Измирлдегі Гедизли университетінің инженерлік факультетінде оқитын студенттер небәрі 1 литр жанармайды пайдаланып, мыңдаған шақырым жүруге қабілетті автомобиль жобасын жасады. Бұл гибридті автомобиль олардың бұрынғы еңбектерін дамытудың келесі сатысына айналды, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС.
Инженерлер келешекте 5 мың шақырымға небәрі 1 литр жанармайды ғана пайдаланатын тежегішті жетілдірмек. Түрік студенттерінің тың идеясы күн энергиясын, электр, бензин, энергияның алмасу жүйесі арасында теңгерім орнатуды көздейді. Бұл көмірсутегі отынын пайдалануды ең төменгі деңгейге дейін азайтуға мүмкіндік береді.
Студенттер тобының бұл еңбегі «Шелл Экомарафон» автопрототиптері жарысын ұйымдастырушыларды елеңдетті. Олар түрік студенттерін мамырдың ортасында Голландияда өтетін жарысқа қатысуға шақырды. Марафонға үлгеру үшін студенттер көлікті құрастырып, оның күйін келтіріп, дайындауға кірісті. Бұл сайыста олар 26 елден келген 229 командамен бақ сынасады.
Мәлімет көзі: baq.kz