Әлемдегі ғылым

Түсті металдардың тотыққан кендерін өңдеудің тиімді кешенді технологиясын әзірлеу

04.11.2026

15

Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ғалымдары түсті металдардың тотыққан кендерін өңдеудің тиімді кешенді технологиясын әзірлеу және физика-химиялық негіздеу жобасын жүзеге асырып жатыр. 

Жеңіл байытылатын сульфидті кендер қорларының сарқылуы және байытылуы қиын тотыққан және аралас шикізат үлесінің өсуі жағдайында кендердегі металдар құрамының төмендеуі және байыту өндірістері көрсеткіштерінің нашарлауы байқалады. Тотыққан кендерді өңдеудегі дәстүрлі пирометаллургиялық әдістер тиімсіз және экологиялық қауіпті, бұл жаңа гидрометаллургиялық технологияларды әзірлеуді қажет етеді. Түсті металдардың тотыққан кендерін ерітінділеудің термодинамикасы мен кинетикасын зерттеу, сондай-ақ оларды қайта өңдеу процестерін оңтайландыру – үнемді және экологиялық қауіпсіз өндірісті құру үшін маңызды міндеттер. 

Жобада рентгенқұрылымдық, иммерсиялық, термогравиметриялық, растрлық электронды микроскопия, спектрлік, химиялық, елеуіш және басқаларын талдаудың заманауи әдістерін пайдалана отырып, қорғасын-мырыш тотыққан кенінің минералогиялық, химиялық және гранулометриялық құрамдарын айқындау мақсатында физика-химиялық зерттеулер жүргізу көзделеді. Сондай-ақ реакциялардың параметрлерін анықтау және технологиялық режимдерді оңтайландыру мақсатында қорғасын мен мырыштың негізгі минералдарына термодинамикалық зерттеулер, күкірт қышқылын шаймалау процесіне кинетикалық зерттеулер жүргізу жоспарлануда. Алынған деректерді өңдеу заманауи бағдарламалық құралдардың көмегімен жүзеге асырылады.

Зерттеу барысында жоба тақырыбы бойынша әдебиеттер мен патенттерге жан-жақты талдау жүргізілді. Сондай-ақ бар зерттеулер мен әзірлемелерге егжей-тегжейлі шолу жасалды. Алынған мәліметтер негізінде одан әрі эксперименттік жұмыстар үшін теориялық база құрылды. Зертханалық зерттеулер жүргізу үшін нәтижелердің қайталануы мен дұрыстығын қамтамасыз ететін қажетті материалдар мен реагенттер дайындалды. Сонымен қатар, эксперименттер жүргізудің дәйектілігі мен әдістерін қамтитын жобаның жұмыс жоспары нақтыланды, бұл зерттеудің мақсаттары мен міндеттерін тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Ғылыми жоба: AP25797107 «Түсті металдардың тотыққан кендерін өңдеудің тиімді кешенді технологиясын әзірлеу»
Жетекшісі: Шәймардан Нұржан, PhD докторы

Дереккөз: https://www.ektu.kz/research/progectsmon/projects/ap25797107.aspx
Фото: Ektu.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар