Әлемдегі ғылым

«Эвклид» ғарыш телескопы миллиардтан астам нысанды анықтады

17.11.2026

4

Еуропа ғарыш агенттігі (ESA) «Эвклид» миссиясы аясында жиналған алғашқы ауқымды деректер жинағын жариялады. 2023 жылы ұшырылған телескоп осы уақытқа дейін 900 миллион галактиканы және квазар болуы мүмкін 60 миллионнан астам нысанды анықтаған.

2024 жылғы 14 ақпанда L2 Лагранж нүктесінің маңында орналасқан «Эвклид» обсерваториясы ғылыми зерттеу кезеңіне кіріскен еді. ESA жариялаған DR1-Foundation каталогы шамамен 13 айлық бақылау нәтижелерін қамтиды. Алғаш рет әлемнің түкпір-түкпіріндегі ғалымдар ғарыштың егжей-тегжейлі үш өлшемді картасын жасауға қажетті деректердің алғашқы бөліктеріне қол жеткізді. Бұл карта «қараңғы ғалам» деп аталатын құбылыстың, соның ішінде қараңғы энергия мен қараңғы материяның құпияларын ашуға көмектеседі.

«Бұл жай ғана әдемі суреттерден әлдеқайда маңызды. 2026 жылғы 12 қараша – Ғаламды зерттеу тарихындағы маңызды ғылыми белес. «Эвклид» миссиясы ұсынған бұл ауқымды деректер жинағы – ғарыштан жүргізілген осындай зерттеулердің ішіндегі ең ірісі. Жоба болашақ ғылыми жаңалықтардың негізін қалайды, астрономияның жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады және Еуропаның технология, ғылым салаларындағы озық жетістіктері мен халықаралық ынтымақтастығының жоғары деңгейін көрсетеді», – деді ESA-ның ғылыми мәселелер жөніндегі директоры, профессор Кэрол Манделл.

Жарияланған деректер жинағында «Эвклид» телескопы аспан кеңістігін қаншалықты ауқымды зерттей алатыны көрсетілген. Жер атмосферасынан тыс орналасқан «Эвклид» телескопы аспанға жерүсті телескоптары орындай алмайтын терең әрі ауқымды шолу жасай алады. Өйткені Жер атмосферасы ғарыш нысандарының кескінін бұлыңғырлатып, одан келетін жарықтың қарқындылығын төмендетеді. Соның нәтижесінде жаңа деректер жинағына бұрынғы кез келген зерттеуге қарағанда әлдеқайда көп ғарыш нысаны енген. Бұл сирек кездесетін және алыс орналасқан нысандарды анықтау мүмкіндігін кеңейтеді.

Аспанның ауқымды мозаикалық кескіндері, сондай-ақ көрінетін және жақын инфрақызыл диапазондардағы бақылаулар Ғаламды зерттеуге жаңа мүмкіндіктер ашады. DR1-Foundation каталогында бұрын-соңды болмаған көлемдегі ғарыш нысандары қамтылған. Олардың ішінде:

  • 900 миллионнан астам галактика;
  • күшті гравитациялық линзалау құбылысы байқалуы мүмкін шамамен 15 000 жүйе;
  • алыстағы галактикалардың аса жарық ядролары – квазарлар болуы мүмкін 60 миллионнан астам нысан;
  • 160 миллионнан астам ғарыш нысанының спектрлік деректері бар.

«Эвклид» телескопы іздеген күшті гравитациялық линзалар – Ғаламда өте сирек кездесетін құбылыс. Олар алыс галактикалардан Жерге қарай таралған жарықтың жолы алдыңғы шепте орналасқан басқа бір галактиканың әсерінен едәуір бұрмаланған кезде пайда болады. ESA жариялаған жаңа деректер жинағында күшті гравитациялық линзалардың тарихтағы ең ауқымды каталогы ұсынылған. Ондағы нысандар саны осыған дейін жасалған барлық каталогтардағы нысандардың жалпы санынан да көп.

«Күшті гравитациялық линзалау қараңғы Ғаламды зерттеуге бірегей мүмкіндік береді. Оның көмегімен жекелеген галактикалардың, соның ішінде көзге көрінбейтін қараңғы материясының массасын анықтауға және Ғаламның кеңею үдерісін зерттеуге болады. Осыдан 10 жылдан астам уақыт бұрын біз «Эвклид» телескопы күшті гравитациялық линзаларды анықтау саласында үлкен өзгеріс әкелетінін болжаған едік. Міне, сол күн де келіп жетті», – дейді Ұлыбританиядағы Портсмут университетінің ғалымы Натали Лайнс.

Аспанның үлкен аумақтарын бақылай отырып, «Эвклид» телескопы бұрын зерттеуге мүмкіндік болмаған, Ғаламның ерте кезеңінде қалыптасқан галактикалар шоғырларын анықтай алады. Оларды зерттеу арқылы ғалымдар осындай алып құрылымдардың қалай қалыптасып, өскенін және олардың қараңғы Ғалам туралы қандай мәлімет бере алатынын анықтайды. Галактикалардан келетін жарықтың спектрін талдау арқылы «Эвклид» телескопы олардың Жерден қаншалықты қашық орналасқанын және Ғаламның үш өлшемді құрылымындағы орнын анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ең жарық нысандардың шығу тегі мен құрамын зерттеуге қажет мәліметтер де алынады.

Жарияланған деректер әзірге зерттеу жоспарланған аспан аумағының тек 14%-ын қамтиды. Деректердің алғашқы толық жинағын (DR1) 2027 жылдың ортасында жариялау жоспарланып отыр. Оған әлсіз гравитациялық линзалау құбылысын бақылау, сондай-ақ галактикалар мен олардың шоғырларының Ғалам кеңістігінде таралуын зерттеу нәтижелері енгізіледі.

DR1-Foundation деректер жинағына өңделмеген мәліметтер, калибрленген кескіндер, каталогтар мен аспанның үлкен аумағынан алынған спектрлік деректер кіреді. Зерттелген нысандар санының көптігі сирек кездесетін ғарыш объектілерін де анықтауға мүмкіндік береді. Бұл деректер Ғаламның ауқымды құрылымының бұрын-соңды болмаған дәлдікпен үш өлшемді картасын жасауға пайдаланылады.

Дереккөз: https://www.ixbt.com/live/science/kosmicheskiy-teleskop-evklid-obnaruzhil-bolee-milliarda-obektov-sozdaetsya-samaya-tochnaya-3d-karta-vselennoy.html
Фото: Esa.int

«« | »»
Соңғы жаңалықтар