Ғылыми жаңалықтар

Болашақта ғылымның экономикаға қызмет етуін қамтамасыз етуіміз қажет - Ә.Зейнуллин

20.01.2014

3682

Болашақта ғылымның экономикаға қызмет етуін қамтамасыз етуіміз қажет. «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі алға осындай мақсат қойып отыр. Бұл жөнінде BNews.kz тілшісіне берген сұхбатында холдинг президенті Әбдікәрім Зейнуллин мәлім етті.

«Биылғы Елбасының Жолдауы ғылыми қызметкерлер үшін ерекше болды. Дамыған отыз елдің қатарына қосылу үшін ғылымды, инновациялық технологияларды дамыту керек деген ой айтылды. Президент ғылымға негізделген экономиканы құру міндетін қойды», - дейді «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингтің жетекшісі.

Президент өз Жолдауында атап өткендей, экономиканың жоғары технологиялық жаңа салаларын құру ғылымды қаржыландыруды ішкі жалпы өнімнің 3 пайызынан кем емес деңгейге дейін арттыруды талап етеді. «Мемлекет басшысы қойған осы міндет бізді айырықша қуантты», - дейді Ә.Зейнуллин.

«Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингтің ғылыми-зерттеу институттары геология, металлургия, кен байыту салаларында жұмыс жасайды. Сондықтан біз осы Жолдауды тікелей тапсырма ретінде қабылдадық», - дейді ол.

Ә.Зейнуллин холдинг іске асырып жатқан бағдарламаларға да тоқталды.

«Сирек металдарды өңдеу технологиялары бойынша үлкен бағдарламаны іске асырудамыз. Сонымен қатар, 2017 жылы өтетін ЭКСПО көрмесіне дайындық ретінде үлкен ғылыми-технологиялық бағдарлама жасаудамыз. Оның ішінде жиырмаға жуық жаңа баламалы энергетикаға байланысты технологиялар әзірлеудеміз. Осы әзірлемелердің негізінде біз болашақта ғылымның экономикаға қызмет етуін қамтамасыз етуіміз қажет. Бұл бізге үлкен жауапкершілік жүктейді», - деп холдинг басшысы болашақтағы жоспарымен бөлісті.

«Холдинг мақсаттарының бірі – тәжірибелік-өндірістік кешендерді құрып, озық ғылыми жетістіктерді бизнеске жеткізу. Қазірде ғылыми жетістіктер бар, бірақ олардың экономикаға жұмыс істеуі әлі екіталай. Осы бағытта ауқымды жұмыстарды қолға алуымыз керек», - деп түйіндеді Ә.Зейнуллин.

Источник: bnews.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар