«Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ мамандары плацента мен кіндік бауының дің жасушаларының негізінде биомедициналық жасушалық өнім әзірлеп жатыр. Сонымен қатар онкологиялық ауруларды молекулалық-генетикалық диагностикалау әдістерін енгізу жұмыстарын жүргізуде.
Жасушалық өнімді әзірлеу бойынша зерттеулер 2025-2027 жылдарға арналған ғылыми бағдарламаның шеңберінде жүзеге асырылып жатыр. Ғалымдар дің жасушаларының қабыну процестерін реттеу және тіндерді зақымданудан қорғау қабілетін зерттеп, препараттың биологиялық қасиеттерін ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік беретін лиофилизация технологиясын әзірлеуде. Болашақта бұл өнімді қант диабетін, инсультті, жүрек жеткіліксіздігін, аутоиммундық ауруларды, бедеулікті және жұлынның зақымдануын емдеу кезінде қолдану жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Орталықта ДНҚ-микрочиптер (шамамен 1000 генді талдайтын) және жаңа буын секвенирлеу (NGS) технологияларының негізінде молекулалық-генетикалық диагностика дамытылуда. Бұл технологиялар онкологиялық аурулар кезіндегі генетикалық өзгерістерді анықтауға және емдеу тәсілдерін әр пациентке жеке бейімдеуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, ҰҒМО мамандары аутоиммундық аурулардың генетикалық және иммунологиялық ерекшеліктерін зерттеп, семіздік пен Крон ауруын емдеуге арналған жаңа препараттардың халықаралық клиникалық зерттеулеріне қатысып жатыр. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың басты мақсаты – ғылыми әзірлемелерді клиникалық практикаға енгізу үдерісін жеделдету.
Дереккөз: https://www.gov.kz/org/dsm/press/news/details/1330405?lang=kk
Фото: Istock