Ғылыми жаңалықтар

Шымкенттік ғалымдар ылғалды үнемдеудің тың тәсілін тапты

28.01.2014

3964

Шымкенттік ғалымдар ылғалды үнемдеудің жаңа тәсілін ойлап тапты. Мақта қалдықтарынан жасалған түйіршіктер жаңбыр суын бойына сіңіріп, оны ұзақ уақыт сақтап тұрады. Өнертапқыштар осылайша дәнді дақылдарды құрғақшылықтан аман алып қалуға болатындығын айтуда. Бұл жолдауда айтылған егістік алқаптарындағы суды 15 пайызға үнемдеу технологиясы бойынша жасалған алғашқы қадамдардың бірі болмақ. Ылғалды үнемдеуші ұнтақтар мақта зауыттарынан шыққан соңғы қалдықтан жасалған. Ғалымдар мұндай түйіршіктерді химиялық өнідіріс қалдықтарынан да алуға болатындығын айтады. Оған қарағанда мақта шитінен жасалған ұнтақтар арзан әрі тиімді. Ұсақ түйіршіктер егіс алқабын жыртқан кезде тыңайтқышпен бірге себіледі. Топырақ астына түскен өнім жауын-шашын суын бойына сіңіріп, ылғалдылықты ұзақ уақыт сақтайды. Шамшеддин Юсупов, жоба авторы: - Қысым мен жауын-шашын мөлшеріне қарай олардың 1 граммы 1 литрге дейін суды бойында ұстай алады. Соның нәтижесінде көктем кезінде, күн қызып кеткен жағдайда бұл түйіршіктер суды үнемдеп, бидайдың суға тапшылығын 20-30 күнге дейін ұстап тұра алады. Мамандардың айтуынша, бір гектар жерге 30-40 келі ұнтақ жеткілікті. Ылғал мол түскен сайын оның көлемі де ұлғая береді. Түйіршіктер үш жылға дейін өз күшін жоғалтпайды. Кейін шіріп топырақ құрамына араласып кетеді. Экологиялық жағынан да тиімді. Ғылыми зерттеу институтының мамандары бірнеше тың жобаны егіс алқаптарында қолданып, тәжірибеден өткізіп көрмек. Мұсатіллә Тоқанов, Агроөнеркәсіп және су қоры ғылыми зерттеу институтының директоры: - Электрлік-магниттік толқынмен тек қана тұқымның өнгіштік қасиетін қоздыратын болсақ. Ал бұл жердің ылғалдылығын көбірек сақтайды. Сол себептен осы екеуін бірге қолданатын болсақ, біздің тәжірибе бойынша өнім 20-30 пайыз болса, ол одан да жоғары болуы мүмкін. Бұл жоба өзге өңірлермен салыстырғанда жаз мезгілінде күні ыстықтау болып келетін оңтүстік дихандары үшін тиімді болмақ. Өнертапқыштар өздері ашқан жаңалықтар қаржылай қолдау тапса, өндірісте өміршең боларына сенімді. Мақсат Бердіқұлов, Инновация және технологияларды коммерциялизациялау департаментінің директоры: - Біздің ғалымдар агроөнеркәсіп, химия технология және энергетика саласы бойынша 35 жоба әзірлеп, ұсынуға дайын отыр. Бұл жобалар қаржыландырылатын болса, өз нәтижесін береді деп ойлаймын. Оңтүстік ғалымдары бұрын тек тыңайтқыш ретінде қолданылып келген мақта қалдықтарын осылайша кәдеге жаратуды көздеп отыр. Расында, жоба ауылшаруашылығы саланың дамуына сеп болмақ.

Источник: 24.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар