Елбасының «Қазақстандық жол – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауын жүзеге асыру ісіне «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы белсенді араласады.
Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте осы қозғалыстың өкілдері Президенттің жаңа Жолдауы аясындағы өздерінің міндеттері туралы айтып берді. Бұл бірлестікті азаматтардың бастамашыл тобы 2013 жылдың 6 желтоқсанында құрған болатын. Жетекшісінің айтуынша, бұл – «Қазақстанға сенетін, өз болашағын сонымен байланыстыратын және өз жұмыс телімінде осы елді дамытуға шағын болса да, үлес қосуға дайын адамдардың қозғалысы».
–Қозғалыстың миссиясы ретінде біз «Қазақстан – 2050» Стратегиясында жарияланған Елбасының жаңа саяси бағытын қолдау жолымен, Қазақстанды әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіргізуді белгіледік,–деді «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалыстың төрағасы Данат Жұмин. – Біз үшін бүгінде елімізде тұрып жатқан адамдардың неғұрлым көп бөлігінің Стратегияда не туралы айтылатындығын түсінгені, оны жүзеге асыруға өзінің қатысуының маңыздылығын түйсінгені өте маңызды. Қазақстандықтар ХХІ ғасыр ортасына дейінгі бұл Стратегияның Астанада, Үкімет қабылдай салған қандай да бір кезекті құжат еместігін ұғынса дейміз, – деген ол «Қазақстан – 2050»-дің қазақ жерінде өмір сүретін барлық адамдардың болашағын «көп жылдарға оза анықтайтынын» нықтады.
Осы орайда «Қазақстан – 2050» қозғалысы жұмысының негізгі бағыты «Қазақстан –2050» Стратегиясының міндеттерін, құндылықтары мен идеологиясын орындауға қазақстандықтарды тарту болып табылмақ. Бұған қоса, қозғалыс ғасыр ортасына дейінгі басты даму бағдарламасының мақсаттарына тиімді қол жеткізілуін қадағалап, бұл іске «азаматтық мониторинг» жүргізіп отыратын көрінеді. Мұнымен шектелмей, олар Үкіметке Стратегияны жүзеге асыру бойынша тәжірибелік, нақты ұсыныстар мен рекомендациялар беруге ниетті.
«Қозғалыс қатысушылары арасында докторлар, инженерлер, ғалымдар, бизнесмендер, мемлекеттік қызметшілер бар, олардың әрқайсысы төл тәжірибесіне ие және онысымен бөлісуге әзір» деген Д.Жұмин қозғалыс мүшелерінің өз жұмыс орындарындағы, өз салаларындағы жағдайды назарға алатынын және баяндайтынын жеткізді: «Ненің дұрыс болатындығы, қалайша жақсартуға болатыны туралы ақыл қосады. Азаматтар ретінде біз дұрыс бағытта қозғалып келеміз жатқан-жатпағандығымызды өзіміз түсінуге тиіспіз».
Данат Жұминнің айтуынша, ай соңына дейін қозғалыстың төл веб-сайты пайда болуы мүмкін: «Ол болашақ жобаларымызды іске асыруға пайдаланалады».
Жолдауда ғылымды дамытуға үлкен мән берілген. Ал, Н.Назарбаевтың «табиғи азық-түлік өндірісімен қатар, қуаңшылыққа шыдайтын гендік-модификацияланған дақылдарды әзірлеуді» ұсынуы биылғы Жолдаудың басты бір сенсацияларының біріне айналғаны мәлім. Осы орайда қозғалыс өкілі, Білім және ғылым министрлігінің «Ұлттық биотехнология орталығының» ғылыми қызметкері Айша Искакова гендік-модификацияланған ағзалар (ГМА) туралы түсініктеме бере кетті.
–Ғылыми технологияларды жасау міндетін отандық ғылымды дамытусыз шешу мүмкін емес,–дейді генетик-ғалым,–Мысалы, гендік-модификацияланған азық-түліктерді жасау үшін гендік инженерия әдістерін ендіру керек. Президент атап өткеніндей, көптеген адамдар ГМА-ға теріс қарайды. Бірақ бұл көзқарас осы технологиялардың мәнін түсінбеуден туындайды.
Айша Искакованың сендіруінше, «бүгінде өсірілетін барлық дақылдарды ГМА-ға жатқызуға болады»! «Рас, бұлар – Табиғаттың өзі жасаған ГМА-лар. Мысалы, адам бидай егеді. Табиғаттың қолайсыз жағдайлары нәтижесінде, суық соғып, олар барлық астықты жойып жібереді. Бірақ бірнеше масақ аман қалды делік. Кейін дәл осы аман қалған масақтардағы тұқымдарды қайтадан отырғызу арқылы адам бидайдың жаңа сұрыбын алады. Бұл жаңа түр аязға анағұрлым шыдамды болып келеді. Яғни, гендік мутация жүрді, нәтижесінде біз жаңа сұрыпқа қол жеткіздік» деді ол.
Әрине, жаңа сұрып алудың мұндай тәсіліне көпшілік қарсы бола қоймасы сөзсіз. Әйткенмен, әлемде басқа да тәжірибелер жүргізіледі, мысалы, шошқаның гендері тез әрі бірнеше мәрте өнім беруі үшін өсімдіктерге ендірілетін көрінеді. Мұсылмандарды және иудейлерді тіксінтетіні де осылар болса керек. Бұл ретте Қазақстан Парламентінің бірқатар депутаттары тіпті «ГМА»-ға тиым салуды қарастыратын заң жобасын қабылдауға да талап қылғаны есте. Бұл мәселе қоғамда қызу талқылауға тамызық болатынға ұқсайды.
–Мен генетик-ғалым ретінде елімізде гендік-модификацияланған өнімдер саласын дамытуға байланысты мәселеде Мемлекет басшысын толық қолдаймын,–дейді министрліктің «Ұлттық биотехнология орталығының» ғылыми қызметкері,–Бұл туралы әртүрлі пікірлер бар. Адамдар гендік-модификацияланған өнімдерді тұтынудан қорқады. Бірақ оның да әртүрлі болатынын түсіну керек. Осыны түсіндіруіміз қажет.
Қалай болғанда, Президенттің ғылымды дамытуды «экономиканы модернизациялау үдерісінің негізі» ретінде белгілеуі Айша Искакованы қатты қуантқан екен. Оның байламынша, «ғылымды дамыту және ғылыми технологияларды жасау – Қазақстан экономикасының ары қарайғы дамуының діңгек-өзегі болып табылады» және бұл елімізге жаһандағы дамыған елдер «отыздығына» енуге мүмкіндік береді. «Осының арқасында ғалым кәсібінің беделі көтеріледі, отандық ғалымның деңгейі артады деп ойлаймын» деп қорытты ол.
Мәлімет көзі: aikyn.kz