. Оның бәрін бір ел шығара алмайды. Осыны түсінген жөн.

Қазіргі заман ғалымдардан ноу-хоуын саудалауда асқан біліктілікті талап етеді. Бұл ретте заңды жетік білудің маңызы зор. Мәселен, қазір шетелдің компаниялары ғылыми жаңалықтарды тауып, толық мәліметті жинақтап алған соң, «ақ болды, көк болды» деп теріс айналып кетуі де мүмкін. Өйткені, олар идеяны толықтай түсінсе болғаны, жинаған мәліметімен өнімді шығара алады. Сондықтан ғылыми жаңалықтарымызды дабырайтып көрсетіп, сыр шаша бермеуіміз керек.

– Рахман мырза, сіздің мына ойыңыз маған отбасылық бизнесті еске түсіріп тұр. Келешекте қазақ ғылымдары қазіргі заманауи бизнес қатынастарды терең түсініп, отбасылық бизнесті қалыптастыру керек сияқты.

– Дұрыс айтасыз. Бүгінде Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті инновациялық бағытта дамыту керектігін айтып жүр ғой. Меніңше, инновациялық шағын бизнес отбасылық бизнестің пайда болуына ықпал етеді. Кез келген адам ақыл-ойын жұмсап, негізін қалаған кәсібін ұрпағына аманаттайды. Қазір бізде шағын кәсіпкерлердің бәрі сауда-саттық саласында жүр. Олар кәсіптерін ертеңгі күні ұрпағына қалдыра алмайды. Базар жабылған бетте жұмыстары тоқтайтынын жақсы біледі. Ал өндіріспен ісін байланыстырған кәсіпкерлер мұндай мәселемен бетпе бет келмейді. Айталық, қазір Швецияда дамыған шағын бизнестің үлесі бізбен салыстырғанда үш есе көп. Олардың 80 пайызы инновациялық шағын бизнес. Ал бізде шағын бизнестің бәрі базарда жүр. Осы бір жайттан-ақ елімізде ғылым мен ілімнің тиісті деңгейде дамымағанын байқаймыз. Әрине, бұл ретте қазақ ғалымдарының қабілет-қарымына шек келтіруге болмайды. Жағдайдың бұлайша қалыптасуына Кеңес заманында бизнеске деген көзқарастың дұрыс қалыптаспағанын байқауға болады. Әйтпесе біздің ғылыми әлеуетіміз ешқандай елден кем емес.

– Жастардың ғылымға құлаш ұруы үшін не істеуіміз керек? Жұрттың бәрі Қазақстан ғылымы қартайып барады деп алаңдаулы.
– Ілгеріде АҚШ-тың Массачусетс технология иститутында барғанымда оқу орын студенттерінің ғылыми жұмыстары ел экономикасына жыл сайын 250 млрд. доллар табыс әкелетінін естіп, таңқалдым. Бұдан басқа Оңтүстік Каролин аймағында студенттердің алған білімін шыңдайтын өндірістік полигондар жұмыс істейді екен. Олар оқу бітірген кезде біздің студенттер сияқты қайда жұмысқа орналасамын деп басын ауыртпайды. Мұндай жақсы үрдіс Германияда да қалыптасқан. Неміс студенттері 14 жасанды жер серігін жасап, біздің Байқоңырдан ғарышқа ұшыруға әрекеттеніп жатқанын естідім. Бүгінде батыс елдеріндегі студенттер болашақта қажетті ғылыми жаңалықтармен кең көлемде шұғылдануда. Ғылым қашанда экономикадан бір қадам алда жүруі тиіс. Қазір бір ғана ақпараттық технологиялар саласы сегіз ай сайын адам танымастай өзгеріп жатыр. Студенттердің бірінші курста алған білім оқу бітіргенше ескіріп қалады. Ал біздер оқу бағдарламаларын бекітеміз дегенше, ғылыми үрдіс сан мәрте өзгеріп кетеді. Бұдан басқа кәсіпорындар, оқу орындар заман талабына сай маман дайындамайды деп кінә артатынын да естіп жүрміз. Осы ретте сол кәсіпорындар заман көшінен қалмай келе жатыр ма деген сауал туындайды.

– Еліміздің әр аймағында құрылған технопарктер ғылымды дамытуға қаншалықты үлес қосуда. Онда ғалымдар жұмыс істеп жатыр ма?

