Қазақстан ғылымы

Мемлекет басшысы ғылым және жоғары білім саласындағы III Стратегиялық серіктестердің форумына қатысты

20.11.2026

24

19 қарашада Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Стратегиялық серіктестердің III халықаралық форумының пленарлық отырысына қатысты. Қатысушылардың басты назарында Қазақстанды білім мен ғылымның өңірлік орталығына айналдыру, шетелдік университеттермен бірлескен ғылыми зерттеулерді кеңейту және экономиканың жоғары технологиялық салалары үшін білікті мамандар даярлау мәселелері болды.

Президенттің қатысуымен өткен пленарлық отырыс ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырған екі күндік форумның басты оқиғасына айналды. Форум 18-19 қараша күндері «Инновациялар, сапа және жаһандық серіктестік арқылы жоғары білім беруді жаңғырту» тақырыбында өтті. Оған қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарының, ғылыми және халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік органдардың, аккредиттеу агенттіктерінің, дипломатиялық корпус пен өнеркәсіп саласының 400-ден астам өкілі қатысты.

Өз сөзінде Мемлекет басшысы Форумның өзектілігіне  тоқталып, ғылыми қоғамдастық өкілдерін алдағы ауқымды өзгерістерге жан-жақты дайын болуға шақырды. Жаппай цифрландыру мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуы дәуірінде ғылым мен білімге әлемдік өркениеттің дамуында айрықша рөл жүктелетінін атап өтті.

«Ғылым – барша адамзатқа ортақ игілік. Біз елдеріміздің жарқын болашағы мен азаматтарымыздың сапалы тұрмысын қамтамасыз ету үшін әлем қауымдастығы болып ғылым-білімдегі әр жетістігімізді саналы түрде кәдеге жаратуымыз керек. Стратегиялық серіктестер форумының негізгі мақсат-міндеті де осы деп күмәнсіз айтуға болады. Жер жүзінің ең зияткер тұлғаларын ортақ мүддеге жұмылдырған бұл алқалы жиын еліміз үшін тарихи сәтте өтіп жатыр», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда білім алуға ниетті шетелдік студенттер санының артып келе жатқанын да атап өтті.

«Былтыр елімізде басқа мемлекеттерден келген 31 мың студент оқып жатқанын айтқан едім. Қазір олардың саны 41 мыңға жетті. Соның ішінде 8 мыңнан астам студент Қазақстанның қаржылай қолдауымен білім алып жатыр. Бұл – Тәуелсіздік жылдары ішіндегі ең жоғары көрсеткіш. 2029 жылға қарай 100 мың шетел студентін тарту ойымызда бар. «Қазақстанда білім ал!» деген ұлттық бастамамыз осы міндетті іске асыруда маңызды рөл атқарады деп сенемін. Біз кейінгі уақытта қол жеткізген бірқатар жетістігімізді мақтан тұтамыз. Мәселен, 18 университетіміз биылғы QS World University Rankings тізіміне енді. Сонымен қатар Қазақстанның 10 жоғары оқу орны 2027 жылғы Times Higher Education рейтингіне қосылды. 2026 жылғы Жаһандық инновация индексінде Қазақстан аймақ елдері арасында ең жоғары көрсеткішпен көш бастап, орнықты өсім көрсетіп келеді», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Форум барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанның халықаралық академиялық ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Бұл кезеңде қолданбалы ғылымды дамытуға және технологиялық егемендікті нығайтуға басымдық беріледі.

«Мемлекет басшысының стратегиялық көзқарасының арқасында Қазақстан өңірлік академиялық орталық қалыптастырудың алғашқы кезеңін аяқтады. Бүгінде біз технологиялық егемендікті нығайтуға, қолданбалы ғылыми зерттеулерді дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған жаңа кезеңге қадам басып отырмыз. Біздің міндетіміз – академиялық ұтқырлық пен университеттер арасындағы дәстүрлі серіктестік аясынан шығып, бірлескен ғылыми-технологиялық жобаларды жүзеге асыруға басымдық беру. Мұндай тәсілдің тиімділігін көрсететін жарқын мысалдардың бірі – Президенттің Алматыда БҰҰ Университетінің бөлімшесін ашу жөніндегі бастамасы. Небәрі 11 ай ішінде біз осы ұсыныстың көтерілуінен бастап тиісті келісімге қол қоюға дейінгі жолдан өттік», – деді министр.

Дереккөз: https://www.gov.kz/org/sci/press/news/details/1332885?lang=kk
Фото: Gov.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар