Қазақстан ғылымы

Марғұлан университетінің ғалымдары көне бас киімнің құпиясын зерттеп жатыр

16.10.2026

5

Марғұлан университетінің Археологиялық зерттеулер институтының ғалымдары 1959 жылы табылған және қазір Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұрған бірегей күміс бас киімге технологиялық зерттеу жүргізіп жатыр. Мамандар рентгендік-флуоресценттік талдау әдісін қолдана отырып, металдың құрамын анықтауды, сондай-ақ бұйымның жасалу ерекшеліктері мен ықтимал шығу тегі туралы жаңа ғылыми деректер алуды көздейді.

Алдын ала жүргізілген талдау нәтижелері бас киім құрамындағы күмістің үлесі шамамен 97 пайыз екенін көрсетті. Бұл көрсеткіш сол кезеңдегі металды өңдеу және тазарту технологияларының ерекшеліктерін зерттеуге мүмкіндік береді. Зерттеудің келесі кезеңінде ғалымдар бұйымның жасалу тәсілдерін зерделеп, оның жұқа әрі нәзік құрылымын қалыптастыруда қандай технологиялар қолданылғанын анықтауға күш салады.

Жәдігердің бүгінгі күнге дейін сақталуы да ерекше ғылыми қызығушылық тудырады. Еуразияның табиғи-климаттық жағдайында күмістен жасалған бұйымдар уақыт өте келе бүлінуі мүмкін. Ал зерттеліп отырған бас киімнің кейбір бөліктерінің қалыңдығы небәрі бірнеше миллиметрді құрайды. Зерттеушілердің бағалауынша, жәдігер өзінің нәзік орындалуымен ғана емес, Қазақстан мен оған іргелес өңірлерден осы кезеңге жататын ұқсас бұйымдардың әзірге табылмауымен де құнды.

Музей мен Марғұлан университеті арасындағы ғылыми ынтымақтастық жәдігерді жан-жақты зерттеуге жол ашып отыр. Металл құрамын анықтаумен қатар ғалымдар бұйымның ықтимал шығу тегін зерттеуді жоспарлап отыр. Талдау нәтижелері мүмкіндік берген жағдайда бас киімді жасауға пайдаланылған күмістің шикізат көзі мен кен орнын анықтау мәселесі де қарастырылады.

Дереккөз: https://www.gov.kz/org/sci/press/news/details/1310225?lang=kk
Фото: Gov.kz

«« | »»
Соңғы жаңалықтар