Жапон ғалымдары қатерлі ісік жасушалары табиғи түрде өндіретін көміртек тотығын пайдаланып, дәрілік заттарды тікелей сол жасушалардың ішінде өндіруге мүмкіндік беретін жаңа әдіс әзірледі. Зертханалық алғашқы тәжірибелер бұл тәсіл сау жасушаларға зиян келтірмей, қатерлі ісік жасушаларына таңдамалы түрде шабуыл жасай алатынын көрсетті. Зерттеуді Жапониядағы RIKEN ғылыми-зерттеу институтының (PRI) ғалымы Кацунори Танака бастаған топ жүргізген. Нәтижелері Nature Communications ғылыми журналында жарияланды.
Жаңа әдіс бойынша арнайы химиялық қосылыс қатерлі ісік жасушаларының ішінде болатын көміртек тотығымен әрекеттесіп, ісікке қарсы улы зат түзеді. Осылайша дәріні ағзаға дайын күйінде енгізудің орнына, оны тікелей ісік жасушасының ішінде өндіруге болады.
Тәжірибе барысында ғалымдар альбумин ақуызының көмегімен палладацикл деп аталатын металл катализаторын қорғап, жасушаларға жеткізген. Аталған ақуыз катализатордың жасушадағы басқа заттардың әсерінен белсенділігін жоғалтуына жол бермейді. Зерттеушілер жүйені адам бауыры, жатыр мойны, сүт безі және өкпе қатерлі ісігінің зертханалық жасушаларында сынаған. 48 сағаттан кейін қатерлі ісік жасушаларында фенантридинон деп аталатын қосылыс түзілгені анықталған. Ал сау жасушаларда мұндай реакция байқалмаған.
Кейін ғалымдар жүйені жетілдіріп, қатерлі ісікке қарсы препараттың улы туындысын жасушаның ішінде өндіруге қол жеткізген. Нәтижесінде бауыр қатерлі ісігінің зертханалық жасушаларында препарат түзіліп, олардың зақымдануына әкелген.
Тағы бір маңызды нәтиже – препараттың қан құрамында түзілмеуі. Ғалымдардың пайымдауынша, қандағы көміртек тотығының басым бөлігі гемоглобинмен байланысқандықтан, химиялық реакцияға қатыса алмайды. Бұл дәрінің ісік жасушаларына жеткенге дейін қан ішінде түзілу қаупін азайтуы мүмкін.
Зерттеу әзірге зертханалық жасушаларда ғана жүргізілген. Енді ғалымдар әдісті жануарларға жүргізілетін тәжірибелерде сынауды жоспарлап отыр. Егер кейінгі зерттеулер нәтижелі болса, бұл технология қатерлі ісікке қарсы дәрілерді ауру ошағының өзінде өндіруге мүмкіндік беріп, сау жасушыларға келетін зиянды азайтатын жаңа емдеу тәсілінің негізіне айналуы ықтимал.
Дереккөз: https://www.sciencedaily.com/releases/2026/11/261101010552.htm
Фото: Istock