С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің ғалымдары ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі мен тұрақтылығын арттыру үшін қоректік заттардың шығарылуы бақыланатын полимерлі модификацияланған минералды тыңайтқыштарды әзірлеп жатыр.
Полимерлі модификацияланған минералды тыңайтқыштарды (ПММТ) қолдану бидайдың, жаздық жүгерінің, күріштің және қызанақтың биометриялық көрсеткіштеріне және өнімділігіне оң әсер ететіні белгілі. ПММТ маңызды қоректік заттардың тұрақты қорын қамтамасыз етеді, өсімдіктердің өсуі мен дамуын ынталандырады, бұл дақылдың көлемін ұлғайтуға және оның сапасын жақсартуға көмектеседі.
Зерттеу барысында ПММТ алу әдістемелерін әзірлеу және эксперименттік негіздеу жөніндегі жұмыстарды орындау шеңберінде қолжетімді жабдықтар мен реактивтерді пайдалана отырып, зертханалық жұмыстар кешені жүргізілді. Зерттеулер биополимерлермен модификацияланған дәстүрлі минералды тыңайтқыштардың (мочевина, аммофос, суперфосфат) қасиеттерін зерттеуді қамтыды: крахмал, карбоксиметилцеллюлоза (КМЦ), поливинил спирті (ПВС), натрий альгинаты.
Алынған нәтижелер минералды тыңайтқыштарды биополимерлермен модификациялау олардың механикалық және термиялық тұрақтылығын арттыратынын, экологиялық сипаттамаларын жақсартатынын және қоректік заттардың бақыланатын түрде босап шығуына ықпал ететінін растайды.
Ғылыми жоба: ЖТН AP27509977 «Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі мен тұрақтылығын арттыру үшін қоректік заттардың шығарылуы бақыланатын полимерлі модификацияланған минералды тыңайтқыштарды әзірлеу және қолдану»
Жетекшісі: Макенова Меруерт Мейрамовна, философия докторы (PhD)
Дереккөз: https://kazatu.edu.kz/kz/pages/nauka/naucnye-proekty-i-programmy
Фото: Adobe Stock