Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ғалымдары Қазақстанның медициналық мекемелеріндегі төсек-орын жабдықтары сияқты тоқыма бұйымдарына арналған инновациялық бактерицидті наножабындарды әзірлеп жатыр. Жоба тоқыма бұйымдарын бактериялардан қорғаудың қолданыстағы әдістерінің тиімділігіне қатысты мәселені шешуге арналған. Себебі ол әдістер, әсіресе, бірнеше рет жуғаннан кейін әрдайым ұзақ мерзімді қорғанысты қамтамасыз ете бермейді. Сонымен қатар, жабынды қолданудың кейбір технологиялары матаның ауа өткізгіштігі мен жайлылығы сияқты қасиеттерін нашарлатуы мүмкін.
Қойылған мақсатқа жету үшін жоба материалтану, нанотехнологиялар, тоқыма инженериясы, микробиология және автоматика саласындағы мамандардың білімдерін біріктіретін пәнаралық тәсілді пайдаланады. Жоба аясында әдебиетке кең шолу жасауды, патенттік іздеуді және қолданыстағы шешімдерді салыстырмалы талдауды қамтитын озық технологияларды талдау және бейімдеу жүргізіледі. Бұл даму мүмкіндігі ең жоғары наноматериалдар мен жабындарды анықтауға мүмкіндік береді.
Алынған мәліметтер негізінде магнетронды бүрку сияқты әдістерді қолдана отырып жасалған наножабындары бар тоқыманың зертханалық үлгілері дайындалмақ. Содан кейін максималды тиімділікке қол жеткізу үшін жабынды қолдану параметрлерін сынау және оңтайландыру жүргізіледі. Әртүрлі параметрлер соңғы өнімнің қасиеттеріне қалай әсерт ететінін көп факторлы талдауға ерекше көңіл бөлінеді.
Жоба нәтижесінде беріктігі, қауіпсіздігі және ұзақ мерзімді белсенділігі тұрғысынан оңтайландырылған жоғары тиімді бактерицидті жаңа наножабындар жасалады деп күтіліп отыр. Бұл зиянды микроорганизмдердің өсуін айтарлықтай төмендететін керемет бактерицидтік қасиеттері бар тоқыманы жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, әртүрлі тоқыма түрлеріне наножабындарды қолдану бойынша ұсыныстар әзірленеді және нақты жағдайларда сынау үшін бактерицидтік тоқыманың прототипі жасалады.
Ғылыми жоба: AP25794661 «Медицинада қолданылатын мата материалдарына бактерицидті қасиеті бар наножабындарды әзірлеу»
Жетекшісі: Маратұлы Бауыржан, «Машина жасау» мамандығының магистрі
Дереккөз: https://www.ektu.kz/research/progectsmon/projects/ap25794661.aspx?lang=kz
Фото: Jlrcommerciallaundry.co.uk