– Елімізде экономиканы инновациялық бағытта дамытатын бірнеше технопарктер құрылған. Бірақ олардың бәрі кереметтей жұмыс бастап кетті деп айта алмаймын. Шындығында көңіл толатындай жұмыс әлі басталған жоқ. Мемлекет ғалымдарға осы технопарктер арқылы бірқатар жағдайлар жасауда. Болашақта соны тиімді пайдалануымыз керек. Осы ретте біздер Қазақстан ғылымының даму ерекшелегіне де баса көңіл бөлгеніміз жөн. Кеңес заманында мұнай, металлургия саласы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін институттардың зертханалары ірі өндіріс ошақтарының құрамында болды. Ғалымдар өздерінің ғылыми әзірлемелерін сол жерлерде сынақтан өткізіп, тәжірибелік жұмыстар жүргізетін. Ал қазір жағдай басқаша. Ғылыми-зерттеу институттары мен өндіріс ошақтарының арасындағы байланыс жоқ. Бұл ретте екі жақта мүдделік танытуы тиіс. Айталық, қазір «Қазақстан теміржолы компаниясы» Астанада тепловоз және тіркемелер жасайтын кәсіпорын құрып, табысты жұмыс істеуде. Кәсіпорынның жұмысымен танысқанымда, олар 80 пайыз қазақстандық өнімді пайдаланып отырғанын білдім. Таяу уақытта қазақстандық мазмұнды 90 пайызға дейін жеткізбек. Тек электроникалық жабдықтарды сырт елдерден тасымалдайды екен. Бұған дейін Қазақстанда тепловоз, тіркеме құрастыру ісі болғаны белгілі. Біздер тепловозды жүргізіп, бұзылса жөндеу жұмыстарын атақырдық. Енді міне, оны өзіміз шығарып жатырмыз. Кеңес заманында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысқан ғалымдардың ғылыми жұмысы ішкі Ресейдегі өндіріс ошақтарымен тікелей байланысты болды. Бүгінде одақтас елдер өзінің тәуелсіздігін алып, жеке шаңырақ көтеріп кеткен. Алдағы уақытта ғалымдарымыздың ғылыми-зерттеу жұмыстары ел экономикасын дамытуға бағытталуы тиіс. Сондықтан Президент елімізде жетекші салаларды дамытатын технопарктер желісін құрып отыр. Олардың жұмысын үйлестіруде бағытымызды барынша айқындап алуымыз қажет. Мәселен, Астана тепловоз жасау зауыты қазір жылжымалы құрамға қажетті темір доңғалақтарды өзге елдерден сатып алуда. Болашақта олар металургия саласы бойынша нанотехнологияны дамытып, доңғалақтардың тозу көрсеткішін екі есеге азайтатын ғылыми әзірлемелерді дайындап жаңа өнім шығаруды көздеп отыр. Осылайша біздер қажетті бағыттарды анықтап, бірінші кезекте сапалы өніммен өзімізді қамтамасыз етуге күш салуымыз қажет. Содан кейін қалғанын сырт елдерге экспорттайтын боламыз. Сол сияқты Қазақстанның робот құрастыру саласында да шығар биігі зор деп есептеймін. Бүгінде Германияның көлік құрастыру индустриясында негізгі жұмыстарды роботтар атқаратыны белгілі. Мұндай роботтар жасап, немістермен бәсекеге түсе алмаспыз. Сондықтан біздің құрастыратын роботтардың міндеті мен қызметі мүлде бөлек болуы тиіс. Келешекте біздер төтенше жағдайлардың алдын алатын, экологиясы асқынған қауіп аймақтарда жұмыс істейтін роботтарды құрастыруымыз керек.

– Ғылым мен өндірістің арасын жалғамай алға баспаймыз деп айтқыңыз келіп тұр ғой, шамасы?
– Иә. Қазір Қазақстан сырт елдерге жыл сайын 130 млн. тонна шикізат өнімдерін экспорттауда. Оның бәрі теміржол арқылы тасымалданып жатқаны белгілі. Болашақта теміржол арқылы шикізатты тасымалдаудың өзі тиімсіз болып қалуы мүмкін. Сондықтан біздер қазірден бастап, шикізатты өңдеп экспорттауға көңіл бөлуіміз қажет. Жеделдетіп, тұрақты һәм әрі ұзақмерзімді дамудың жолдарын қарастырған абзал. Бұрындары бір технология экономикаға 10-15 жыл қызмет ететін. Ал қазір жаңадан шыққан технология екі жылдан кейін ескіріп қалады. Дамыған елдер мен дамушы елдердің арасындағы алшақтықты жойғаны үшін Қытай мен Оңтүстік Корея көп рахмет айтуымыз керек. Олар дамыған елдердің шығарған өнімдерін толықтай көшіріп алмаса да, соған жақын технология ойлап тауып, дамыған елдерді әлі күнге дейін өкшелеп қуып келеді. Осы жайттан-ақ өмірімізде ғылымның қаншалықты дамып кеткенін байқауға болады.

– Сөз соңында, ғалым ретінде Қазақстанды кемел болашаққа жетелейтін ғылымның қай салаларын атар едіңіз?
– Бірінші кезекте сөз жоқ ауылшаруашылығын атауға болады. Қазір дүниежүзінде халық саны күрт артып келеді. Сапалы азық-түлікке сұраныс жоғары. Сондықтан кең жерімізге мал өсіріп, егін егіп қыруар пайда табуға болады. Өндірген өнімімізді іргедегі Қытай мен Ресейге сата аламыз. Айталық, Ресей жыл сайын сырт елдерден 700 мың тонна сиыр етін экспорттайды. Өткізетін нарық дайын. Бұл үшін біздер шағын кәсіпорындар мен фермаларды дамытуымыз керек. Бүгінде жыл сайын сырт елдерден 30 мың тонна сары май сатып алудамыз. Ал ауыл халқы болса, сүттерін қайда өткізерін білмей дал болуда. Сондықтан ауыл-аудандарда ауылшаруашылығы өнімдерін өндіретін шағын кәсіпорындарды көптеп ашқан жөн. Өз басым ауылшаруашылығын Қазақстанды асырайтын мәңгілік сала деп білемін. Еліміздің көлік саласының да келешегі зор деп нық сеніммен айта аламын. Бұдан басқа «Байқоңырды» пайдаланып, телекоммуникация, GPS жүйесі арқылы көршілес елдерге қызмет көрсетіп, пайда табуға болады. Бұдан басқа Қазақстанда мұнай-химия саласының келешегі зор деп санаймын. Энергетика, медициналық туризм, фармацевтика салалары да Қазақстанды жарқын болашаққа бастайды.

Сұхбаттасқан Нұрлан ЖҰМАХАН.


«« | »»
Соңғы жаңалықтар