Қазақстан болашақта ғылымның орталығы мен атомның бейбіт пайдаланушысы атанбақ. Бұл туралы IMEC микро- және наноэлектроника ғылыми орталығының бас ғылыми қызметкері Михаил Бакланов арнамызға берген сұхбатында мәлімдеді. Айта кетейік, аталған ғылыми зерттеу институтында қазақстандық жастар да білім алып, осы саланың қыр-сырына қанық болған. Шетелдік әріптестер алдағы уақытта да мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін жеткізді. Әлемдегі ірі ғылыми зерттеу институтында негізінен наноэлектрониканың тың технологиялары игеріледі. Мамандар кварц құмын терең өңдеп, оны түрлі микрочиптерге пайдаланады. Ғалымның айтуынша, бұл элементтің алғаш өндірілген жері – Шығыс Қазақстан. Михаил Бакланов, IMEC микро- және наноэлектроника университетінің ғылыми қызметкері: - Кремний – интегралды сызбаға аса қажетті элемент. Сондықтан алдағы уақытта Шығыс Қазақстан өңірі оның басты тасымалдаушысы болуы мүмкін. Михаил Бакланов қызмет ететін орталықта 60 елдің 2 мыңнан астам маманы жұмыс істейді. Олар қазақстандық әріптестерімен ғылым және өндіріс бағытында байланыс орнатуды жоспарлап отыр. Мақсат – бірыңғай ғылыми орталық құрып, өзара тәжірибе алмасу. Михаил Бакланов, IMEC микро- және наноэлектроника университетінің ғылыми қызметкері: - Қазақстан – уранға да бай ел. Бұл атомдық энергетиканы дамытудың таптырмас жолы. Қарағанды, Павлодар – қуат көзін көп мөлшерде пайдаланатын өңір. Сондықтан оны өндіріп, игілікке жаратқан жөн. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында отандық ғылым мен инновацияны дамытуға жалпы ішкі өнімнің 3 пайызын бөлу керектігін атап көрсеткен болатын. «Бұл осы салаларға тың серпіліс береді», – дейді ғалым. Михаил Бакланов, IMEC микро- және наноэлектроника университетінің ғылыми қызметкері: - Осы саланы дамытуға қаржымен қатар, білім де керек. Тың идеялар мен жаңа әріптестік қажет. 10-20 жылда Қазақстан Оңтүстік Корея, Тайвань, Сингапур секілді елдермен иық тірестіріп, ғылым мен инновацияның алыбы атанса таң қалмаймын. Оған Қазақстанның мүмкіншілігі бар.
Источник: 24.kz