Әлемдегі ғылым

Қытай зерттеушілері Тынық мұхитынан металдар жинайтын суасты роботын сынақтан өткізді

19.11.2026

10

Қытай зерттеушілері Тынық мұхитының 5330 метр тереңдігінен пайдалы қазбаларды өндіруге арналған роботтандырылған жүйені ауқымды сынақтан өткізді. «Куньпэн» суасты аппараты мұхит түбінен құрамында марганец, никель, кобальт және мыс бар полиметалл конкрецияларын жинады. Бұл металдар аккумуляторлар, электрондық құрылғылар мен өнеркәсіптік жабдықтар өндіруде қолданылады. Аталған сынақ Қытай үшін геологиялық барлау жұмыстарына бөлінген халықаралық теңіз түбінің учаскесінде полиметалл конкрецияларын ауқымды көлемде жинау бойынша алғашқы тәжірибе болды.

Роботты Қытайдың мемлекеттік тау-кен өндіруші China Minmetals корпорациясының мамандары Чанша тау-кен ісі және металлургия ғылыми-зерттеу институты мен Харбин инженерлік университетінің қатысуымен әзірлеген. Сынақ жұмыстары Тынық мұхитының шығыс бөлігіндегі Гавай аралдары мен Мексика арасындағы Кларион – Клиппертон аймағында жүргізілді. Компания сынақтың сәтті аяқталғанын 2026 жылғы 5 қарашада растады.

Полиметалл конкрециялары – шамамен картоп көлеміндей болатын домалақ пішінді минералдық түзілімдер. Олар мұхит түбінде миллиондаған жыл бойы қалыптасқан, құрамында бірнеше бағалы металл болады. Құрлықтағы кен орындарынан айырмашылығы – мұндай минералдық түзілімдер көбіне мұхит түбіндегі шөгінділердің бетінде жатады.

«Куньпэн» аппараты шынжыр табанды жүріс бөлігімен және мұхит түбіндегі жұмсақ шөгінділер жағдайында жұмыс істеуге арналған конкреция жинау механизмімен жабдықталған. Роботты құрастыру кезінде оның ауыр салмаққа қарамастан тұрақтылығын қамтамасыз етуге және теңіз түбіндегі шөгінділерге түсетін әсерді азайтуға ерекше назар аударылған. Аппарат жоғары қысым мен төмен температура жағдайында үлкен тереңдікте жұмыс істей алатынын көрсетті.

Харбин инженерлік университетінің мамандары роботтың орнын бір метрден аз дәлдікпен анықтайтын акустикалық навигация жүйесін әзірлеген. Сонымен қатар жабдықтың жай-күйі мен қоршаған ортаны бақылап, теңіз экожүйесіне ықтимал әсерін бағалауға қажетті деректерді жинайтын қосымша инспекциялық робот пайдаланылды.

Экспедиция барысында ұзындығы 13 шақырым болатын жеңіл талшықты-оптикалық кабельмен жабдықталған Haiwei GD11000 тереңсулы шығыр жүйесі де қолданылды. Оның көмегімен қашықтан басқарылатын суасты аппараттары алты рет суға түсіріліп, қайта көтерілді. Бір рет су астында болу ұзақтығы 48 сағатқа дейін, ал аппараттардың жалпы жұмыс уақыты 197 сағатқа дейін жетті. 

Сынақтар China Minmetals компаниясына тиесілі, ауданы 72 745 шаршы шақырым болатын келісімшарттық учаскеде өтті. Компания 2017 жылғы мамырда Халықаралық теңіз түбі жөніндегі органнан полиметалл конкрецияларын барлауға 15 жылдық келісімшарт алған. Алайда бұл құжат тек геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді және өнеркәсіптік көлемде кен өндіруге рұқсат бермейді.

Тереңсулы кен орындарын игеру мәселесі экологтарды алаңдатып отыр. Конкрецияларды жинау мұхит түбіндегі тіршілік ету ортасының бір бөлігін бұзады. Ал техника жұмысы кезінде көтерілген шөгінділер су ағынымен таралып, жұмыс жүргізілетін аумақтан тыс жерлерге де жетуі мүмкін. Бұған дейінгі сынақтарды зерттеу нәтижелері тереңсулы организмдер қауымдастықтарында өзгерістер бар екенін көрсетті. Сондықтан мұндай ауқымды жұмыстардың салдарын жан-жақты бағалау қажет.

Дереккөз: https://new-science.ru/kitaj-ispytal-podvodnogo-robota-dlja-dobychi-metallov-na-glubine-5330-metrov-v-tihom-okeane/
Фото: Scmp.com


«« | »»
Соңғы жаңалықтар