Ыстамбұлдың «Мармара» университетінде «ЭкоЕуразия» экономикалық қауымдастығының ұйымдастыруымен «Каспийден Қара теңізге дейін» деген атпен халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Кеңес барысында Каспий және Қара теңіз аймақтарының өзара әрекеттесуі жөніндегі маңызды мәселелер қарастырылды.
Түрлі елдерден келген ғалымдар экономика, мәдениет және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктері жөніндегі пікірлерімен бөлісті. Қатысушылар сонымен бірге, Қазақстанды аймақтық және саяси тұрақтылық қалыптасқан ел ретінде жоғары бағалады.
Конференцияны ашқан ҚР-дың Түркиядағы елшісі Ж.Түймебаев аймақтық интеграциялық әрекеттестіктегі екі ел ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтті.
«Иззет Байсал» университетінің профессоры Камер Қасым өз сөзінде Н.Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанның Түркиямен арадағы іскерлік байланыстардың тереңдеуіне және аймақтық интеграцияның дамуына қомақты үлес қосқанына ерекше тоқталды.
«ОРСАМ» стратегиялық зерттеулер орталығының жетекшісі Хасан Канболат Қазақстан мен Түркия арасындағы кездесудің жоғары деңгейде өткенін баса айтты. Сондай-ақ, Қазақстанның «G Global» және «ATOM» сияқты маңызды халықаралық үдерістердің бастамашысы екендігін жеткізді.
Конференция аясында Қазақстанның тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктерінен хабардар етер фотокөрме ұйымдастырылып, түрік тіліне аударылған қазастандық кітаптар таныстырылды. Оның ішінде ҚР Президенті Н.Назарбаевтың таңдаулы еңбектері бар.
Источник: inform.kz