Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары Қазақ Алтайындағы Марқакөл қазаншұңқырының археологиялық ескерткіштері мен мәдени мұрасын кешенді әрі пәнаралық тұрғыда зерттеу бойынша ғылыми жоба жүзеге асыруда. Зерттеу қола дәуірінен бастап ортағасырларға дейінгі кезеңдерді қамтып, өңірдің ежелгі тұрғындарының мәдениеті, шаруашылық дәстүрлері және тарихи даму ерекшеліктері туралы жаңа ғылыми деректер алуға бағытталған.
Марқакөл қазаншұңқыры Қазақ Алтайының биік таулы аймағында орналасқан бірегей тарихи-мәдени өңірлердің бірі саналады. Қатал климаттық жағдайлар мен табиғи ортаның ерекшеліктері бұл аумақта көптеген археологиялық нысандар мен материалдардың жақсы сақталуына мүмкіндік беруі мүмкін.
Жобаның басты мақсаты – Марқакөл қазаншұңқырындағы ежелгі және ортағасырлық археологиялық ескерткіштерді іздеу, есепке алу, құжаттау және кешенді зерттеу арқылы осы өңірді мекендеген халықтардың мәдени байланыстарын, шаруашылық-мәдени дәстүрлерінің қалыптасуы мен даму ерекшеліктерін ғылыми тұрғыдан анықтау.
Зерттеу барысында Марқакөл өңіріндегі археологиялық ескерткіштер көршілес Алтай аймақтарындағы Ресей, Қытай және Моңғолия аумақтарынан белгілі тарихи-мәдени кешендермен салыстырылып зерттеледі. Бұл ежелгі тайпалар мен халықтардың өзара мәдени байланыстарын, тарихи сабақтастығын және Еуразия кеңістігіндегі ортақ үдерістерді тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Ғалымдар қола дәуірі, ерте темір дәуірі, көне түркі және ортағасырлық кезеңдерге жататын археологиялық нысандарды анықтауға ерекше назар аударады. Жоба аясында археологиялық барлау, далалық зерттеулер және қазба жұмыстары жүргізіліп, жаңадан табылған ескерткіштер ғылыми құжаттамаға енгізіледі.
Зерттеудің маңызды бағыттарының бірі – өңірдегі археологиялық нысандардың орналасуын картаға түсіру және олардың толық деректер қорын қалыптастыру. Әрбір анықталған ескерткіштің географиялық орналасуы, топографиялық ерекшеліктері мен тарихи сипаттамасы жүйеленеді.
Марқакөл қазаншұңқырындағы археологиялық ескерткіштерді зерттеуде заманауи технологиялар кеңінен қолданылады. Ғалымдар аэрофототүсірілім жүргізу үшін дрондарды, лазерлік сканерлеу және LiDAR технологияларын пайдаланып, жер бедері мен өсімдік жамылғысының астында жасырынған археологиялық нысандарды анықтауды жоспарлап отыр. Заманауи қашықтықтан зерттеу әдістері үлкен аумақтарды тиімді зерттеуге және археологиялық ескерткіштердің кеңістіктік орналасу ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік береді. Алынған деректер географиялық ақпараттық жүйелердің көмегімен жүйеленіп, өңірдің археологиялық картасын жасауға негіз болады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Қазақ-Француз ZooSTAn «Орталық Азияны зерттейтін археозоологиялық» орталығының зертханалық мүмкіндіктері де қолданылады. Зерттеушілер жануарлардың сүйек қалдықтарын анықтап, ежелгі тұрғындардың шаруашылық қызметі, мал шаруашылығы және қоршаған табиғи орта туралы мәліметтер алуды жоспарлап отыр.
Зерттеу нәтижелері Қазақстан аумағын ежелгі кезеңдерде мекендеген халықтардың мәдени тарихын, шаруашылық дәстүрлерін және тарихи сабақтастығын тереңірек түсінуге, сондай-ақ ұлттық мәдени мұраны сақтаудың жаңа ғылыми негіздерін қалыптастыруға ықпал етеді.
Дереккөз: https://farabi.university/news/106530?lang=kz
Фото: Visiteast.kz