Кембридж университетінің ғалымдары жасанды интеллект көмегімен құс тұмауының бірнеше штамына қарсы әсер ететін жаңа вакцина әзірледі. Бұл вакцина, тіпті, әлі пайда болмаған вирус нұсқаларынан да қорғай алады. Cell Reports Medicine журналында жарияланған зерттеу нәтижелері жаңа вакцинаның қазіргі кезде ықтимал пандемия жағдайына арнап қорда сақталып жатқан, тек бір штамға бағытталған стандартты вакцина үлгілеріне қарағанда кеңірек қорғаныс қалыптастырып, тірі қалу көрсеткішін арттыратынын көрсетті.
Зерттеу барысында ғалымдар әлемнің әртүрлі елдеріндегі мониторинг бағдарламалары арқылы тіркелген құс тұмауы вирустарының генетикалық тізбектері туралы деректерді жинады. Олардың қатарында жабайы жануарлардан, ауыл шаруашылығы жануарларынан және құс тұмауын жұқтырған адамдардан алынған үлгілер бар. Зерттеушілер есептеу және эволюциялық алгоритмдерді пайдаланып, жасанды интеллект көмегімен оңтайландырылған бес синтетикалық антиген әзірледі. Олар құс тұмауы вирустарының әлем бойынша генетикалық әртүрлілігін қамтып, вирустың иммундық қорғаныстан жалтаруына кедергі жасауға бағытталған.
Вакцинаның белсенді компоненті – антиген ағзаның иммундық жүйесін іске қосып, қорғаныс реакциясын қалыптастырады. Осылайша, иммундық жүйе құрамында дәл осы антиген бар қоздырғыштар тудыратын болашақ инфекцияларға қарсы тұруға үйренеді.
«Жасанды интеллектіні пайдалану вакцинаны әзірлеу үдерісін едәуір жылдамдатады. Одан кейін біз вакцина үлгілерін зертханада сынақтан өткізіп, олардың сенімділігі мен қауіпсіздігіне көз жеткізе аламыз», – деді зерттеу жұмысының жетекшісі, Кембридж университетінің Вирустық зооноздар зертханасының өкілі Джонатан Хини.
Жаңа зерттеу аясында вакцина тышқандар мен күзендерді құс тұмауын тудыратын, генетикалық тұрғыдан ерекшеленетін бірнеше вирус нұсқасынан толық қорғады. Бұл вирустардың барлығы бұған дейін адамдар арасында инфекция туғызып, ықтимал пандемиялық қауіп ретінде қарастырылған. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының құс тұмауына қарсы қолданыстағы вакцина үлгісі егілген жануарлардың тек жартысы ғана дәл осы вирустардың әсерінен аман қалған.
Келесі кезеңде жаңа вакцинаны адамдарға жүргізілетін клиникалық зерттеулерде сынау жоспарланып отыр. Бұл оның індет таралған жағдайда қолжетімді болуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар ғалымдар әзірленген платформаны маусымдық тұмауға қарсы вакциналар мен жылдам эволюцияланатын басқа да РНҚ вирустарына қарсы препараттарды жасауға қолдануды көздеп отыр.
Дереккөз: https://ru.euronews.com/2026/11/06/scientists-develop-the-first-ever-broad-spectrum-bird-flu-vaccine-using-ai?utm_source=in_materials
Фото: Adobe Stock