Әлемдегі ғылым

Cальмонелланы жедел анықтау жүйесінің зертханалық прототипі жасалды

11.11.2026

23

Қазақстанда алғаш рет CRISPR/Cas технологиясына негізделген сальмонелланы анықтау жүйесінің зертханалық прототипі әзірленді. Жобаны Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығына қарасты Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің ғалымдары «Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздік деңгейін арттыру» ғылыми-техникалық бағдарламасы аясында жүзеге асырып жатыр.

Сальмонелла – сальмонеллез сырқатының қоздырғышы. Дене қызуының көтерілуі, іш өту, іштің ауыруы, жүрек айну және құсу — бұл ішек инфекциясының негізгі белгілері. Ауру көбінесе ластанған азық-түлік өнімдерін тұтыну арқылы жұғады. Сондықтан сальмонелланы анықтау азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігін зертханалық бақылауда маңызды рөл атқарады.

CRISPR/Cas технологиясы бактериялардың бөгде генетикалық материалдан қорғану табиғи жүйесіне негізделген. Осы механизм негізінде геномды редакциялау әдісі әзірленіп, бұл жаңалық үшін 2020 жылы Нобель сыйлығы берілді. Соңғы жылдары CRISPR технологиялары молекулалық диагностика құралы ретінде де белсенді дамып келеді.

Жоба аясында ғалымдар сальмонелла ДНҚ-сындағы арнайы генетикалық нысаналарды анықтап, CRISPR технологиясын қолдану арқылы бактерияны жедел анықтаудың зертханалық хаттамасын әзірледі. Бұл тәсіл талдау жүргізу уақытын қысқартуға және күрделі әрі қымбат жабдықтарға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде қолжетімді диагностикалық жүйелерді әзірлеуге негіз қаланады.

Келесі кезеңде әдісті әртүрлі азық-түлік матрицаларында валидациялау жоспарланып отыр. Бұл оның азық-түлік өнімдерін тікелей зерттеу кезінде қолданылуын бағалауға мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта әзірлемені азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігін зертханалық бақылау барысында қолдануға болады. Бұл азық-түлік өнімдерін тексеру кезінде сальмонелланы анықтау мүмкіндіктерін кеңейтіп, қазақстандықтардың денсаулығын тағам арқылы таралатын инфекциялардан қорғауға ықпал етеді.

Дереккөз: https://nasec.kz/kk/#/media
Фото: Nasec.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар